Көпті көрген Шәкір ата
Қазіргі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысының көзі тірі 39 ардагері бар. Солардың бірі Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында тұратын майдангер Шәкір Дүйсенов.
Ол 1924 жылы 14 желтоқсанда Бурабай ауданында дүниеге келген. Ардагердің ерлік жолы 1944-1945 жылдар аралығында 22-ші атқыштар полкі 3-ші гвардиялық мотомеханикаландырылған батальонының құрамында өткен. Майдан даласында жүріп жараланған қарт жауынгердің кеудесінде бірнеше жауынгерлік наградалар, соның ішінде І-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырайды. Соғыстан кейінгі жылдары бірнеше жыл «Қотыркөл» кеңшарында қарапайым жұмысшы болған.
Асқар тау әке жан жары Мәриямен бірге сегіз баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде оның немере-шөберелерінің ортасында көпті көрген қазыналы қарт, мейірімді ата болып отырған жайы бар. Өкінішке орай, жұбайы осыдан алты жыл бұрын дүние салған.
Жасы келгеніне қарамастан қайратты, көңілі жарқын екені бірден байқалады. Өзімен бірге тұратын қызы Сәуле әкесін жақсылап күтіп отыр. Былтыр желтоқсан айында Шәкір ата 95-ке келді. Біз майдангерге жүз жасаңыз деген тілегімізді білдіреміз.
Венера БЕКБАЕВА.