1 сәуір – күлкі күні

Қалыңдық іздеп жүрміз!

Мықтыгүл екеуміздің биылғы жоспарымыздағы басты мәселе – Қойлашты үйлендіру болып тұр. Мықтыгүл деп отырғаным – біздің үйдегі мықты. Қойлаш – құрттайдан бірге өскен құрдасым. Қырықтың қырқасына иек артып қалса да, қара басы ғана сопайып бойдақ жүр. «Неге үйленбейсің?» – десек, беретін жауабы біреу: «Жүрегімді қозғайтын қызға кездеспей жүрмін». «Қырық жылда бір қозғалмаған бұл шіркіннің жүрегі тас па, темір ме?» – деп біз жүрміз.
Ауылға барған сайын Қойлаштың шешесі Тәмила тәтем: «Қарақтарым-ау, осыны қырыққа келгенше сүрбойдақ етіп қоясыңдар ма, бір «шүйкебасты» көзімнің тірісінде әкелмейсіңдер ме?», – деп құдайдың зарын қылады. (Ол кісі Қойлашты біз әдейі үйлендірмей жүр деп ойлайды ғой деймін). Бірақ, айтқанға көне қоятын Қойлаш бар ма?!
Анау жылдары ауыл жарықтықтың ажары кете бастаған соң, бәріміз батқан кемеден қашқан егеуқұйрықтар секілді қалаға қарай безгенде, өзінің қыңырлығына басып, ауылда қалған да Қойлаш. «Сатқынсыңдар» – деген сонда, бізді шығарып салып тұрып. –Ауылды сатып кеттіңдер, кеуделеріңде патриоттық сезім жоқ!». Құр ғана «патриоттық сезіммен» қатын-баланы асырау қиын екенін Қойлашқа қайтып түсіндірерсің. Бірақ, «сатқындығымызды» мойындап, қалада біраз жыл тұрып, тұрмысымызды түзеген соң ауылға қайтып келмекші болып, Қойлашқа «железный» сөз беріп кеттік.
Сөйткен Қойлашта соңғы кезде бір өзгеріс бар секілді. Жуырда қалаға бір келгенде: «Биыл біреудің қатынын тартып алсам да үйленем!» – деген өзінің шешімін жария етті. Әрине, Мықтыгүл екеуміз оны дәл мұндай әбес іске жеткізбей, қалыңдықты өзіміз қарастыратынымыз жөнінде қуана хабарладық. Бірақ, менің іздеп қиратып жатқаным шамалы. Дегенмен, Мықтыгүл біраз «движение» жасап жүрген сыңайлы. Айтқандай, бір күні кешкі шай үстінде бет-әлпетін «загадочный» қылып (өзінің сөзі):
–Знаешь, я невесту нашла Қойлашке,–деді орысшалап кететін әдетіне басып.
–Қойшы-ей, кім ол? – деймін елеңдеп.
–Сонька, со мной вместе работает…
–Ойбай-ау, қазақ табылмады ма?
–Вот чудак, казашка конечно. Қазақша аты – Сәтен. Помнишь, на восьмое гуляли вместе. Она вроде не против…
Е-е-е, есіме енді түсті. Былай нелеу, жеңілтектеу сияқты еді. Қалай болар екен? Бірақ «бай таңдайтын заман жоқ» дегендей, қыз таңдайтын заман жоқ. Және біздің Мықтыгүл бір істі қолға алса, аяғына жеткізбей тынбайды. Қарсы келу «безполезно». Сонымен ауылдағы Қойлашқа «тез жетсін» деген хабар кетті.
Қазақта «қыз таныстыру» деген рәсімнің болғанын бір жерден оқыған сияқтымын. Бұрынғысын білмеймін, қазіргі «современный» түрі біраз машақатты керек етеді екен. Мықтыгүл екі күн бойына базарға жүгіріп қаратер болып, мен оның тікелей нұсқауымен үйді «генералит» етіп, әжептәуір әлекке түстік.
Айтылған күні алқын-жұлқын болып Қойлаш та жетті. Бұл кесір ауылда тұрам деп, шынымен-ақ өмірден біраз артта қалып қойған секілді. Басында ақжем болған ескі шүберек кепкі, мойнында сонау жетпісінші жылдарда керемет «модный» болған, «мечта комбайнера» деп аталатын алабажақ галстук.
–Қайда?! – дейді алабұртып.
–Не қайда? – дейміз түсінбей.
–Қызды айтам…
Мықтыгүл екеуіміз біраз тырқылдап күліп алдық. Өйтпесең Қойлаш боласың ба?! Қалыңдықты біз қамап бағып отыр деп ойласа керек. Қыздың, сәтін салса, кешқұрым келетінін айтып, сабасына түсірдік.
Сонымен Қойлашты ваннаға салып, сақал-мұртын алып, менің шағын гардеробымнан бір шалбар, бір көйлекті үстіне жапсырып, «городской прикид» жасап, «қыз көретін жігітті біз көрелік» дәрежесіне келтіргенде, қасында бір-екі қыз (әлде келіншек) нөкері бар, сау етіп Сәтен де жетті.
Адам баласы өзгерем десе оп-оңай екен-ау. Әнеукүнгі ұшып-қонған Сәтен жоқ. Өзіне кәдімгідей «товарный вид» жасап, екі көзін еденнен алмай, сызылып-ақ отыр.
Қойлашқа қарасам, пәтшағардың түрі американың «Том и Джерри» деп аталатын мультфильміндегі неше түрлі сұмдықты бастан кешіп, тышқанды енді қолға түсірген мысықтан айнымай қалыпты. Ақырын ымдап дәлізге шақырып алып: «Қалай, жүрек қозғалатын түрі бар ма?» – деп едім, отыз екі тісін түгел көрсетіп ыржиды (ұнады дегені болу керек).
Қысқасы, отырыс Қойлаштың қалыңдықты шығарып салуымен аяқталды. («Екі жасқа» бөгет болмайық деген шығар, пәдругілері «асығыспыз» деп бағана-ақ кетіп қалған).
Әрі-беріден соң Қойлаш та қайтып жетті. Жылдам оралғанынан күдік алып едік, қалыңдықтың: «окончательный ответімді суббота күні беремін» деген жылы хабарын ала кепті. Мықтыгүлдің: «ну как она?» – деген сұрағына тағы да үнсіз ыржиюымен жауап берді. «Бәрінен апама жақсы болатын болды!», – дейді қасқаң (құдды өзі емес, апасы үйленетін сияқты). Мықтыгүл шамасы келгенше: «В субботу иди прямо к ней в общагу, конечно не с пустыми руками, сам знаешь, әйтпесе ұят болады, все таки бірінше рет бара жатырсың», – деп бар білгенін Қойлаштың құлағына құйып жатыр. –Тәтеме привет передай, келінді өзім апарам, так что көрімдігін дайындай берсін,–деп қояды арасында. Мақтағаным емес, біздің Мықтыгүлдің басы қатты істейді. Өлгенде көрген келінінің көрімдігіне кемпір құрып кеткенде бір мал атайтынын біліп отыр.
Сонымен көңілі көкте, Қойлаш ауылға кетті. Әне-міне дегенше сенбі де болды. Түскі шайымызды алдымызға енді ала бергенде, есіктен сүмірейіп Қойлаш кірді. Қолында қазір қолданыстан қалған баяғы тор көз дорба. Оның тесігінен бір шиша мен кепкен балықтың құйрығы шығып тұр. Өзінде өң жоқ. Бір «сұмдықтың» болғанын сездім. «Не болды?» десек, «шықпады!» – деп қолын бір-ақ сілтеді. «Как шықпады?!», – деп Мықтыгүлдің екі көзі тас төбесіне барып қайтты. Едел-жедел киініп, біреуді қырып тастайтындай болып, Сәтеннің жатақханасына кетіп еді, бие сауым уақыт өтпей қайта оралды. Манағы екпіні жоқ. Келе Қойлашқа: «А ну-ка, покажи сетку», –деп ілулі тұрған тор көз дорбаны алып келіп, теңкере салып еді.., о, түрің құрғыр Қойлаш, түрің құрсын сенің. Мұның қызға апарған «пәдәркісінің» түрін қараңыз. Бір шиша арақ, бір бөлке нан, екі-үш тұздалған балық, бес-алты алма. Жайшылықта орысша-қазақшадан анау-мынау адамға дес бермейтін Мықтыгүлдің өзі мынаны көріп, аузындағы сөзінен айырылып, тұтығып қалды. Бір стақан су ішіп, өзіне-өзі келген соң ғана тілі шықты. «Конечно, шықпайды, сенің қолыңдағы сеткаңды көріп подругалары: «Сонька, жігітің келді, саған әкелген падарогын көр, керемет!» – деп күліпті. Сосын ол намыстанып шықпаған.
–Нақұрыс-ау,–деймін Қойлашқа шүйіліп,–сенің мына түріңді көріп Сонька түгілі мен де шықпас едім. Қолыңа дені дұрыс бірдеңе түспеді ме?!
Біздің әбігер болған түрімізді көріп Қойлаш аң-таң. «Өзі бір қызық адам екен (Сәтенді айтады), біздің ауылда бәрі ақ ішеді»,–дейді сабазың.
Сөйтіп, біздің Қойлашты үйлендіреміз деген алғашқы қадамымыз осылай сәтсіз аяқталды. Дегенмен, үмітсіз емеспіз. Осы әңгімені оқыған қыз-келіншектер болса, бізбен хабарласар деп ойлаймыз. Жаңағыдай қожанасырлығы болмаса, Қойлаш жалпы жақсы жігіт.

Сайлау БАЙБОСЫН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар