Қауіпті кезеңде дәрігерлерге зор міндет жүктеліп отыр

 Күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайын үстеме ақы белгілеу туралы шешімді бекітті.           Еліміз қазіргідей қиын жағдайда, коронавирус  пандемиясы таралу қаупі төніп тұрған кезеңде осы қауіпті індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, дәрігерлерді қаржылай қолдау шаралары қарастырылып жатқанына өте ризамын. Президенттің осы Жарлығына орай біздің дәрігерлер қауымы, басқа да ақ халатты абзал жандар алғыстарын білдіруде.

Елімізде коронавирус жұқпасының алдын алуға байланысты төтенше жағдай жарияланған бойда облысымызда да эпидемиологиялық сақтық шаралары қолға алынды. Бірнеше емдеу мекемелерінде карантиндік, провизорлық стационарлар ашылды. Соның бірі біздің диспансерде орналасқан.

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріндегі жұқпалы аурулар бөлімшесі 135 орынға лайықталған. Қазіргі таңда бізде 45 адам карантинде жатыр. Оның тоғызы коронавирус жұқпасы лабораториялық расталған науқастар. Солармен 18 медициналық қызметкер күні-түні жұмыс істеуде. Оның ішінде дәрігерлер, орта медициналық қызметкерлер, олардың көмекшілері де бар. Әрқайсысы өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді адал атқаруда.

Фтизиатрия қызметіндегі дәрігерлердің жұқпалы аурулармен күресуде, оларға диагностика жасауда, емдеуде тәжірибесі мол. Инфекциялық бақылау жағынан да фтизиатрларымыз өте білікті деп айта аламыз. Жұқпалы аурумен күресу үшін дәрігерлеріміз барын салып жатыр.

Бас дәрігердің орынбасарлары Күлбарам Баймұқанқызы мен Жазира Нысанбекова дәрігерлерді сала бойынша бағыттап, нұсқау беруде. Жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Марина Осипова, дәрігер Жанат Рахметоллаұлы күні-түні коронавирус жұқтырған науқастардың жанында болып, ем-дом шараларын жүргізуде. Медицина ғылымдарының кандидаты Зәуреш Мырзахметованың жетекшілігімен зертханамыз жұмыс істеп жатыр. Сол секілді дәрігер Марина Владимировна, орта буын дәрігерлерінің жетекшісі Роза Салықова, жас маман Нұрәлі Закарин, тағы басқа дәрігерлеріміз коронавируспен күресу үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбектенуде. Осындай-осындай ақ халатты абзал жандардың есімдерін ерекше атап өткім келеді.

Бір дәрігерлер науқастармен тікелей жұмыс істесе, енді бір дәрігерлер атқарылған жұмыс туралы есеп береді. Бір сөзбен айтқанда, диспансер қызметкерлерінің әрқайсының алатын өз орны, атқаратын қызметі бар. Бәрі жұмылып жұмыс істеуде. Науқастардың дұрыс ем алуы үшін бөлімшеде барлық жағдайлар жасалған. Әр палатада қол жуатын, жуынатын жерлері, дәретханасы бар. Әр науқас жеке-жеке палатаға жатқызылды. Бір-біріне туыс науқастар ғана бір палатада ем қабылдауда.

Барша тұрғындарды елімізде төтенше жағдайға байланысты қабылданған шектеу шараларын, дәрігерлердің нұсқауын қатаң ұстануға, осылайша елімізде коронавирус пандемиясының таралуын тоқтатуға үлес қосуға шақырамын. Баянды болашағымыз үшін әркім өз орнында жұмыла қызмет істеуі керек. Жұқпалы індеттен сақтану үшін жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық орындарға бармай, үйде оқшаулану, дүкенге шыққанда медициналық маска кию, үй-жайды, жұмыс орындарын таза ұстау, бөлмені желдетіп отыру маңызды.

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,

Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар