Ауданда қазақтың біртуар данышпан ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар «Абай – дана, Абай – дара» атты шарамен салтанатты түрде бастау алды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Балпан құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасы – алтын қазына екенін, заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсетінін, Абайдың туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайтынын, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра беретінін тіліне тиек етті.
Жиын барысында жұрт ұлы ақынның өнегелі өмірімен, даналық қағидаларымен танысты. Рухани асыл мұралары насихатталып, өлеңдері оқылды, әндері айтылды. Киіз үйдің ішінде Абайдың балалық шағынан көрініс көрсетілді. Анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің дастархан басында отырып, ақылдарын айтып, шүйіркелескені, жайлауда Кұнанбай мен Абайдың әңгімелескен сәттері көрермендер көңілінен шықты.
Кеш соңында іс-шараға ат салысқан барша шығармашылық ұжымға ризашылық білдіріліп, белсене қатысушылар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Жарқайың ауданы.