Кешенді дайындық – молшылық кепілі

Биылғы қыс ерекше мінез танытқанымен көктем өз шуағын төге бастады. Бұл диқан қауымын желпініске бастайтын, әр күннің қадірін бағамдайтын маңызды шақ. Көктемгі дала жұмыстарының дабылы қағылар шақ та жақын. Ендігі мақсат – өткен жылғы көрсеткішті еселей түсу.

Көрсеткіш демекші, облыс диқандары 2019 жылы ырыздық қамбасына 5,1 миллион тонна астық құйып, гектар түсімділігін 11,7 центнерден айналдырды. Бұл астықты өңірдегі диқандық дәстүрдің алға басар қадамынан дерек береді.
Қай іс болсын жерді өңдеп, баптаудан басталмақ. Өткен жылы 721,6 мың гектар парлы алқап екі мәрте өңделсе, үшінші ізбен 684,9 мың гектарға түрен салынды. Тіпті, 61,9 мың гектар егістік төртінші ізбен әрі химиялық әдіспен өңделді. Бюджеттен арзандатылған бағамен гербицидтер сатып алу үшін 9 миллиард теңге бөлінуі барлық 4,1 миллион гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егістігін химиялық жолмен өңдеуге мүмкіндік берді. Астық бастыру аяқталысымен сүдігер жырту қарқынды жүргізілді. Талдаңқырап айтсақ, жоспарланған 857,1 мың гектардың орнына 889 мың гектар жер жыртылып, меже асыра орындалды. Бұл істе Жарқайың ауданы 138,5 пайыздық, Жақсы – 106,2, Атбасар ауданы 105,7 пайыздық көрсеткішпен алға шықты. Ал, 2018 жылғы облыстық көрсеткіш 845,9 мың гектар болатын.
Сондай-ақ, былтырғы мамыр айында белгіленген 2345,2 мың гектардың орнына 2383,4 мың гектар егістікте ылғал жабылып, жоспар 101,6 пайызға орындалды. Бұл іске 1222 агрегат жұмылдырылып, күн сайын 351,2 мың гектар жер өңделді. Бұған қоса, тұқым себу алдында 1266,3 мың гектар егістік механикалық, 523 мың гектар жер химиялық әдіспен бапталды. Алқаптарға 1059 агрегаттың шығарылуы жұмыс жоспарының асыра орындалуын қамтамасыз етті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған деректер бойынша, техникаларды алдағы көктемгі дала жұмыстарына дайындау жұмысы ойдағыдай атқарылуда деуге болады. Мысалы, 24 ақпанға дейін қолда бар 14277 трактордың 83 пайызы, 16122 тұқым сепкіштің 83 пайызы, 1222 тұқым себу кешендерінің барлығы, тырмалар мен культиваторлардың түгелге дерлігі дайындық сапына қойылған. Жанар-жағар майдың да бекітілген жұмыс кестесі бойынша қоры жасалуда.
Осынау кешенді істер биылғы жылдың берекесін молайтуға септігін тигізеді деген сенім қалыптастырады.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар