«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола облыстық филиалының директоры Бақыт Мақажанова:

«Ауа райын болжау оңай шаруа емес. Алайда, оған қызметкерлеріміз де, мүмкіншілігіміз де жеткілікті»

Қазақ халқы ерте заманнан-ақ табиғатқа етене жақын өскендіктен ауа райын сол табиғат құбылыстары мен жан-жануарлардың тыныс-тіршілігіне қарап болжағаны белгілі. Ал, бүгінгі таңда ғылыми дерекке негізделген, дәлдігі жоғары болжам жасайтын метерологтардың еңбегі зор. Осыған орай, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК) Ақмола облыстық филиалының директоры Бақыт Мақажановамен әңгімелескен болатынбыз.

– Бақыт Рысбекқызы, алдымен, облысымызда ауа райын болжайтын қанша «Қазгидромет» бекеті бар және мониторинг жүргізу жолдарына тоқталсаңыз.
– Жалпы, Қазақстанның гидромет қызметі 1922 жылдың қаңтарында құрылды, ол бүгінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ірі ғылыми-өндірістік кәсіпорны болып табылады. Сонымен қатар, ұлттық Гидромет қызметі 192 елдің қызметтерімен бірлесе отырып, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның құрамына кіреді және Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып саналады. Сондай-ақ, Жер атмосферасының жай-күйі мен тәртібі, оның мұхиттармен өзара іс-қимылы, пайда болатын климат және су ресурстарын бөлу мәселелері бойынша БҰҰ жүйесінің беделді ақпарат көзі болып табылады.
2006 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Көкшетау қаласында «Қазгидромет» құрылымдық бөлімшесі құрылды және ол қазіргі уақытқа дейін Ақмола облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалы болып табылады.
Бүгінгі күні «Қазгидрометтің» Ақмола облысы бойынша филиалы қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізеді. Штат саны 208 адам, оның алтауы әкімшілік басқару персоналы, 191-і өндірістік персонал және 11-і қызмет көрсетуші. Солар арқылы метеорологиялық және гидрологиялық мониторингін жүргізу қамтамасыз етіледі.
«Филиалымыздың бақылау желісінде 19 дәстүрлі метеорологиялық және 21 автоматтандырылған метеорологиялық станциялар, 14 агрометеорологиялық, 7 автоматты агрометеорологиялық, 34 гидрологиялық, 10 автоматтандырылған гидрологиялық бекеттер мен бір актинометриялық, бір автоматты актинометриялық станциялар бар. Қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі бақылау желісі стационарлық және автоматты түрде жүзеге асырылады. Бізде атмосфералық ауаның ластануын тұрақты бақылайтын бір бекет бар. Сондай-ақ, автоматты бақылау пункті жұмыс істейді. Ал, жылжымалы зертхана тоқсан сайын үш елді мекенде, яғни, Макинск қаласы, Зеренді ауылы және Калачи кенті бойынша атмосфералық ауаның ластануына экспедициялық бақылау жүргізеді. Оған қоса, 20 пунктте ай сайын сынамаларды алу және гидрохимиялық көрсеткіштер бойынша жер үсті суларының физикалық-химиялық талдаулары жүргізіледі. 14 пунктте гамма фонының радиациялық қуатының деңгейіне күнделікті бақылау жасалады. Сонымен қатар, он бір пунктте көлдерге жылына екі рет сынамаларды іріктеу бо-йынша экспедицияға шығу және гидрохимиялық көрсеткіштер бойынша жер үсті суларын физикохимиялық талдау жүргізіледі. Тағы бір айтарым, «Қазгидромет» РМК қоршаған ортаның агрометеорологиялық және экологиялық жай-күйі бойынша ақпарат береді әрі бекітілген прайс бойынша жекелеген жұмыс түрлерін жүргізеді.
– Орталықта қанша бөлім бар және онда қанша адам жұмыс істейді?
– Біздің филиалдың орталық кеңсесінде штаттық кестеге сәйкес алты бөлім бар, онда жалпы саны 48 адам еңбек етеді. Яғни, он екі адам қаржы-әкімшілік бөлімінде, жеті адам метеожағдайлар бөлімінде, бесеуі метеорологиялық және агрометеорологиялық мониторинг бөлімінде, жетеуі гидрология және алтауы ақпараттық-техникалық бөлімдерде, оны сынақ зертханасына жұмысқа тартылған. Метеорологиялық станциялардағы мамандар тәулік бойы ауа райын қадағалайды. Атқарып жатқан жұмысымыз көзге көрінбегенімен, осы салада қызмет етіп жатқан әрбір қызметкер өзіне жүктелген жауапкершіліктің жүгін жақсы сезінеді. Себебі, дұрыс берілмеген ақпарат ертеңгі күні мыңдаған адамдардың өміріне қауіп төндіруі де мүмкін.
– Ауа райын болжайтын мамандар қандай талаптар бо-йынша жұмысқа алынады?
– Орынды сұрақ. Олар лауазымдарының біліктілік анықтамалығына сәйкес жұмысқа алынады. Сондай-ақ, кәсіби мамандығы бойынша өзінің мамандану саласындағы соңғы ғылыми-техникалық жетістіктерді білуі шарт. Мұнымен бірге, синоптикалық материалдарды талдау, қызмет көрсетілетін аумақтың физикалық-географиялық және климаттық ерекшеліктерін, қызмет көрсетілетін экономика салаларының ерекшеліктерін білуге де міндетті.
– Міне, қыстан да ептеп шығып келеміз. Енді, көктемгі ауа райы болжамына тоқталсаңыз?
– Биыл осы кезеңдегі ай сайынғы орташа ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері нормадағыдан көп болады. Бұл әсіресе, диқан қауымын қуантары анық.
Наурыз-сәуір айларында көктемгі синоптикалық үдерістерге тән циклондар мен антициклондардың жиі ауысуы, оңтүстіктен және солтүстіктен соққан суық пен жылудың қарқынды шығарылуы ауа райының күрт өзгеруіне әкеледі. Су басудың жоғары қаупі бар елді мекендер – Атбасар, Аршалы, Астрахан, Қорғалжын, Сандықтау, Целиноград, Шортанды, Зеренді, Ерейментау аудандары және Көкшетау қаласы. Ауа температурасының қысқа мерзімді көтерілуі және жауын-шашынның түсуі қауіпті табиғи гидрометеорологиялық құбылыстардың туындауы ықтимал. Мәселен, тәулік ішінде жауын-шашынның айлық нормасының түсуін де жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, соңғы кезде жиі байқалып жүрген мұндай табиғат құбылыстарына жылдан-жылға тұрғындардың да бойы үйреніп қалғаны айқын. Дегенмен, биылғы жылдың ауа райынан баршамыз болып бір жылылық, жайлылық күтетінімізге сөз жоқ.
Бүгінгі күні гидрометеорологиялық ақпарат, болжамдар, дауылды ескертулер инстаграм kazhydrometakmola, kazhydromet, agmola_tjd және Facebook әлеуметтік желілері арқылы орналас-тырылып, таратылады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар