«Видергуберт» Ақмола облысының немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жыл сайын Германия мемлекетінің ішкі істер министрілігінің қаржылай қолдауымен «Жаңару» республикалық қорынан бөленетін грантты жүзеге асырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыстық ассамблеяның мүшесі Светлана Корнеева жетекшілік ететін этномәдени бірлестіктің неміс халқының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамыту, әлеуметтік жағынан әлжуаз топтағы тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынатан әлеуметтік, білім және мәдени жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол.
2019 жылы бірлестік жетекшісі 90 миллион теңге көлеміндегі гранттың иегері атанды. «Видергуберт» Ақмола облысының немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өз филиалдары бар. Қазіргі таңда аталған грант шеңберінде этномәдени бірлестік 10 жобаны іске асыруда.
Атап айтсақ, балаларға неміс тілінен тегін сабақтар берілуде және бірнеше студент «Неміс тілі мұғалімі» мамандығын меңгеруде. Сондай-ақ, «Вундеркинд» деп аталатын мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жастар қозғалысы дамып келеді. Бұл білім және мәдени жобалармен неміс ұлтының ғана емес, басқа ұлттардың өкілдері де, барлығы 3500 адам қамтылуда.
Жобалардың ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға, жалғызілікті қарттарға медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған «Мұқтаж жандарды әлеуметтік-гуманитарлық қолдау» жобасының орны ерекше. Жоба аясында 2 мыңнан астам адамға азық-түлік, дәрі-дәрмек үлестірілді.
Елімізде коронавирус пандемиясы таралуының алдын алуға орай төтенше жағдай енгізілуіне байланысты облыстық немістер қоғамы жоғарыда аталған топтарға көмек көрсетті. Қарттар мен мұқтаж жандарға GOVID-19 жұқпасынан сақтайтын жеке қорғаныс заттары салынған 20 медициналық пакет таратылды. Бірлестік игі шараны әрі қарай да жалғастыратын болады. «Видергебурт» қоғамы барлық іс-шараларын «Біз біргеміз» ұранымен жүзеге асыруда.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.