Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
- АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы болып өтті. Бұл шараға облыс-тар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс режимі арқылы қатысты.

Біз коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық,– деді Мемлекет басшысы.
– Мен 15 наурызда алғашқы науқастар белгілі болған сәттен бастап төтенше жағдай жарияладым. Бірден екі ірі қаламызда карантин режимі енгізілді. Шын мәнінде, қазір – бүкіл әлем жұртшылығы үшін сын-қатерге толы уақыт. Осындай күрделі кезеңде Елбасымыз арнайы мақала жариялады. Бұл – халқымыздың еңсесін көтеретін өте мазмұнды, маңызды үндеу. Береке-бірліктің арқасында Қазақстан бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға басатыны айқын.
«15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені, халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ, карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы», – деп атап өтті.
Бүгінде біз уақытында жүзеге асқан шұғыл шаралардың арқасында індеттің кең таралуына жол бермедік. Мұны халықаралық қоғамдастық оң бағалап отыр. Тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдадық. Азаматтарымызға көмектесу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қыруар қаржы бөлінді. Көптеген мемлекеттер халқына осындай қолдау көрсете алған жоқ.Үкімет сол қаражаттың сапалы әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалауы тиіс.
Төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды міндеттердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленді. Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан, Үкімет және әкімдіктер осы жұмысты ерекше назарда ұстауы қажет.
Қазақстан Президенті осыны айта келіп, коронавирус пандемиясының зардабын бүкіл дүние жүзі тартып отырғандығын және бұл індет біздің еліміздің экономикасына да теріс ықпалын тигізіп отырғандығына тоқталды. – Сондықтан, қазіргі таңда осы дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдап отырмыз. Жалпы, бүкіл әлем коронавирусқа қарсы күн сайын емес, сағат сайын күрес жүргізіп жатыр. Әлем жұртшылығы айтып отырғандай, бұл дағдарыс – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып тұрған ең ауқымды және аса қауіпті алапат. Мен өз сөзімде айтып өттім. Біз карантин шараларының арқасында вирустың жаппай таралуын бәсеңдеттік, – деді Президент одан әрі өз сөзінде.
Тұтастай алғанда, жағдай бақылауда және Елорда мен Алматыдағы қазіргі жағдай тұрақты екендігі атап көрсетілді. Бірақ, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандардың саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан, індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Оған қоса, көктемгі егіс науқаны басталды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынады. Осындай уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуалға айрықша назар аударуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет.
Мемлекеттік комиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуға тиіс. Бұл ретте, полиция мен мемлекеттік органдардың іс-қимылдары тек қатаң шаралар түрінде емес, орынды әрі ақылға қонымды болуы қажет. Жөнсіз әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
Президент карантин кезінде азаматтардың үйлерінде бо-луын талап етті. Әрине, бұл оңай емес, дегенмен бізде өзге жол жоқ. Дәрігерлердің ерлік еңбектеріне жоғары баға бере отырып, Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде дәрігерлерге қолдау көрсетіліп, олар өз еңбекақыларына қосылған үстемақыны уақытында алу керектігін баса айтты.
Президент медицина қызметкерлерінің де індетті жұқтырып жатқандықтарына алаңдаушылық білдірді. Ауруға шалдыққан бес адамның біреуі – медицина қызметкері. Бұған жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болуда. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу керек. Олар жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, дем алатын және уақытша тұратын жерлерін де мұқият ойластырған жөн.
Су тасқыны кезеңін тұрақты бақылауда ұстаған жөн. Әсіресе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай қауіп бар. Әкімдер тиісті министрліктермен бірлесіп, ұдайы мониторинг жүргізуді және жедел әрекет етуді ұйымдастыруы тиіс. Тіпті, ең дамыған елдер де өздерінің олқы тұстары мен кемшіліктерін көріп, қорытынды жасап жатыр десем, артық емес. Өйткені, пандемияға ешкім де дайын болған жоқ.
Бұрын-соңды болмаған ауыр дағдарыстан біздің халқымыз ширап, жаңа кезеңге бейімделіп шығатынына сенімдімін. Қазақстан міндетті түрде осы қиындықты еңсеріп, тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі. Жалпы, дағдарыс бұл еліміздің келешегі мен оның алдағы дамуы туралы терең ойлануға мүмкіндік береді. Сондықтан, бәріміз бір ел болып белсенді жұмыс жүргізуіміз керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар