Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бәрекелді! - АРҚА АЖАРЫ

Бәрекелді!

Баянғали Әлімжановтың романы ағылшын тілінде жарық көрді

Баянғали Әлімжанов – ақын, жазушы, драматург, бойына ұлы дала көшпенділерінің суырып салма ақындық, шешендік, жыраулық қасиеттерін дарытқан ерекше қасиет иесі, қырғыз емес ұлттан шыққан әлемдегі жалғыз манасшы, сыншы, сатирик, кинорежиссер және актер, балалар жазушысы мен ақыны.

Бір сөзбен сипаттасақ, ауыз толтырып айтатын уникум, ерекше жаратылған феномен. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еуразияның шығармашылық Гильдиінің мүшесі. Өз туындыларын қазақ және орыс тілдерінде жазады. Бүгінге дейін қаламынан оқырмандардың жоғары бағасын алған және ұлттық деңгейде мойындалған қырықтан астам кітап жарық көрген. Автордың қазақтың ғасырдан ғасырға жасап келе жатқан өлмес мұрасы – айтыста және басқа да халықаралық, республикалық деңгейлерде алған түрлі марапаттарын, түсірген киноларын айтып шығу көп уақытты алады.
Оқырманға бұрыннан да таныс бұл жайларға тағы бір тоқталып жатуымыздың себебі, осы жуырда ғана қаламгер таланты жаңа бір қырынан танылып, орыс тілінде жазған «Сказ столетнего степняка» романы мен «Разрешите жить!», «Абылай хан и его батыры» повестерінің Лондондағы баспадан ағылшын тілінде жарық көруінде болып отыр. «Сказ столетнего степняка» романы аты да айтып тұрғанындай, жүз жасаған, ұлы даладағы талай үлкенді-кішілі оқиғалардың, тұтас дәуірлердің ортасында жүрген жиырмасыншы ғасыр куәгерінің атынан баяндалып, қазақ халқының осы аумалы-төкпелі кезеңдегі бүкіл бастан кешкенін жан-жақты әрі терең ашып көрсетіп береді.
Демек, бұл кітаптың шет елде жарық көруі ағылшын тілдес халықтар мен елдердің Қазақстанның мәдениетімен және тарихымен танысуындағы маңызды қадамның бірі болары сөзсіз. Кітапты шет тіліне аударған Джонатан Кампион Еуразиялық шығармашылық Гильдиінің мүшесі, осындай көптеген құнды шығармаларды ағылшын тіліне сапалы қотарып жүрген тәжірибелі де білікті тәржімашы болып табылады. Ал, роман редакторы Кэролайн Уолтон – Ұлыбританиядағы талантты жазушылар мен аудармашылардың бірі. Кітаптың тұсаукесері биылғы жылдың 1-6 қазанында Лондонда Әдебиет апталығы аясында өтетін халықаралық фестивальге жоспарланып отыр.
Лондоннан осындай сүйінші хабар алып жатқан жерлесіміз қазір үлкен толғаныс үстінде.
–Халқымыздың жүз жылдық тағдыр-тарихын, әділдік сүйгіш адал жандардың арман-мұңын, ата-бабаларымыздың ерлік аңыздарын әуелі орыс, енді ағылшын тілі арқылы өзге елдерге айтып бере алғаныма Аллаға мың шүкіршілік деймін. Кітап екі нұсқада – қағаз түрінде және электрондық кітап түрінде жарық көріп жатыр. Тағы бір атап өтерлігі, әйгілі Амазон жүйесі арқылы бүкіл ағылшын тілді әлемге таратылады. Кітапты аударып, басып шығаруға демеуші болған екі бауырым – Жомарт Омаров пен Бақытжан Тілеубаевқа алғысым шексіз. Оларға да Алланың нұры жаусын. Бұған дейін бұл туындыларым қазақ тіліне де аударылып, көп томдық шығармалар жинағымның 16-ыншы томына кірген еді. Оны КазНЕБ, Әдебиет порталдарынан оқуларыңызға болады,–деп қуаныш үстінде ағынан жарылған жерлес қаламгерге «шығармаларыңыздың әлем әдебиетінің қатарын толықтыруы құтты болсын! Алда да қаламыңыздан еліңізді қуантар жаңа туындылар туа берсін» дегіміз келеді.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар