Балалардың өкпе гипертензиясы

Өкпе гипертензиясы – өкпе артериясында қан қысымының көтерілу дерті. Өкпе артериясында әдетте қан қысымы ртуттық бағанның 25 милиметріне, белгілі бір қосымша күш түскенде 30 милиметріне дейін қалыпты. Клиникалық түрде өкпе гипертензиясы ентігу, тез шаршау, перифериялық ісінулермен және ағзаға күш түскенде өзін жайсыз сезінумен ерекшеленеді.

Сондай-ақ, оң жақ қабырға тұсында ауырсынған белгілердің, жауырында да осындай шаншудың болуы мүмкін. Кейде тіпті, есінен танып қалуы да ғажап емес. Өкпе гипертензиясы кез-келген жас мөлшерінде дами береді. Балалар арасында ол баланың жалпы жағдайының нашарлауымен, күнделікті сабағының, серуен құруының қиынға түсуімен көрініс береді.
Балалар арасында екінші өкпе гипертензиясы да дамуы мүмкін. Ол көбіне басқа ауру түрлерімен байланысты болып келеді. Көбіне-көп созылмалы өкпе ауруларынан туындайды. Бір жасқа дейінгі балалар арасында екінші өкпе гипертензиясы өкпе жүйесінің туа бітті сырқаты мен дисплазиядан орын алуы жиі байқалады. Одан жоғарырақ жаста бауыр циррозы, гемолитикалық қан аздығы, басқа да созылмалы аурулар, ВИЧ инфекциясы, ұйқы безінің аурулары дәрігерлердің осындай диагноз қоюының басты себептеріне жатады.
Өкпе гипертензиясына ем қолданғанда, өкпе қан қысымының төмендеуіне және аурудың түрін нақтылауға күш салу керек. Мұндайда ЭКГ, ЭХОКГ, рентгенге түсіру диагноз қоюдың басты әдістері болып табылады. Егер жүргізілген диагностикалық шаралар өкпе гипертензия-
сын растаса, келесі зерттеу әдістері оның себептерін анықтауға бағытталады. Бірінші өкпе гипертензиясының басты диагностикалық жолы – аурухана жағдайында жалпы наркозбен жүректің оң жақ бөлігін зондтау. Бұл өкпе артериясындағы қан қысымын дәл өлшеуге және гипертензияның артериалдық немесе веноздық түрінің қайсысы екеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді әрі осы арқылы аурудың себебі ретінде жүйелі түрде өкпе шунттауын жасаудың алдын алуға болады.
Жоғары өкпе гипертензиясы анықталған жағдайда соған сәйкес терапиялық ем шараларын белгілейді. Ол өкпе артериясындағы қан қысымының түсуіне және қан айналымы жеткіліксіздігінің белгілерінің жойылуына ықпал ететін болады. Ал, екінші екпе гипертензиясын анықтағанда, міндетті түрде оның пайда болуына әкеп соқтырған ауруларды емдеу керек. Бұл көп жағдайда баланың денсаулығының айтарлықтай жақсаруына, сөйтіп, сауығып кетуіне мүмкіндік туғызады. Бастапқы өкпе гипертензиясы барысында қолданылатын осы заманғы препараттар баланың өмір сапасын айтарлықтай жақсартып, аурудың алдағы уақытта өрбуін тежей түседі.
Айсұлу ҚҰРМАНҒОЖИНА,
Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау комитеті Ақмола облысы департаментінің №5
ОМСЭ-інің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар