42500 теңге әлеуметтік төлем жасалып жатыр
Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлемді қалай алуға болатыны туралы сұрақтар көбеюде. Осыған орай, Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім бастығы Нұргүл Бексұлтанованы әңгімеге тарттық.
– Нұргүл Қаратайқызы, облыс бойынша қанша әлеуметтік төлемдер жасалды?
–Бүгінгі таңда Ақмола облысында әлеуметтік төлем алушыларға табысынан айырылуына байланысты 4 миллиард 513,0 миллионнан астам төлем жасалды. Ағымдағы жылдың 16 сәуіріндегі жағдай бойынша 128 мың өтініш келіп түсті, оның 111 мыңына төлем тағайындалды. Жалпы, 42500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш беру барысында бірқатар қателіктер кездеседі. Мәселен, кейбірінің ЖСН нөмірлері дұрыс болмаса, тағы біреулері қазіргі сәтте жұмыс істемей тұрған есепшот нөмірлерін көрсеткен жағдайлар бар. Оның бәрі тексеру барысында анықталуда. Сондықтан, өтініш беру тәртібіне барынша ыждаһаттылықпен қарау керек екенін де айтқым келеді. Өйткені, өтініштерді тексеру барысында құжаттардың дұрыс болмауына байланысты әлеуметтік төлемдерді төлеудің кешігетіні шындық.
Елдегі төтенше жағдай барысында бұл әлеуметтік төлемдердің қалай төленетіні туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз хабарламасында баса айтқан болатын. Яғни, бұл төлемдер үш құрылымның қатысуымен өтеді. Біріншіден, қаражат төленетін әлеуметтік сақтандыру қоры, екіншіден, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, үшіншіден, өтінімдерді қарастыратын Еңбек министрлігі. Міне, осы үш құрылым өтініштерді тексереді. Сол кезде ЖСН немесе есепшоттардың сандарынан қате кетсе, ол біраз уақытты талап етеді.
– Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді кімдер алады және қалай алады?
– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жаңа әлеуметтік төлемді тағайындаудың тәртібі мен шарттары белгіленді. Әлеуметтік төлемдер шағын және орта кәсіпорындардың жұмысшыларына төленеді. Сондай-ақ, карантин енгізілген елді мекендердегі ірі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер, нотариус, жеке адвокат, кәсіби медиаторлар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер мен Азаматтық-құқықтық келісім-шарт бойынша кіріс алатындарға және бейресми жұмыс істейтін адамдарға да әлеуметтік төлем жасалады. Осы санаттағы адамдарға тиісті төлемді алу үшін өтінімнің электронды нұсқасын ұсыну және Egov.kz порталында қажетті жолдарды толтыру керек. Сондай-ақ, электронды сандық қолтаңбасы болуы тиіс. Оның нәтижесі үш жұмыс күні ішінде порталдағы есептік жазбаңызға келеді. Айта кету керек, әлеуметтік төлемдерді алу мен тағайындаудың барлық процедуралары онлайн режимінде жүзеге асырылады, сондықтан, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген қауіп-қатері болуы мүмкін емес.
– 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдер студенттерге қалай беріледі?
– Дұрыс айтасыз. 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді студенттер ала алады. Бірақ, бәрі емес. Оқумен қатар, жұмыс істегендер ғана өтініш бере алады. Өздеріңіз білетіндей, студенттердің көпшілігі дәмхана, мейрамхана, дүкендерде жұмыс істейді. Карантиннің салдарынан олар да табыстарынан айырылды. Сондықтан, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді студенттер де өтініш беру арқылы алатын болады. Бұл туралы да Министріміз брифингте егжей-тегжейлі баяндады. Сондықтан, төлем тәртібі барлығына бірдей. Егер студент ресми жұмыс істесе, онда ол төлем алуға құқылы. Ал, бейресми жұмыс істесе, алдымен АЕК төлеу керек. Алайда, 42500 теңге олардың стипендия алатын-алмайтынына әсер етпейді және ол тексерілмейді де. Бұл жастарымыз үшін үлкен қолдау болып отыр. Сондай-ақ, оқырмандардың естеріне тағы бір сала кеткім келгені, әлеуметтік төлемдер туралы өтініштерді e-Gov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және Help42500Bot-да, Telegram-bot арқылы беруге болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.