1 сәуір – күлкі күні

Ат артына мінгескен аяулым-ай…

Жерлесіміз Жұматай Сабыржанұлы қоғамдағы жамандық, кереғарлық атаулыны әжуа-сықақпен іреп түсетін тамаша сатирик еді. Өкінішке орай, кешегі жазғандары бүгін де көп болып арыла алмай жүрген олқылықтарымызды көз алдымызға айнытпай әкелетін сатира саңлағы өмірден ерте кетті. Біз 1 Сәуір – Күлкі күні осы бір талант иесін де еске алып, соңында қалған мұрасынан бір-екі дүниесін жариялағанды жөн көрдік.

…Арып-ашып, азып-тозып айдалада жаяу жүрген қазақ тілінің атқа аяқ артқаны – «қостілділіктің» ұраны көтерілген кезде. Дәлірек айтқанда, күмістеулі ерде едірейіп отырған еңсегей бойлы Орыс Тілінің артына шоқиған. Есебі, Көтібарға мінгескен Айман!
Одан бері де қаншама жылдар өтті. О заман да, бұ заман мінгескеннің күні оңған ба, аяулымыздың жағдайы әлі аянышты. Білеміз, түсінеміз. Бала кезімізде өзіміз де жайдақ атқа талай мінгенбіз, тай үйреткенбіз. Айтпа, …алынып қалады ғой. Удай ашығанда… малдас құрып отыра алмай, тамақты да жатып ішесің. Қазақ тілінің де жағдайы тура сол!
Бұл – бұл ма, байғұс Айманға, тағы бір Қалдан Церен төніп келеді! Қазір көше толы немісше ме, ағылшынша ма, арабша ма, әйтеуір, біз түсінбейтін бөтен жазулар. Әуелі қазақша, сосын әлгі «қонтайшылар» тұрса, мейлі ғой. Жоқ, ит жыныңды келтіріп, жалғыз өздері жарқырап, жалғанды жалпағынан басатынын қайтерсің?! Бүйте берсе, орысшаға жылап көрісетін шығармыз. Байғұс қазақ тіліне қоқаңдамаған тіл қалмасын да әйтеуір. «Жетім қызға жеңге көп»…
Мен – латын әліпбиіне көшу үшін екі қол, екі аяғымды бірдей көтеретін адаммын. Бірақ, «әуелі өліп алсай, көму қайда қашады» дегендей, әуелі заңды түрде көшіп алайық та. Сонан соң жазамыз ғой. Қазір енді ол әліпбиді танымаймыз да. Жақында Целинников даңғылы мен К.Маркс көшесінің қиылысындағы дағарадай екі дүкеннің маңдайшаларындағы, бүйіріндегі жазулардан ештеңе түсінбей, әрірек өтіп бара жатқанымда, ойдан ой балалап, бір киоскінің ішіндегі қазақ қызынан сұрай салдым: «Мына төбеңіздегі не деген жазу?». Үндемеді. Соны орысша айттым. Жауапты жып еткізді: «Айшолак!» «Қай шолақ болса да әуелі қазақша жазылғаны дұрыс қой». «Оны басшыларға айтыңыз!».
Қара көз қарындасымның осы сөзі – сахабаның сөзіндей. Әй, бірақ, ана тілдің ат артында осы шоқиғаны жетер, енді ерге отырсын деп жүрген басшы бар ма өзі, жоғарыда?
…Мәселе – ниетте! Әйтпесе, қазір әкімдердің билігі дегенің, жалпақ тілмен айтқанда, әкеңді танытып жібереді! Біздің айтып отырғанымыз, солардың бір ақырғанынан қалмайтын-ақ шаруа. Қайтесің, маңдайға жазылғаны осы болса.

Жұматай САБЫРЖАНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар