Туберкулездің алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы

Туберкулезге қарсы күрес жүргізу мақсатындағы орындарды оңтайландыру үшін 2016 жылдан бастап облыста 207 орын қысқартылды, соның ішінде 2019 жылы 97 орынға (37 пайыз) азайды, сонымен бірге, Мариновка ауылында мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі қысқартылды. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста 215 төсек-орын жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында диспансер құрылымында торакалды-хирургиялық блогы бар пульманологиялық бөлімше ашу жоспарланып отыр. Бұл орайда, бүгінгі таңда әкімшілік корпустың 3-ші қабатындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, пульманология бойынша 5 маман оқыту курсынан өтті, мүмкіндіктер шегінде қажетті медициналық құралдар, жұмсақ және қатты жабдықтар сатып алынуда, лицензия алу мен мемлекеттік тапсырысты орналастыруға дайындықтар жүргізілуде. Стационарда жатқан ауруларға қолайлы жағдай жасау мақсатында палаталардағы орындар саны 1-2 орынға дейін қысқартылды, әр палата санитарлық тораптармен және душтармен жабдықталды. Барлық бөлімшелерде жөтел кабиналары орнатылған. Эндоскопиялық кабинет те талаптарға сай жасалды. Персоналды жүрек-өкпе реанимациясын жасауға оқыту үшін симуляциялық орталық ашылып, жарақтандырылды.
Емхана мамандарының туберкулезді анықтау, диагностика жасап, емдеу мәселелері бойынша тиісті деңгейде білім алуларын қамтамасыз ету туберкулезге қарсы бағдарламаның негізгі бағыты болып табылады. 2019 жылы 186 дәрігер мен 951 орта медициналық қызметкер оқытудан өтті.
Жылдық жоспарға сәйкес 14 аудандық аурухана, Көкшетау қаласының емханалары мен медициналық-әлеуметтік мекемелеріне мониторингтік тексерістер жүргізілді. Жұмыс қорытындылары бойынша ұсынымдар жасалып, әкімдіктер жанындағы үйлестіру кеңестерінің отырыстары өткізілді, онда туберкулезбен ауыратындарға әлеуметтік көмек көлемі мен оның еселілігін ұлғайту, үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қаржы бөлу бойынша шешімдер қабылданды.
2017-2019 жылдар аралығында облыста туберкулезді зертханалық шұғыл тәсілдерді қолдану арқылы уақытылы диагностикалауға, әлеуметтік қолдау көрсету және аталмыш дертке қарсы жаңа дәрі-дәрмектерді қолдану негізінде емдеудің жаңа тәсілдерін енгізіп, науқастардың емделуге деген құлшынысын арттыруға бағытталған Жаһандық қор жобасы жүзеге асырылды. 2019 жылы жоба аясында 581 науқасқа 101,5 миллион теңге (2018 жылы – 33,8 миллион теңге, 2017 жылы – 1,7 миллион теңге) көлеміндегі қаржыға ай сайынғы әлеуметтік көмек көрсетілді, яғни, орта есеппен алғанда әрқайсысына шамамен 35 мың теңгеден берілді.
Туберкулезге қарсы жұмыстарда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор. Соңғы 3 жылдың ішінде «Игілік» туберкулез ауруының алдын алу және азайту жөніндегі» қоғамдық қоры «халықтың әлеуметтік осал топтарына (тұрақты мекен-жайы жоқ, ішімдікке салынған адамдар, иньекциялық есірткіні қолданатын адамдар, АИТВ-мен ауыратын адамдар) басым назар аудара отырып, туберкулезбен, көптеген дәріге көнбейтін туберкулезбен, АИТВ туберкулезімен тиімді күресу үшін азаматтық қоғаммен әріптестікті нығайту» Жаһандық қоры жобасын іске асырды. Жоба аясында үш жыл ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 124 науқас анықталды, 332 науқасқа қоғамдық көліктерде жол жүруге жалпы сомасы 4,3 миллион теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді, тұрақты мекен-жайы жоқ 14 тұлғаға құжат жасап берілді.
Жергілікті бюджет есебінен көрсетілген әлеуметтік көмек көлемі 49,6 миллион теңгені құрады (2018 жылы 51,7), ол туберкулезге шалдыққан 1325 науқасқа (1 адамға орта есеппен 36,0 мың теңге) бір реттік көмек ретінде берілді, бұл әлі де болса, амбулаториялық ем жүргізу кезінде науқастардың толық тамақтануы үшін жеткіліксіз.
Кәсіпкерлердің аймақтық палатасымен бірлесе отырып, бизнес құрылымдарының басшыларына туберкулездің алдын алу мәселелері жөнінде ақпараттандыруды арттыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Халыққа үнемі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады, бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының үлесі зор.
Туберкулезді ертерек анықтаудың негізгі тәсілдерінің бірі флюорографиялық тексеріс болып табылады. Флюорографиялық тексеріс жоспарлы жүргізілуде, 2019 жылы 416297 адам тексеріліп, бұл көрсеткіш 100 пайыз қамтылды. Сөйтіп, 421 адамда туберкулез дерті анықталды.
Өткен жылдың он екі айында облыста дерттің көрсеткіштері 9,7 пайызға төмендеді (ҚР 45,6). 18 жасқа дейінгі балалар арасында 23 жағдай тіркелді, 2018 жылы бұл көрсеткіш 25 болған еді.
Аталмыш ауруды саралау нәтижелері бойынша төтенше эпидемиологиялық жағдай тобына Астрахан, Атбасар, Егіндікөл, Есіл, Жарқайың, Қорғалжын аудандары енгізілді, яғни, бұл аудандарда туберкулезге қарсы іс-шараларды күшейту қажет.
Аурудың қайталануы зерттеулердің нәтижесінде мынадай себептерді анықтады: науқастарда қосарласқан аурулардың болуы 42 пайыз, алкоголизм салдарынан 35 пайыз, тұрақты мекен-жайдың болмауы 23 пайыз, алдыңғы емделу кезеңінде режимді бұзушылық 8 пайыз. Қосарласқан аурулардың ішінде көбінесе алкоголь мен нашақорлық салдарынан туындайтын психо-құбылмалы бұзылушылықтар, өкпенің спецификалық емес созылмалы аурулары, қант диабеті, асқазан-ішек аурулары және тағы басқалар кездеседі.
Тұрақты мекен-жайы жоқ адамдардың, алкоголизмге ұшырағандардың, қосарласқан аурулары бар тұлғалардың туберкулезге кеш тексерілуінің салдарынан өлім-жітімге ұшырау 13 жағдайды (2018 жылы 12 жағдай) құрап отыр, 100 мың адамға шаққанда 1,8 (ҚР – 2,0) көрсеткішін көруге болады.
Туберкулездің сезімтал түрлерін емдеудің тиімділігі айтарлықтай жоғары, ол 86,9 пайызды құрайды, бұл көрсеткіш ДДСҰ ұсынған (85 пайыздан кем болмауы тиіс) көрсеткіштерінен асып кеткен. Көптеген дәріге көнбейтін туберкулезді емдеу тиімділігі 85,8 пайызды құрайды, ал, ДДСҰ ұсынған көрсеткіш бойынша ол 75 пайыздан кем болмауы тиіс.
2019 жылдың басынан бастап облыста 46 науқас емделу режимін бұзған, оның 28-і ем алуларын жалғастырды, 1-еуі қайтыс болды, өкінішке орай, 17 науқас емдерін үзді. Дегенмен емделу режимін бұзғандарды іздеу және ем алуға мәжбүрлеу бойынша жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда бактерия бөлмейтін ауруларды амбулаторлық емдеу жағдайын кеңейту денсаулық сақтау саласының басым бағыттардың бірі болып табылады және де аурулардың 50 пайызы бірінші күннен бастап амбулаторлы түрде емделулері тиіс. 2016 жылдан бастап облыста бейнебақылау негізінде ем жүргізу енгізілді, бұл тәсілде туберкулезге шалдыққандар қашықтықтан бақыланады, яғни, шынайы уақытта бейнекөрініс арқылы байланысқа шығып, не болмаса бейнежазба түсіріп үйде туберкулезге қарсы дәрі-дәрмек қабылдап отырғандығы туралы жауапты медициналық қызметшіге жолдайды, бұл науқасқа ыңғайлы әрі оның өзінің емделуіне деген жауапкершілігін арттырады. Бейнебақылау арқылы қазір 174 науқас ем қабылдауда. Жаһандық қор жобасы аясында бұл үшін 20 смартфон берілсе, диспансер өз тарапынан 25 смартфон сатып алды, сонымен бірге ай сайын науқастардың интернет-тарифтері төленеді. Бүгінгі күні тағы да смартфондар сатып алу жоспарлануда.
Туберкулезге қарсы іс-шараларды жетілдіру, ДДСҰ-ның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін туберкулез бойынша төтенше эпидемиологиялық жағдай орын алған аудандарда оған қарсы күрес шараларын күшейту, апта сайын флюорографиялық тексерулер мен туберкулезді диагностикалау жоспарын орындауды қадағалап отыру, тұрақты мекен-жайы жоқ тұлғаларды уақытында флюорографиялық тексерістен өткізу бойынша іс-шараларды қабылдау, құжаттандыру, мекен-жайын анықтау, емханаларға бекітілу және балалар арасында туберкулезге жол бермеу үшін дертке қарсы іс-шараларды (сауықтыру, БЦЖ екпесін егу, туберкулез диагностикасы, Диаскинтест) күшейту қажет. Сонымен бірге, кейбір ата-аналардың қарсы болуы салдарынан БЦЖ екпесін алмаған балалар арасында екпе егу жұмыстарын күшейту, жергілікті полиция қызметкерлерінің көмегімен емделу режимін бұзғандарды іздеп тауып, ем алуға міндеттеу, облыстық және аудандық әкімдіктер туберкулезбен ауыратын науқастарға берілетін ай сайынғы әлеуметтік көмекті кем деген 5 АЕК-ке дейін ұлғайту мәселесін қарастыру, туберкулез туралы халықты ақпараттандыру бойынша жұмыстарды қамтамасыз ету керек. Сонда ғана біз қоғамымыздағы әлеуметтік кеселдердің бірі болып табылатын туберкулез ауруын түбегейлі жеңуге қадам жасап, осы сала бойынша негізгі көрсеткіштерді одан әрі жақсарта аламыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар