Алматы-Көкшетау. «Airbus A320» ұшағы қатынайды

Өткен бейсенбі күні FlyArystan әуе компаниясының Алматы – Көкшетау – Алматы бағыттарындағы алғашқы сапары орындалды. Алматы қаласынан Көкшетау қаласының әуежайына сәтті қонған ұшақты облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов пен Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов қарсы алды.

Аталмыш әуе компаниясының жер үсті қызметі жөніндегі директоры Данияр Өскенбаев пен облыс басшысының орынбасары Қанат Ыдырысов оңтүстік астанадан ұшып келген қала қонақтарын қуана қарсы алып, салтанатты түрде лента қию рәсімін жасады.
Аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшырылатын 180 орындық Airbus A320 ұшағы енді тұрақты түрде қатынайтын болады. Билеттердің ең төменгі бағасы 8990 теңгеден басталады. Орындарды алдын ала flyarystan.com сайты арқылы брондаған ыңғайлы.
–Бұл жаңа рейс Алматыдағы әуе паркіне бекітілген бесінші ұшақтың негізінде іске қосылып отыр. Сәуір айында флотқа тағы да алтыншы борт қосылып, ол Қарағанды қаласына ұшырылатын болады. Көкшетау қарқынды дамып келе жатқан лоукестердің тізіміндегі он екінші қала. Облыс орталығына ұшып келетін жаңа рейс қаланың өзіне ғана емес, сонымен бірге, туристерге де ауасы дертке дауа, табиғатымен көз тартатын, кербез Көкшенің інжу-маржаны Бурабай курорттық аймағына жетудің ең тиімді және оңай жолын ұсынып отыр. Көкшетаудың айналасында демалыс аймақтары өте көп, – деді әуе компаниясының жер үсті қызметі жөніндегі директоры Данияр Өскенбаев.
– Мен өзім алматылықпын. Бірақ, Көкшетау қаласында жақын туыстарым тұрғандықтан жиі келеміз. Бұрын 20-25 мың теңгеге алатын билеттерімізді қазір ертерек брондап, небары 9 мың теңгенің шамасында қол жеткізуге болады. Бұл рейс қарапайым халық үшін тиімді,– дейді Алматы қаласының тұрғыны Назира Қайратқызы.
FlyArystan бюджеттік әуе компаниясына тоқталар болсақ, ол Алматы қаласында негізделген, қызмет көрсету сапасы бойынша 4 жұлдызға ие, Орталық Азия мен Үндістандағы ең үздік компания – «Эйр Астана» әуе тасымалдаушысының бөлімшесі. Ағымдағы жылы парктегі әуе кемелер саны 15-ке жеткізіліп, Қазақстанның бірнеше ірі қалаларына бағыттау жоспарланып отыр.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар