Биылғы жыл – Сағадат Нұрмағамбетов жылы
Бас қаладан Бурабай бағытына қарай жүргенде шамасы 80-90 шақырым жерде автобанның сол жағында Еңбек атты елді мекен қалады. Сол жерден талай өтіп жүргенде өзіммен бірге келе жатқан жолаушылардан «бұл ауыл кімнің туған жері?» деп сұраймын. Сонда көпшілігінен «білмейміз» деген жауап аламын. Содан «атақты жерлесіміздің кіндік қаны тамған елді мекенді елге таныстырудың қандай жолы бар?» деген ой келді.
Ол ағамыз Кеңес Одағының Батыры, №1 Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов. Сонымен, бұдан бір жылдай бұрын алдымен үлкен тас жолдың бойына билборд қою керектігін аңғардым. Ауылды Батырдың атына сай болатындай жағдайға келтіру қажет. Ол үшін мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, алдына ескерткішін қойып, музей ашу қажет. Орта мектепке есімін берген дұрыс болар еді. Бірақ, бұл мекеме де күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Оған үлкен қаржы керек.
Содан сол кісінің атындағы Ұлан мектебінің басшылығымен кездестім, Қорғаныс министрлігінің жауапты қызметкерлерімен сөйлестім. Олардан «қаржылық көмек бере алмаймыз» деген жауап алдым. Іздегенге табылады дегендей, Қазақстанда С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қор бар екендігін сұрастырып білдім. Қордың президенті Махмут Нәлібаев мырзаға жолықтым. Ол кісі қолдайтындығын және мүмкіндігінше көмектесетінін айтты. Бұл қордың өкілі Қали Бүркітбайұлы Қамбаров екеуіміз сол елге барып, ауыл әкімі Сағындық Абаханов үшеуміз елді мекенді безендіру туралы жоспар жасап, аудан әкімінің келісімін алып, облыс әкіміне шықтық. Облыс әкімі мәдениет үйі мен мектепті күрделі жөндеуге қаржы бөліп, бұл істі қандай құрылыс ұйымы атқаратыны анықталуда. Таяуда Ақкөл ауданының әкімдігінде билборд орнату, музей ашу, мектепке есімін беру, бюст жасау, тағы басқа мәселелер қаралып, әрбір салаға тапсырма берілді. Алда елімізде жағдай өзгермесе, осы жоспарлар орындалуға тиіс. Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толады. Осы мерекеге және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, ақкөлдіктер, оның ішінде Еңбек ауылы 2020 жылды С.Қ.Нұрмағамбетов жылы деп атап отыр. Бұл Ердің аруағына елінің көрсеткен құрметі. Онымен қоса, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы зор шара. Олай болса, іске сәт, демекпіз.
Еркін ДӘУЕШОВ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы.