Індетпен күрестің бел ортасында жүрген дәрігерлер оқшауландырылды

Жуырда Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде коронавирус ауруына шалдыққан науқастарды емдеп жатқан жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкерлері өз жұмыс мерзімдерін аяқтап, он төрт күнге демалысқа шықты.

Олар осы уақыт ішінде Зерендіде бақылауда болып, әрі дем алып, одан кейін тағы диспансерде коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу шараларына жұмылдырылатын болады.
Бүгінде диспансерде коронавирус жұқпасы лабораториялық расталған 32 науқас ем қабылдауда. Оның жетеуі кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Осында жатқан 8 адам коронавирустен жазылып шыққан.
Диспансердегі мамандардың барлығы арнайы қорғаныс киімдерімен, ыстық тамақпен, залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етілген. Осы орайда, диспансердің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов бейнебайланыс арқылы әр медициналық қызметкердің хал-жағдайын сұрап, коронавируске шалдыққан науқастарды емдеу кезінде бұл індетті өздері жұқтырып алмаулары үшін өте мұқият болуды ескертті. Себебі, қазіргі таңда елімізде коронавирусті емдеумен айналысып жатқан әрбір бесінші дәрігердің осы қатерлі індетке шалдыққаны туралы деректер бар.
–Қазіргі таңда біздің басты міндетіміз – науқастардың арасында өлім-жітімнің, ал, медицина қызметкерлерінің арасында коронавирус жұқтырудың алдын алу болып табылады. Сіздер медицина саласында жаңа әдістерді меңгерген, жаңаша көзқарасы бар білікті маман екендеріңізді көрсетіп келесіздер. Оқшауланған ортада науқастарды емдеп, міндеттеріңізді адал атқарып жатырсыздар. Сіздерге осы өлшеусіз еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін, – деді бас дәрігер.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен коронавирусқа қарсы іс-шараларға тікелей қатысып жүрген денсаулық сақтау ұйымының қызметкерлері еңбекақыларына қоса, үстеме ақыларын ала бастады. Үкімет Қаулысымен жалақыларына қосымша қызмет атқарған сағаттарына орай, екі жүз мыңнан сегіз жүз мыңға дейін үстемеақы төленсе, диспансер өз тарапынан наурыз айында әр қызметкерге 150 мыңнан сыйақы берген.
Диспансерде болғанымызда Қасымжан Қалижанұлынан коронавирус індетінің біздің өңірде тіркелуі және оған қарсы атқарылып отырған іс-шаралар жайлы сұрап білген едік.
–Бүгінгі таңда облысымызда коронавирус жұқтырған 71 науқас тіркелді. Бізде ем қабылдаған 8 науқас жазылып шықса, 84 жастағы бір адам қайтыс болды. Өздеріңіз білетіндей, облыс орталығында инфекциялық аурухана жоқ. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің ғимаратына 2019 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әрбір палата 1-2 науқасқа лайықталып қайта жабдықталды, душ қабылдайтын, тағы басқа санитарлық тораптар орнатылып, әрқайсысына желдеткіштер қосылды. Осының бәрі коронавируспен ауырған науқастарды орналастырудағы басты талаптар болып саналады. Қарастыра келгенде, мұндай талаптарға сай бірден-бір медициналық мекеме облыстық туберкулезге қарсы диспансер болып шықты. Сөйтіп, осы ғимарат оқшауланып, бөгде адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Біздің диспансер қызметкерлерінің қатаң эпидемиологиялық режимде қызмет атқаруға дайындықтары жоғары деңгейде, бұл қағидалар қызметкерлердің ауырып қалмауларын қамтамасыз етеді. Тағы бір ескертетін жай, өңірімізде туберкулезбен ауырған адамдардың көпшілігінің табысы жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен жандар. Сол себепті, коронавирус індетінің алдын алу жолында осындай сырқаттарды да әлеуметтік қолдау мәселесін жергілікті басшылар жанашырлықпен шешіп отыруы керек. Әйтпегенде, олар да коронавирусқа шалдығатын қауіпті топты көбейтеді, – дейді бас дәрігер.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар