Жабай – бақылауда! Жағдай – тұрақты!

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев  және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарды тікұшақпен әуеден бақылап, тиісті қызметтер мен жергілікті жерлерге осы қауіп-қатердің алдын алу жұмыстарын неғұрлым ширата түсуді, соның ішінде Жабай өзені маңындағы су тасқынының қаупі жоғары Атбасар қаласындағы нысандарды айрықша назарға алуды тапсырды.

Әуелі Жабай өзені бойындағы су өткізетін нысандар мен теміржол көпірі маңындағы қорғаныс бөгетін аралап көрген облыс басшысы мен Вице-министр су өтетін жердегі осал тұстарды тағы да қосымша нығайтып, жеке сектордағы тұрғын үйлер мен нысандарды судан қорғау бойынша нақтылы тапсырма берді.
– Биыл өңірде қар жылдағы нормадан 2,5 есеге көп  түсті. Сол себепті, су тасқынының қаупі де жоғары болды. Алдыңғы жылдағы жағдай қайталанбас үшін дайындық жұмыстарын ерте бастап кеттік. Жабай өзенінің су деңгейін тәулік бойы бақылап отырмыз. Қауіпті аймақтардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың маңы құм толтырылған қаптармен қоршалды. Қазіргі кезде қауіптің беті қайта бастады, – дей келе облыс әкімі Ермек Маржықпаев өткен жылы Атбасар қаласында 500-ге жуық үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілгендігін, биылғы жылы тағы осы мақсатта 100 пәтерлі бес тұрғын үй салынатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта №1 орта мектепте де көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек,  №4  орта мектеп пен коррекциялық мектеп қауіпті аумақта орналасқан. Аталмыш білім беру мекемелерінің айналасы сақтық үшін инертті материалдар салынған 23,7 мың қаппен көмкерілген екен.
– Ақмола облысы су тасқынының қауіпті тұстарын бақылап көрдік. Жағдай тұрақты. Қыста жауған қардың мөлшері көп болғанымен судың деңгейі төмен. Соған қарамастан бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Әзірге өңірде су тасқынының қаупі жоқ. Алдағы апта шешуші кезең,  сондықтан, жағдайды бақылауда ұстауымыз керек, – деді Юрий Ильин.Осы сапарында облыс әкімі «Атбасар-Шуйск» тас жолының бойында орналасқан блок бекеттің жұмысымен танысты. Аудан әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, коронавирус инфекциясын ескертіп,  алдын алу үшін Атбасар қаласында барлығы 6 блок бекет қойылып, полиция бөлімі және санитарлық қызметтерден барлығы 40-тан астам маман жұмылдырылған.
Атбасар ауданына жұмыс сапарының соңында облыс басшысы Ілияс Есенберлин атындағы аудандық кітапханада болып,  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде жоспарланып отырған ағымдағы жөндеу жұмыстарының жайын пысықтады.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар