Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біздің балалық шағымыздың Наурызы - АРҚА АЖАРЫ

Біздің балалық шағымыздың Наурызы

Қыстан қалған қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулының айрықша күтетін ұлық мейрамы бар. Бұл – Наурыз! Көктеммен бірге өмірімізге де шуақ, шапағат кіреді деп есептеген халқымыз Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп ерекше әспеттеген. Сондықтан да болар, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады.

Иә, бұл әрине, қазір еліміз егемендігін алып, өз қолы өз аузына тиген кезде көріп-біліп, жұртшылықтың барлығы тойлап жүрген мереке. Ал, біздің бала кезімізде, өткен жүзжылдықтың 60-70 жылдары, одан бері қарай 90-шы жылдарға дейін бұл мерекені тойламақ түгілі, осы ұлық күннің болғандығы туралы тек үлкендерден еміс-еміс еститін едік. Біз орыстың масленицасын тойлап, мәз болып жүргенімізде анам Жаңыл Құдасова, атақты Салық молданың ұрпағы, ауылдағы абыройлы қария Ахмет Құттыбадамов және басқа ақсақалдардың Наурыз мерекесі туралы айтқандары құлағымда қалыпты.
Сол аңызға бергісіз әңгімелерден есімде қалғаны «Наурыз айында жыл бойы көріспеген алыс-жақындағы ағайын-туысқа басын бұрып, амандығын біліп, пейіл шуағымен көрісу – көңілден көңіл су ішер жүректі пенденің қай-қайсысына да ортақ әрі қымбат сезім» деп айтып отыратын. Осы мерекені тойлар үстінде бір кездері ренжіскен ағайын татуласып, барлық жамандық атаулыны ұмытып, ел-жұрт болып жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шын мәнінде шапағаты мол деген сөздерін де естіп едім. Бірақ, бүкіл Шығыс елінің, дүйім мұсылман қауымының ортақ мейрамы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін тоқтап қалғанын айтып, анам және басқа ескі көз қариялар қынжылыс білдіретін. Мұның өзі кеңестік қатаң саясат қаншалықты қыспақтағанымен, көптеген салт-дәстүрлеріміз сияқты Ұлыстың ұлы Нау-
рызын халық санасынан түбегейлі ысырып тастай алмағанын көрсетеді.
Біздің Құдықағаш ауылының көпті көрген ұлағатты үйлері Наурыз мейрамы деп, жылы-жұмсағын асып, дастархандарын жайнатып қоятыны, жақсы киімдерін киініп алатыны бар еді. Біз мұның мәнісіне терең бармасақ та, бұл күннің ерекше құрметті екендігін ұғатынбыз. Сондықтан, біздің ұрпақ ұлттық ұстанымдармен тәрбиеленді, оның қасиетін
ешқашан төмен түсірген емес дей аламын.
Қазір бұл айтулы мерекені, Құдайға шүкір, өзіміз отыз жылдан бері тойлап келеміз. Мен бүкіл ғұмырымды мұғалімдік қызметке арнап, ұзақ жылдар Жаңаталап ауылындағы, Степняк қаласындағы мектептерде директор болдым. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап ел-жұрттың Наурыз мейрамын тойлау шараларын ұйымдастыруға қатысып жүрмін. Жерлестеріме, әріптестеріме, жас ұрпаққа бұл мерекенің түпкі мәні мен мағынасын түсіндіруді басты борышымыз деп білемін. Біржан елі бұл мерекені айрықша салтанатпен тойлайтыны, халықтық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға, ел ішінің ынтымақ-берекесін паш етуге және осы үрдісті жаңаша жаңғыртуға талпынатыны қуантады. Ауданымызда мереке қарсаңындағы «Көрісу», «Шежіре», «Жоралғы» сияқты дәстүрлерімізге арналған тақырыптық әрі тағылымдық шараларды өткізу қолға алынады деген ойдамын. Бүгінгі ардагерлер осы ізгі істің ұйытқысы болатынына сенімдімін.
Баршамызға Наурыз мерекесі құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні ел ырысын молайтып, ынтымақ-берекемізді нығайта түсуге жазсын.
Қайролла ХАМЗИН,
Біржан сал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар