Бөрі жортқан Арқаның бөктерінен

Сағатбек Ахметхажиұлы 1974 жылы 22 маусымда Шығыс Түркістанның Алтай аймағының Буыршын мен Қаба аудандарының арасындағы Киікбай деген жерде дүниеге келген. 2010 жылы мамырда Атамекенге оралған. Қытайда шығатын газет-журналдарда, өлеңдері Қазақ елінде шығатын «Егемен Қазақстан», «Заман Қазақстан», «Үшқоңыр», «Шалқар», «Арқа ажары», «Жетісу», «Төртінші билік» газеттері мен «Қазақстан әйелдері», «Көкшетау», «Үн», «Тұмар», журналдарында жарық көрген. «Қанас меруерттері», «Киелі мұнара», «Сезім тамшылары» альманахтары мен «О, Ағажай», «Көкжал түн» жеке жыр жинақтары жарық көрген. Қазір Ақмола облысы Ерейментау ауданы Тайбай ауылында тұрады.

Елеусіз қалған моладан

Құлагер шапқан ғұн далам,
Құстардың жырын тыңдаған.
Сарала күзде ер Көкше,
Қырқасын неге тұлдаған?!

Жарқылы түсіп жасынның,
Көз жазып небір асылдан,
Қымқырып кеткен кешегі,
Бабаның бал-бал тасын кім?

Біржан сал еске оралып,
Ақаны кірсе түсі ме,
Иманжүсіп айтқан өсиет,
Ой салар қатты кісіге.

Апарар мынау жол қайда,
Тоналған кеуде тоңбай ма?
Атаның алтын қазығы,
Жоғалар болса сол қайғы.

Жем болып тоты торғайға,
Төріңде шымшық сайрайды.
Әсіре қызыл тез оңар,
Түбінде қайыр болмайды.

Абыздар туған сартабан,
Ән кетті қазір Арқадан.
Дүбәрә жасық ұрпақтар,
Не болар екен әлітаман.

Есілдің мұңы ескі мұң,
Ғазалын айтар кешқұрым.
Елеусіз қалған моладан,
«Ах» ұрған дауыс естідім.

Қанымда ағып ұлы Ертіс толқыны

Жанарында иман тұнған балажан,
Жазып жүрмін, жаным әке, саған ән.
Бей уақытта көкжиекке телміріп,
Ұлыңды ойлап сағындың ба, анажан?!

Қанымда ағып ұлы Ертіс толқыны,
Жанымдағы ащы бір күй толқыды.
Ләйләменен тұнығыңа шомылып,
Қоштасып ем қимай, қинай сол түні.

Белдеріңнен боз жусаны бұрқырап,
Батпағыңда бақалары шұрқырап.
Кеш түсіндім, о, киелі туған жер,
Сенде қалған сәби даусым шырқырап.

Сен де жетім, мен де жетім Алтайым,
Қиырларда қалжырадым, қартайдым.
Әлім жетпес қиялдарға қол созған,
Сөз кемірген Сарыарқада Нартайдың.

Бөлтіріктей жалап жазам жарамды,
Тілсім терең түс көремін таң алды.
Бір тамшы қан бойымдағы топырақ,
Алып кетем қабіріме қараңғы.

Ащы ақиқат

Омалған ойлар, меймаза тірлік, кенде күн,
Қанағат етіп, қара суға да терледім.
Қаймана – ғұмыр қазақтың туын көтеріп,
Толағай кеуде намысты жатқа бермедім.

Жұқарып жүйке тауымда жатқан ән тұнып,
Ақиық қиял қиянға қанат сермедім.
Бұрқырап иісі мәңгілік жатар тұрағым,
Бір уыс қана қолыма тұрмас жер демім.

Таусылып тағат, сағынып ата-анамды,
Мейірімдеріне жібітер таңдай шөлдедім.
Маңдайым тайқы, байлықтың жырақ ауылы,
Құлы да болмай келемін әйтеу, теңгенің.

Ақиқат түбі Алланың сөзі екенін,
Азаннан естіп, Құраннан оқып көргенмін.
Жаратқан раббымнан басқаның,
Жолына әсте сенбедім.

Алланың сөзі жамырап жатқан жырларым,
Таңдайдан тұрса тамшылап тасқа тыңдарын.
Күлтегін жортқан құба түз, құлан даламның,
Қайғысын қосып, қасиетін де жырладым.

Күрмеуден таза жанымда жатпас жамандық,
Мінезім құйын, ақымақ, аңғал пендемін.
Барым да осы, нарым да осы жырларым,
Қорқыта алмас енді өлім…

Сағатбек Ахметхажиұлы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар