Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс 75

Жазушы Лесков кітабының кейіпкері

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы да әне-міне дегенше келіп қалды. Бұл айтулы күнді кешегі қатары қалың көрінетін майдангерлердің азын-аулақ тобы ғана аман-есен күйінде қарсы алғалы отыр. Сол асылдарымыздың көбі, турасын айтсақ, барлығы дерлік бұл өмірден өтіп кеткен. Кешегі ел басына күн туған сұрапыл жылдарда зұлым жаумен жан аянбай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсеткен жерлес ағаларымыздың бірі Зейкен Шопалайұлы Шопалаев еді. Ол 1925 жылдың 20 наурызында Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының №6 Қосдәулет ауылында дүниеге келген.

Ұлы Отан соғысы басталғанда 16 жастағы бозбала еді. Жастығына қарамастан қаншама рет майданға аттанғысы келіп, Щучинск аудандық әскери комиссариатының өзіне де келер шақырту қағазын асыға күтеді. Ақыры сол күн туып, 1943 жылдың қаңтар айында соғысқа алынады. Бұл оның қылшылдаған 18 жасқа толар-толмас кезі болатын.
Тағдыр оны алдымен Алматыдағы әскери десант бригадасының курсанты етіп, соғыс өнеріне шыңдатқызады. Содан кейін осы бір зұлмат өрті ең бір лапылдап тұрған Иваново облысының Тайков қаласынан бір-ақ шығарады. Мұнда да тынымсыз даярлықпен алғашқы ұрысқа кірген Зейкен аға басқа салған небір ауыртпалықтарға көніп, парашюттен секірудің өзіне жете төселіп алады. Сөйтіп, жоғары командованиенің кез-келген бұйрығын орындауға сақадай-сай жауынгер ретінде сенімді, ержүрек десантшылардың қатарынан берік орын алады.
Өзі құрамында небір тар жол, тайғақ кешуді жүріп өткен бірінші және екінші Балтық майдандары мен Ленинград майданы Кеңес Одағының неміс-фашист басқыншыларын талқандауында шешуші рөл атқарғаны талай бір қолбасшылар мемуарларынан жақсы мәлім. Осы үш майданның құрамына кірген №77 атқыштар дивизиясының 276 атқыштар полкінде зұлым жауға қарсы батылдығымен көзге түскен Зейкен ағамыз 48 рет әуеден неміс фашистері шоғырланған орындарға парашютпен секіріп, жау тылында да нағыз қазақ батырларынша тек қана сенім биігінен көрінеді.
Бірде Латвияның Стали елді мекенін неміс басқыншыларынан азат ету барысында Зейкен Шопалаевтың жетекшілігіндегі взвод жаудың үш бірдей шабуылын тойтарып, оған қоса, төрт пулемет нүктесін жойып жібереді. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін ержүрек ағамыз «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Бұл көкшелік десантшының қан майданда көрсеткен көп ерліктерінің тек бірі ғана еді. Бір өкініштісі, сұм соғыстың ешкімді де аяп көрмеген ауыр зардабы біздің кейіпкерімізді де айналып өтпейді. Ол 1945 жылдың көктемінде Берлинге енді кіреміз деп тұрғанда екінші рет ауыр жараланып, басынан контузия алады. Бұл кезде осының алдында ғана Литва Республикасының Шауляй қаласында офицерлік курстан өткен Зейкен ағамыздың әскери шені лейтенант еді.
Жиырмадан енді асқан жас жігіт үшін Ұлы Отан соғысы сол Берлин түбінде біржола аяқталғанымен, бұған дейін Беларуссия, Литва және Латвияны жау қолынан азат етіп, неміс фашистерінің Курляндия түбіне шоғырланған үлкен күшін қоршауға алып, жоюға қатысқан Зейкен Шопалаевтың майдан жолы батылдық пен ерлікке толы еді. Оны Отан қорғау жолында жоғарыда біз айтқан Қызыл Жұлдыз орденіне қоса, тағы жеті бірдей орден, медальға ие болғандығы да растай түседі.
Сол бір қанды қырғыннан аман қалып, елге оралған соң ержүрек офицердің өмір жолы екінші бір ауыр сала – ішкі істер органдарында жалғасады. Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Зейкен Шопалаев 1945 жылдың қазанынан 1980 жылдың жазына дейін бұл жауапты жұмыс учаскесінде де үлкен өмір мектебінен өтті. Көкшетау облысының Щучье, Қызылту және Еңбекшілдер аудандарында тергеуші, әртүрлі қызметтердің жетекшісі болып абыройлы еңбек етіп, өз ісінің майталманына айналды.
Осы салада керек күш-жігер мен қажырлылықты, жауапкершілік пен батылдықты Зейкен ағамызға өзі бар сындарлы соқпағымен жүріп өткен Ұлы Отан соғысы молынан бергендей еді. Екі майданның да ері осы жолда ештеңеден аянып қалмай, бар білімі мен тәжірибесін ел тыныштығын қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға арнады. Бұл ретте өз басын қауіп-қатерге тіккен, ердің ері ғана жол таба алатын қиын-қыстау сәттер де болмай қалған жоқ. Сондай оқиғалардың бірі қылмыстық істерді іздестіру жөнінен жедел уәкіл болып жүргенінде Қызылту ауданында орын алды. Тың игерушілер санатында келген екі бұзақы Павлодар облысымен шекаралас «Сілеті» кеңшарының кеңсесіне түсіп, жұмысшылардың 103 мың сом жалақысы сақталған сейфті ұрлап алып кетеді. Мұны білген бүкіл облыс, аудан милициясы аяғынан тік тұрады. Міне, сол қылмысты үш күннің ішінде З.Шопалаев басқарған жедел топ толық ашып, қыруар қаржы мемлекетке қайтарылады.
Осындай қырағылығы, өжеттілігімен жиі көзге түскен, оның үстіне адамгершілік, іскерлік қасиеттерімен көпшілік құрметіне бөленген абзал азамат кейін қызмет бабымен өсіп, Ленинград аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Чистополь және Көкшетау аудандық ішкі істер бөлімдерінің бастығы лауазымдарында да абырой биігінен көрінеді. Сөйтіп, ержүрек майдангер, бесаспап тәртіп сақшысы ретінде ел басына күн туғанда да, бейбіт заманда да Отан алдындағы парызын адал орындап, полковник шенімен зейнет демалысына шығады.
Бұл қажымас қайрат иесінің майдан даласында алған ауыр жарасы мен контузиясының да уақыт өте келе қайта сыр беріп, денсаулығы онша болмай жүрген кезі еді. «Ажал айтып келмейді» дегендей, арада бірер жыл өткенде маңдайға жазған жазмыш ер Көкшенің айтулы перзенті Зейкен Шопалаевты да қайтпас сапарға алып кетті. Бірақ, есіл ердің артында өмірлік жары Гүлсім апай бастаған алты ұл-қызы, өзі көзі тірісінде қымбатының қымбатына балаған ел-жұрты, туған топырағы қалды. Күні бүгінге дейін есімі құрметпен аталып келе жатқан қос майданның қыраны соңына еліміздің өсіп-өркендеуіне, заң мен заңдылықтың одан әрі салтанат құруына үлкен үлес қосқан білікті шәкірттерін ғана емес, тәрбиелі, оқыған-тоқыған ұрпағын да қалдырып кетті. Өмірінің соңына дейін аяулы қосағының есімін ардақтап өткен Гүлсім апа да көзі тірісінде сол тұңғыштары Сабираның өзі ісіне ықияттылығына, ұлдары Серік пен Бауыржанның бірі әке жолын қуып, бірі тау-кен маманы атанғанына, одан кейінгі Светлана, Шарғия, Майраларының да өмірде өз орындарын тапқандарына іштей мың мәрте шүкіршілік етіп отырушы еді. Бүгінде қос тектіден қалған ұрпақ ата-аналарының атына титтей кінәрат келтірмей, немере-шөберелеріне дейін бір кезде көздері көріп, көңілдеріне түйген ізгілік иірімдерімен тәрбиелеп келе жатса, бұл Зейкен Шопалаев есімінің әлі де заман көшімен ілгері бара беретіндігі. Былайғы жұрт та, осы бір іргелі әулет қоныс тепкен облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының тұрғындары да бұл ержүрек майдангер, ардақты есімді ешқашан ұмытпақ емес.
Біз тарихтан орыс жазушысы Александр Бектің әйгілі «Волоколамское шоссе» кітабын жазарда, Бауыржан Момышұлын, яғни, даңқты Баукеңді сол кітаптың басты кейіпкері етіп алғанын жақсы білеміз. Ал, манадан бері сөзіміздің аяғына сары майдай сақтап отырған мына бір жайдан көпшілік әрине, бейхабар. Біздің Зейкен ағамыз да сондай бір кітаптың, атап айтқанда, майдангер жазушы Юрий Лесковтың «Рассказать – не поверять» повесінің басты кейіпкері. Бұл хикаятта Зейкен Шопалаевтың аты-жөні сол күйінде алынып, Ұлы Отан соғысындағы жаумен қиян-кескі ұрыстардың ауыр тұстары суреттеледі. Ер есімі ел есінде, тарих бетінде қалды деген осы емес пе. Әрине, осы!

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар