Жастық пен махаббаттың мейрамы!

немесе жыл басы Наурыз жайлы жастардың ой-пікірлері

Мақпал САЛЫҚ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 2 курс студенті:

– Наурыз бұрын бір айға жуық тойланған, қазір олай тойланбайды. Менің ойымша, Наурыз адамзаттың табиғатпен бірге оянатын, табиғатқа жақсылық жасайтын, жер анаға алғыс айтатын айы. Наурызда бұлақ көзі тазаланып, тал егілуі қажет деп санаймын. Өйткені, бұрын наурыз тойлауды халқымыз осы амалдардан бастаған. Бүгінде ағаш егу үшін күнмен таласып тұратын адам жоқ деп айтуға болады. Мереке қарсаңында берілген демалыста адамдар ұйқыларын қандырып алуды ойлайды. Алайда, күнім босқа өтпесін, жамандық атаулы өткен жылда қалсын деп, наурыз мейрамын тойламас бұрын үйдің ішін тазалап жинайтындар баршылық. Осының өзі Наурызға деген сенімді білдіреді.

Гүлайым ЖАМБЫЛ,
Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі, филология бөлімінің 1 курс студенті:

–Меніңше, Наурыз нағыз молшылықтың мерекесі. Себебі, көктемнің алғашқы шуағымен төрт түлік төлдеп, ақ молаяды. Дастархан түрлі тағамдарға мол болса, жаңа жыл сондай ырысын ала келеді деген сенім бар. Осы күні қалалық жерлерде бұған аса мән берілмесе де, ауылдық жерлерде дастарханды толтырып, жайнатып қояды. Бұл жақсы сенім, шынымен де ақ мол болса, берекелі, мерекелі жыл болады. Ал, Наурыз мейрамында жасалатын наурыз көженің дәмі де, орны да ерекше. Өз басым көженің ең құнарлы, пайдасы мол тағам екенін білемін.

Абай СӘБИТОВ,
Балуан Шолақ атындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, тоғызқұмалақтан спорт шебері:

– Наурыз мен үшін ұлттық ойындарымыздың жаңғыратын айы. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді қазіргі уақытта көпшілік әлі де болса жете біле бермейді, оны тек театрландырылған қойылым арқылы көрсетіп жатады. Ал, ұлттық ойын түрлері жай ғана қойылым емес, халқымыздың бір керегі. Бүгінде жастар арасында ұлттық ойындарға деген қызығушылық артып келеді және басшылық тарапынан да көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, Наурыз мейрамы кезінде ат жарыс, күрес, тоғызқұмалақ, жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өткізіледі. Дәл осы уақыт аралығында ұлттық спортқа деген жастардың, балалардың қызығушылығы оянып, олар осыған бет бұра бастайды.

Айгерім МҰХЫЖАН,
Көкшетау қалалық №6 орта мектеп лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

– Жердің тоңы жібіп, көктемнің самал желі есетін Наурыз мейрамы бүгінде көнеден келе жатқан мерекелердің бірі. Бұл мейрамды әркім әртүрлі тойлайды. Ал, меніңше, нау-рыз тойы туысқандарды жақындастырады. Себебі, ағайын-туыс бір-бірінің үйіне барып, мерекемен құттықтап, наурыз көжеден дәм татады. Наурыз тойында маған ең ұнайтыны – осы уақытта жұрттың ұлттық киімдерімізді киетіні. Қыздарымыз бүрмелі ұзын көйлек кимесе де, ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарды тағып, шаштарын өріп жүруге тырысады, апаларымыз кестеленген қамзолдарын киіп жүреді.

Әбіл-Мансұр БАЗАРБАЙ:
«Алуа строй» құрылыс компаниясының шебері:

–Наурыз атаулы мерекелердің бірі деп ойлаймын. Бұл күні үлкендеріміз міндетті түрде үйге қонақ шақырады, өздері де қонаққа барады. Анамыз жеті түрлі дәмнен наурыз көже пісіреді. Ағайын-туыс жиналып, бата, тілектер айтылады. Сондықтан, наурыз ұлттық салт-дәстүріміздің, ұлттық ой санамыздың нағыз бір жаңғырар күні деп санаймын. Дегенмен, бірақ дейтін тұстары бар. Жаңа жылмен салыстырғанда Наурыз мерекесін тойлау халық арасында кең таралмаған. Жаңа жылда адамдар бір-біріне сыйлық береді. Ал, нау-рызда ол жағы ұмыт қалып жатады. Сыйлық алғандықтан, балалар да наурыздан гөрі жаңа жылды есіне сақтап қалады. Бәлкім, наурыз мейрамы кең көлемде тойлануы үшін, мерекенің форматын өзгерту қажет шығар.

Берік ЕРКІН,
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұйымдастырушы ұстазы:

–Кеңес заманында бұл мерекені тойлауға тыйым салынған еді. Сол жылдары мейрамды халық жасырын тойлаған. Қазақты наурыздан айыру, ол көп жанды несібесінен айырғанмен тең. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміз бар, еркінбіз, көкпен тең, құдайға шүкір, біз, жаңа буын сол ата-бабаларымыздың азапты күндерінің жемісін көріп келеміз. Туған тілімізді дамытып, салт-дәстүрімізді ілгері апаратын кезеңде өмір сүрудеміз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Жаңа ғасыр, жаңа жыл елімізге құт береке, молшылық әкелсін!

Жайнагүл ҚАППАСОВА,
«Ақмола жаңа толқын» еріктілер тобының жетекшісі:

– Наурыз мейрамы қазақстандықтар үшін ерекше мереке болып саналады.Тарихы терең еліміздің халқы үшін наурыз мейрамы біздің болмысымызды айқындайтын, салт-дәстүріміз жанданатын кезең. Жаңа жылда көктеммен бірге жаңа тыныс келеді. Дастарханға бауырсақ пен наурыз-көже қойылады. Ата-бабаларымыздың айтуынша наурыз көжеден ішкен адам жыл бойы тоқшылық пен молшылықта болады.

Тамара РОССОЛОВА,
волонтер:

– Мен үшін Наурыз мерекесі көктеммен, демалыс күндерімен және алаңдағы көпшілік шаралармен қуанышты. Мерекенің басталуы мен ежелгі дәстүрлердің үлгісін көрсететін театрландырылған қойылымдар адамдарды қызықтырады. Қорқыт ата өзінің елге деген бата-тілегін айтады. Алаңда ақшаңқан киіз үйлер құрылып, көздің жауын алады, бауырсақтың иісі мұрын жарады, алтыбақан тербеліп, өзіне шақырып тұрады. Бұл күні мен әрдайым жарқын кездерді суретке көп түсіруге тырысамын. Сайыстарға қатысып, достарыммен кездесемін сосын үйге келіп, мол дастарханда туысқандарыммен мерекені тойлауды жалғастырамын. Рас, биыл әлемді алаңдатқан коронавирусқа байланысты мұндай көпшілік шаралар өтпейін деп отыр. Меніңше, оның оқасы жоқ. Осы бір сындарлы шақтан аман-есен өтіп, келесі жылғы Наурыз қызығын тосамыз.

Дайындаған Айтолқын АМАНГЕЛДІ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар