Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарихты тану – тегіңді тану - АРҚА АЖАРЫ

Тарихты тану – тегіңді тану

Шапқан аттың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жерде билігін нығайтып, жан біткенді елең еткізбей қоймаған Алтын Орда мемлекетінен қазақ хандығы тараған. Олай дейтініміз, осы игі істің басында тұрған Керей мен Жәнібек сұлтандар 1361-1376 жылдары Алтын Ордада билік еткен Ұрыс хан ұрпақтары. Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билеген, тарихтан алар орны бөлек тұғырлы мемлекет арада 750 жыл өтсе де әлем тарихшыларының назарынан тыс қалған емес.

Алтын Орда – Жошы ұлысы ХІІІ ғасырдың 40 жылдары Бату хан құрған мемлекет. Оның құрамына  Батыс Сібір, Солтүстік Хорезм, Еділ Бұлғариясы, Солтүстік Кавказ, Қырым, Дешті Қыпшақ жерлері кірді. Ал Дешті Қыпшақ қазіргі Қазақстан аумағын түгел қамтыған. Солтүстіктен оңтүстікке дейін Алтын Орда Кама өзенінен бастап, Дербент қаласына дейін созылып жатты. Алтын Орданың астаналары дегенде, тарихта үш қаланың орны ерекше аталады. Жошының баласы Бату хан салдырған алғашқы астанасы Сарай-Бату немесе Сарай-әл-Махрус 1254 жылы бой көтерген. Қаланың қираған орны қазіргі Еділ өзенінің төменгі ағысында Астрахан облысы  Қарабайлы ауданындағы Селитерное селосының маңында сақталған. Араб саяхатшысы әрі географ-зерттеушісі Ибн Батута «Дешті Қыпшақ даласына саяхат» деген естелік жазбаларында өзінің 1333 жылы Үлкен Сарайды көргенін былай баяндайды: «Сарай қаласы жазық жерде орналасқан, көшелері кең, базарлары әдемі, тұрғыны көп. Таңертең қаланың бір басынан шығып, аяғына түннің ортасында жеттік. Қалада отыз мешіт бар екен. Басқа да құлшылық орындары бар. Халқы әр текті: моңғол, қыпшақ, орыс, черкес, христиан, византиялықтар. Әр халық топтасып өмір сүреді, өздерінің базарлары бар. Ирак, Мысыр, Сириядан келген саудагерлер өздерінше тұрады…» Осы деректер «Ескі Сарай», «Үлкен Сарай» деп те аталатын орданың Ұлы Жібек жолы тармағында орналасқан сауда орталығы ғана емес, көп ұлтты халықтың мәдени және рухани орталығы болғанын да білдіреді.
1282 жылдан Алтын Орданың астанасы болған Сарай-Берке (Сарай әл-Жәдид немесе Жаңа Сарай) қазір Ресейдің Волгоград облысындағы Царев селосының маңында. Қаланы 1262 жылы Берке хан салған. 1396 жы­лы Ақсақ Темір қиратқан. Араб саяхатшысы Ибн Батутаның Үлкен Сарайдан шығып, атқа жегілген арбамен он күн жүріп, Кіші Сарайға жеткенін, теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қала шығыс пен батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан, қолөнері мен саудасы дамыған қала екендігін айтқан. Са­райшық қаласының орны (Сары Айшық не­ме­се Кіші Сарай) қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданында. Кіші Сарайда орда хандары Тоқта хан, Әз Жәнібек хан, кейін қазақ хандары Жәнібек пен Қасым жерленген. Бату ханнан бастап Жәнібек хан билігі арасында Алтын Орданың қуаты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. 50-ден аса хан билік құрған орданың әр билеушісінің тарихта орны бөлек.
Жошы мен Бату Моңғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Ол Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, әр түрлі кәсіпшілікке көңіл бөліп, қолөнерді дамытты, Египет сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды. 1312 жылы Өзбек хан исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады. Осылайша Алтын Орданың гүлденген мезгілі шариғатты негіз еткен осы Өзбек хан мен оның баласы Жәнібек ханның билік еткен тұстары болды. Өзбек хан қалаларда медресе салдырып, мұсылмен дінінің таралуына септігін тигізді. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен кейін, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасында хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алды.
Бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін іштегі алауыздық жегідей жеді. Тек 1357-1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты. Оған қоса, Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі өрістеді.  ХIV ғасырдың аяқ кезінде Мәуереннахр билеушісі Әмір Темірдің күшті шабуылдары да Алтын Орданы әлсіретпей қоймады. 1380 жылы Куликово даласында Мамай хан бастаған моңғол әскерлерін талқандаған орыс княздары Алтын Ордадан тәуелсіздік алды. Осындай ішкі алауыздықтар мен сыртқы жаулаушылық әсерінен Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Олар Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары. Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. Жарты құрлықты бағындырған алпауыт билік алауыздық пен талас-тартыстың әсерінен өз үстемдігін жоғалтты.
Билік құмарлығымен әйгілі болған Әбілқайыр ханның әділетсіздігіне келісе алмаған сұлтандар хандықтың ойраттардан жеңілуін пайдаланып, іргесін бөлектеген болатын. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінде Жошы ұрпағының сұлтандары Жәнібек пен Керей Моғолстанға кетіп қалғандығы, Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны бергендігі айтылады. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды, жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына топтасты. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Яғни, Жошыдан бастап Керейге дейінгі 200 жылға созылған моңғол кезеңі Керейден бастап Кенесарыға дейінгі қазақ хандығы кезеңінің іргетасы десек, артық емес.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылы жарық көрген «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы бойынша Қазақстанның киелі жерлер географиясын жасау қолға алынды. Бүгінгі күні көпшілік біле бермейтін қаншама тарихи нысандар ел назарына ұсынылып жатыр. Бір Зеренді ауданының өзінде Абылай ханның ұрпағы Уәли ханның кесенесінен бастап 16 нысан киелі деп танылды. Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин негізгі мектебінде 2018-2019 оқу жылынан бері 7-8 сыныптарда «Өлкетану» үйірме сабағының жоспарына осы киелі орындар географиясы да кіргізіліп, оқушыларға оқытылып келеді. Одан бөлек, Алтын Орданың негізін қалаушы, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның мазары Ұлытауда жатқанын жұртшылық жете біле бермейді. Бұл ескерткіштің Шыңғыс қаған мен оның әулетінен жер бетінде қалған жал­ғыз белгі екендігінен де көбіміз хабарсызбыз. Бұл туралы 2017 жылы Ұлытауға жасалған халықаралық экспедиция бары­сын­да айтылған. Ұлы қаған мен Жошы­ның ұрпақтары тұрмақ, кешегі Қазақ хандығының негізін қалаған тұғырлы тұлғалардан көзге түсерлік, жадыны жаң­ғыртарлық естелік белгі тым аз. Ендеше, Сарыарқаның төрінде сан ғасырдан бері көненің көзіне айналған бұл ескерткіштің қас­тер­лі қазақ даласының Алтын Орданың мирасқоры екенін әйгілеп тұрғаны анық.
Осы жағын мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орны студенттеріне тереңдете оқытып, тарихи-экскурсиялық сапарлар ұйымдастырылса, жастардың бойында тарихқа, тарихи тұлғаларға деген құрмет артар еді. Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында «Мәңгілік ел» – түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея» деп атап көрсеткен болатын. Демек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын жариялауы ата-бабалар бастамасының жалғасы. Жаулаушы соғыстар мен отаршылық езгіні көрген ұлтымыз негізгі құндылықтан қол үзіп қалғаны баршаға аян. Негізінде тарихты тану – тегіңді тану. Өскелең ұрпақты елжандылыққа, шыншылдыққа, еңбексүйгіштікке, тарихты құрметтеуге үйрете отырып, халқымыздың жоғалтқан құндылықтарына қайта қол жеткізе аламыз.

Санжан НАДИРОВА,
Мәлік Ғабдуллин негізгі мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар