Ұлы Жеңіс 75

Сенім мен алғыс арқалаған ардагер

Бүгінде Атбасар ауданында 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 160 тыл еңбеккері және 7,5 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың барлығы тыл еңбеккері Иван Комиссаров төрағалық ететін ардагерлер ұйымына біріктірілген.

Осы орайда, ардагерлер ұйымының жұмысы жайлы сөз еткенде, оның бастауында тұрған білікті басшы жайлы айтпай кету мүмкін емес. Иван Ивановичтің ұйымды басқарып келе жатқанына биыл аттай 23 жыл.
Кейіпкеріміздің өзі осы ауданның тумасы. Ата-бабалары Атбасардан тоқсан шақырым жерде орналасқан Каменка дейтін елді мекенге сонау XVIII ғасырда қоныс аударыпты. Иван Ивановичтің балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі майдан даласында жаудың зәре-құтын қашырған күшті қару «катюшаны» басқарған. Фашист әскерлерімен шайқаса жүріп, Берлинге дейін жеткен. Майдан даласынан елге аман оралып, көп жыл автобазада директор болады. Иванның үлкен ағасы 1944 жылы Брест қаласының түбінде қаза тапқан. Ортаншы ағасы Николай жасын жасырып, соғысқа небары 17 жасында аттанған екен. Содан ол бомболаушы авиацияда бортрадист және мерген болған. Иркутскіде жарты жылдық кіші лейтенанттар курсын тәмамдап, 31 жыл стратегиялық авиацияда қызмет еткен.
Әкесі мен ағасы құрлықтағы әскерде, ал ортаншы ағасы авиацияда қызмет еткеннен кейін, әулеттерінде барлық әскер түрінің өкілдері болғанын қалаған Иван Атбасардың тоғыз жылдық мектебін бітіргеннен кейін келешегін теңіз флотымен байланыстырамын деп шешіп, П.Нахимов атындағы Черноморск жоғары әскери-теңіз училищесіне оқуға түседі. Оның Комиссаров деген ата тегінің өзі оны әскери қызметке жетелеген іспетті. Осы арада аталмыш оқу орнында Иван Ивановичтің кезінде Ресейдің қорғаныс министрі болған Игорь Сергеевичпен бірге оқығанын айта кеткеніміз артық болмас.
12 жыл әскери-теңіз флотында қызмет еткен Иван Комиссаровқа денсаулығына байланысты бұл қызметінен кетуіне тура келеді. Сөйтіп, ол одан әрі құрылысшы мамандығын меңгереді. Бірнеше жыл Алматыда өндірістік оқыту шебері, «Казмежколхозстрой» құрылыс мекемесінде директордың орынбасары, одан кейін құрылыс компаниясында шебер болып жұмыс істеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғимаратын салуға қатысты.
Осы айтылғандардың барлығы Атбасар аудандық ардагерлер ұйымына абыройлы, сыйлы, беделді азаматтың төрағалық етіп отырғанын айғақтай түседі.
1992 жылы туған жері Атбасарға оралғаннан кейін кейіпкеріміз зейнеткерлікке шыққанша бірқатар басшылық қызметтерді атқарды. Қай жерде еңбек етсе де, адалдығымен, тәртіпсүйгіштігімен, офицерлік тік мінезімен ерекшеленді. Аудан ардагерлері мен тыл еңбеккерлері Иван Ивановичті осы қасиеттері үшін де жақсы көреді, сыйлайды.
–Кейбір адамдар зейнеткерлікке шыққаннан кейін еңбектен қол үзіп, өздерін қоғамға керексізбін деп санап, өзімен өзі тұйықталып жатады. Ең жаманы осы. Ондай адамдар көңілдері құлазып, ауыра бастайды. Біз ардагерлердің әркез белсенді болғанын, қоғамдық, спорттық шараларға, жастарды тәрбиелеу ісіне белсене араласқанын, көңіл көтергенін қалаймыз. Өкінішке орай, Отан үшін от кешкен ардагерлеріміздің қатары жыл санап азаюда. Сонау 1997 жылы ардагерлер ұйымына төраға болып сайланғанымда ауданымызда Ұлы Отан соғысының 850 ардагері тұратын. Қазір тек үшеуі ғана қалды. Осылардың ішінде жасы ең үлкені Григорий Емец. Жуырда 95 жасқа толды. Келесі ардагеріміз Петр Бирюков биыл жазда 95-ке келеді. Ең жас ардагеріміз Василий Вигулярный 94 жаста, – деді ақсақал әңгіме арнасын одан әрі заманауи қазақстандық жастар жағына бұрып:
–Біздің жастарымыз керемет. Қоғамдық орындарда жастардың қарттарға орын беріп жатқанын көргенде қуанамын. Бала тәрбиесімен айналысатын жандар ата-бабаларымыздың ерліктерін үнемі үлгі етіп айтып отыруы керек, – деп есептейді Иван Иванович.
Жасы 83-ке қараған тыл еңбеккері Иван Комиссаровтың арқасында аудандық ардагерлер ұйымы облысымыздағы ең белсенді қоғамдық ұйымдардың қатарынан саналады. Ақсақалдар тұрғындарға ақылдарын айтып, дұрыс жолды көрсетіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп жатады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген нақылды тереңнен түсіне білетін аудан басшылығы ардагерлер ұйымымен санасып, әркез ұсыныс-тілектерін орындауға тырысады. Бізбен әңгімесінде Иван Комиссаров ардагерлер ұйымы Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан міндеттерін орындауға барынша атсалысатынын жеткізді.
–Биылғы жыл біз үшін ерекше. Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен қатар, Атбасар ауданының 175 жылдығын атап өткелі отырмыз. Ауданымызда көптеген игі істер жасалып жатыр. Осының бәріне жуырда аудан әкімі Аманбек Қалжановтың өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халыққа есеп беру кездесуінде де куә болдық. Атбасардың келешегі зор екенін осы шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев та ерекше атап өтті. Мерейлі даталарға орай бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілгелі отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, туған жеріміздің өсіп-өркендеуіне бәріміз бірге атсалысуымыз керек, – дей келе, кейіпкеріміз барша жерлестерін Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен және Атбасар ауданының 175 жылдығымен құттықтап, елімізге бейбітшілік, әр шаңыраққа бақыт пен молшылық тіледі.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының»
өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар