Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірдің өзі – новелла - АРҚА АЖАРЫ

Өмірдің өзі – новелла

Бейтаныс ару

Тұрлыбек күндегі әдетінше шеберханасына келіп тапсырыспен берілген қазақы дөңгелек столға қошқармүйіз оюларды сала бастағаны сол еді, қалта телефоны шылдырлап, қоңыраулатып қоя бергені. Телефонның әр жағынан жұмсақ үнмен, бірақ, бұйрық райда үйінің есігін жөндеп беруді өтінген әйелдің дауысы естілді. Дауысынан орта жастағы келіншек екенін шамалаған Тұрлыбек дәуде болса, басшылық қызметте істейсің-ау деп ойлаған.

Өзіне-өзі жұмыс істейтін Тұрлыбек тапсырыспен үйлерге жөндеу жұмыстарын да жүргізетін. Жарнамаға мекен-жайы мен телефонының нөмірін де беріп қойған-ды, сірә содан алып хабарласып тұрса керек. Баратын уақытын жұмыстан кейінгі кешкі уақытқа келіскен соң, керек-жарақтарын салған қобдишасын қолына алып, аталған мекен-жай бойынша үйдің қоңырауын басты.
Есікті қызғылт түсті жеңіл халат киген келісті келген келіншек ашты. Үстінен шыққан француз әтірінің исі мұны сәл елітіп әкеткендей болды. Бұйралау келген шашы, қырықтардан асса да бір де әжім түспеген аққұба өңі өзін күтіп ұстайтын қаланың қызы екенін көрсетіп-ақ тұр. Үйіне бастаған келіншек құлпы істемей тұрған есікті көрсетті де, өзі ас үйге қарай кетті, сірә жұмыстан келгеннен соң кешкі асты ішпесе керек. Өзі кеште бастаған іс тез біте ме? Бұл есіктің құлпын жөндеп біткенше сағат кешкі оннан асып та кеткен. Құрал-сайманын жинап жатқанда үйдің иесі әдемі келіншек қасына келіп әңгімелесіп тұрды.
Айтуынша осы өздері тұрып жатқан Астанада жоғары оқу орнында оқытушылық қызметте көрінеді, профессор атағы бар. Күйеуі ертеректеу қайтыс болған, екі баласы шет елде оқуда. Екеуінің әңгімелері жарасқан соң ба, әлде жалғыздық шаршатқан ба, ол жағы өзіне ғана аян сұлу келіншек рахметін айтқан соң шәй ішуге шақырды. Өзі жеңіл-желпі жылдам пісетін ас әзірлеп қойыпты. Мынандай әдемі кеште сұлу келіншекпен кешкі асқа құр қол отыруға жігіттік намысы жібермеген Тұрлыбек жұмысына деп алған 15000 теңге ақшасына төменгі қабаттағы дүкеннен жүгіріп барып қымбат шарап пен шоколад алып келді. Екеуі шараптан аздап алғаннан кейін сұлу келіншектің алмадай екі беті қызарып, жаңа ашылған раушан гүліндей тіпті жайнап кетті. Осынша сұлулық пен сымбаттылықты бір адамның бойына құдіретті күш иесі қалай ғана жинап-теріп берген деп ойлаған Тұрлыбек білдірмейін десе де ұрланып қарай бергенін өзі де сезбей қалды. Сезген күннің өзінде де еркінен тыс көзін ала алмады. Әйел затының жылыұшырай өзіне тарта күлімдеген көз жанары, көркем келбеті, өзіне ерекше ықыласпен көңіл бөлуі, сыңғырлаған нәзік дауысымен өзгеше дыбыс өрнегін салып жеткізе білуі мұның ықыласын оятты. Жасырына қарап, ойы еріксіз бұзылып, сезім әлемінің бағынышты тұтқыны болмауға амалы қалмады. Өстіп отырғанда сағат он бірден асып кетіпті. Қалада автобустар тоқтап қалған. Бұл ыңғайсызданып, таксиге заказ берейін дегеніне бір-біріне деген ерекше көңілді байқады ма, «жарайды, асықпасаңыз ертең ерте шығарсыз» деп ұсыныс білдірді. Мұндай ұсынысты күтпеген Тұрлыбек қуанғанын жасыра алмай, ұялғанынан екі беті қызарып, басын изей берді. Әйтеуір, қалатын болғасын, әдемі отырысты соза түскісі келген Тұрлыбек тағы да бір бөтелке шарап алып келді. Бір жағынан шараптың да қызуы бар әңгімелері жарасып бір-біріне ашыла түсті. Бұл көбінесе әңгімені махаббат жағына бұрып отырса, сұлу келіншек жалғыздықтың қиын екенін алға тартты. Өмірде атақ-даңқ, дәрежеге жеткенін, жоғары дәрежедегі ресми отырыстар мен шетелдік демалыстар шаршатқанын алға тарта келе, кейде екеуара оңашада өзіңді еркін сезініп, жайлы отырғанды аңсайтынын айтты. Осылайша құпияға толы бір ұзақ түн өте шықты.
Таңертең кетерінде Тұрлыбек телефон нөмірін сұрап еді, ол бас тартты. –Мені іздеудің қажеті жоқ, керек болсаң, өзім тауып алам,–деп жұмсақ шығарып салды. Ылғи бірсарынды өмір сүруге дағдыланған Тұрлыбекке өмір басқа бір қырынан көрінгендей болды. Тек кеше кездескен сұлу келіншектің көңілінен шыға алды ма, жоқ па, бұл үшін сол жағы жұмбақ болып қалды.
Амантай Бейсекеев.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар