Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен өңірлік коммуникация-лар қызметінде өткен брифингте пандемия кезеңінде елімізде коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу шаралары жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Брифингке бірқатар ведомстволар басшылары, мемлекеттік мекемелер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова 13 наурыздан бастап елімізде бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғанын, мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап каникулға шығатынын айтты. Ал, университеттер мен колледждерде қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіріледі. Сондай-ақ, халық көп жиналатын орындарда, базар, діни бағыттағы нысандар, коммуналдық шаруашылық, тамақ өндірісі, қоғамдық тамақтандыру орындары мен вокзал, аэропорт, қонақ үйлерде, сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізілді. Қоғамдық көліктер, аялдамалар күніне екі рет тазартылып отырылуы керек.
Елімізде «жоқ» деген коронавирус дерті де тіркеліп үлгерді. Кеше Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған екі науқастың тіркелгенін хабарлады. Олар елімізге наурыздың 9 және 12-сі күндері Германиядан ұшып келген. Қазіргі таңда екеуі де оқшауланып, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Әлемде эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрған кезде азаматтарымыз мемлекетімізде жүргізіліп жатқан сақтық шараларын ұстанып, ең алдымен жеке басының гигиенасын сақтауы қажет. Брифингте сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов, Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина және Ақмола облысындағы білім саласы бойынша бақылау департаментінің басшысы Серік Алтаев өздерінде коронавируске қарсы қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айта келе, БАҚ өкілдерін коронавирустен сақтану жолдарын насихаттауға шақырды.
28 қаңтардан осы уақытқа дейін облысымызға сырттан 1763 адам келген. Оның 1727-сі Қазақстан азаматтары, 36-сы шетелдіктер. Коронавирус белгілері бар азаматтар стационарларға жатқызылып, бақылауға алынуда. Облысымыздағы денсаулық сақтау ұйымдарының жанынан осындай мақсатта үш госпиталь ашылған. Осы күні 8 адам карантинде жатыр. Олардың барлығынан сынақ алынып, жұқпалы індет анықталмаған.
Сүлен Ілиясов 12 наурыздан бастап коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтайтын анализ өзімізде жасалатынын айтты. Бұған дейін мұндай зерттеуді тек Нұр-Сұлтан қаласының зертханаларында жасау мүмкін болған еді. Облыстағы емдеу мекемелерінде 144 мың маска, қоймада қосымша 58 мың маска сақтаулы тұрғаны брифингте мәлім болды. Облыстағы дәріханаларды маскалармен қамтамасыз ету шаралары қарастырылуда. «Тыныс» акционерлік қоғамы шикізат болса, маска жасауға келісім беріп отырған көрінеді. Брифинг барысында журналистер спикерлерге толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
Айта кетейік, бұл күні Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары журналистерге арнап оқу-жаттығу шарасын жүргізіп, медицина қызметкерлерінің жұқпалы дертке шалдыққан науқастарға дәрігерлік көмек көрсету кезінде киетін арнайы киімдерін көрсетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.