Ағын су мінез танытар күн жақын
атбасарлықтар оған қалай дайындалуда?..
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін баспасөз турымен Атбасарға алып келуінде көп мән бар еді. Біріншіден, бұл ведомство тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың, яғни, көрсетуге болатын жағдайлардың барлығын аңғартады. Екіншіден, аталған мәселеге жұртшылықтың назарын аударып, ортақ жауапкершілікті күшейте түсуді діттейтіндігін білдіреді. Осыдан шығар, департамент және аудан басшылары тарапынан алдарқатып сөйлеу, нақты жағдайды жұмсартып, қолға алған істі көтермелеп көрсету болған жоқ. Риза болдық. Өйткені, табиғат мұндайды көтермейді. Әсіресе, атбасарлықтар үшін. Атбасар ауданында 5 гидротехникалық құрылғы бар. Маңызды нысандар жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Тіпті, арнайы құрылған штаб бұл өңірлерде қосымша бекеттер құруды жоспарлап қойыпты. Бұл штаб құрамында әртүрлі кәсіпорындардан тартылған 350 адамдық төрт отряд жұмыс істеуде. Биылға болжам бойынша Атбасар қаласы мен 8 ауылдық округтің елді мекендері апатты аумақ саналып отыр. Осыған байланысты, Полтавка, Покровка, Ярославка, Макеевка, Ақан Құрманов округтері маңындағы Есіл, Жабай, Жыланды, Кашкарка (Қошқар) өзендері, шағын көлдер, жар-жыралар арнасы кеңейтіліп, жабайы өскіндерден тазартылған және ауылішілік көшелер қардан тазартылуда.
Біз Атбасарға барған күні Жабай өзеніндегі мұзды жару шаралары өткізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Доспаев облыстағы 125 елді мекенді ағын сулар басу қауіпі барлығын айтады. Әсіресе, Целиноград, Атбасар, Сандықтау, Аршалы және Ерейментау аудандарында төтенше жағдайлар қауіпі басым. Бекітілген жоспарға сәйкес, аудан әкімдіктері тосын жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізуде. «Бүгінгі күнге дейін ауылдардан 1 миллион текше метрден астам қар шығарылды және бұл жұмыс жалғасуда»,–дейді Қ.Доспаев. 10 наурызда өзендерде мұз жару жұмысы басталды. Бұл облыстағы он ауданның 70 учаскесін қамтиды. Аршалы және Целиноград аудандарындағы өзендерде бұл іс ойдағыдай өткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Бірлік Қамбатыровтың сөзінен су тасқынына қарсы шараларға бюджеттен 23 миллион теңге қаржы бөлінгенін білдік. Елді мекендерден 76,5 мың текше метр қар шығарылса, бұның 40 мыңы Атбасар қаласының еншісінде екен. Қаланың шығыс бөлігіндегі еңісті кесіп өтетін Жабай өзеніне Сандықтау, Жақсы аудандары бағытындағы сай-жыраларға далалық алқаптан жиналған ағын су келіп қосылады. Осындай табиғи жыралар қаланың Лондон, темір бетон комбинаты аталатын аумағында көбірек. Мұндағы жұмыстармен танысу барысында жергілікті тұрғын Александр Окульшамен тілдестік. Ол Жақсы жағындағы тоғандардың әлсіздігінен ағын су көптеп жайылатындығын айтады. «Алдын алу шаралары енді басталып жатыр. Кеш қалмасақ жарайды ғой. Техника мен адам күшін көбейту қажет»,–дейді өткен жылдар зардабын тартқан тұрғын.
Атбасар ауданық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Болат Шабезовтен бұл мәселеге қатысты «Жабай өзеніндегі қорғаныштық тоған нығайтылып, ені 10-30 метрлік 2 шақырымдық аумақ табиғи өскіндерден тазартылды және 870 метрлік су аңғары биіктетілді. Қала аумағындағы 6900 метрлік сай-жыра кеңейтіліп, тазартылды. Жоспардан тыс №1 орта мектеп ауданындағы «Сейфуллин» шлюзінде жөндеу жұмыстары атқарылды», – деген жауап алдық.
Жалпы, су тасқыны қауіпі болжанған аумақта 167 отбасының үй-жайы болса, соның 87-сі Атбасар қаласында орналасқан. Ақпан айынан бері арнайы штаб мүшелері мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғындар жиналысын өткізіп, аулаларды аралап, түсінік жұмыстарын жүргізді және өзен жағалауындағы 400-ден астам отбасына ескерту қағаздарын тапсырыпты. «Көктем 2020» шарасы аясында мектептер мен еңбек ұжымдарында арнайы оқу-жаттығулары өткізілген. Сондай-ақ, су алу қауіпіндегі №1 орта мектепте 100 қума метрлік алаңға құм салынған 1940 қап, №4 мектепте 1400, мектеп интернатта 350 қап ықтырма қойылғанын көрдік. Аты жұртқа мәлім №1 мектепте бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Мәселен, біз осында болған кезде «Агрокомплекс Атбасар» ЖШС-нен Ардақ Мус-тафин бастаған топ қызу іс үстінде екен. Ол әлгі Лондон мөлтек ауданының тұрғыны. «Үнемі алаңдаумен күн кешетін қала тұрғындары биыл алдын алу шараларына жұмыла қатысуда. Аудан орталығындағы барлық кәсіпорындардан әр жерде арнайы топтар жұмыс істеп жатыр. Биыл біздің көшелерімізде екі метр тереңдіктегі арықтар қазылды. Қар қыс бойы тасымалданып жатты. Бұл ылғалдың молдығына қарамастан, апатты жағдай орын алмайтындығынан үміттендіреді. Мұнда кәсіпорындардан бөлінген кісілер мен еріктілер жұмыс істеуде. Аудан орталығында төтенше жағдай бола қалған жағдайда тұрғындарды, мал мен құсты уақытша орналастыру орындары белгіленіпті.
Ауданда «Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жоюдың 2017-2020 жылдарға арналған кешенді шаралары» жол Картасы аясындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде, дейді аудан басшылары. Көктемгі қауырт кезеңде инженерлік, су айдау және эвакуациялық мақсаттағы 46 арнайы техника, 9 мотопомпа және жүзу құралы іске кіріседі. Осының бәрін ескергенде «ағын су мінез танытар күн жақын, ал, оған атбасарлықтар қандай қам жасауда?» деген сауалыңызға біршама жауап алғандай болдық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.