Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірлігімізбен бәрін де жеңеміз! - АРҚА АЖАРЫ

Бірлігімізбен бәрін де жеңеміз!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елдің бірлігін айтып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап «Менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі» деген аталы сөзі де есімізде.

«Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» (8 сәуір, 2020 жыл) атты мақаласында да Елбасы елді бірлікке шақырады. Бірлікке жететін қуатты күш жоқ екендігін аталарымыз да небір кемеңгерлікпен айтып кеткен болатын. Елбасы өзінің сөзінде Қазақстанның өз тәуелсіздігінің 30 жылында сан қилы жолдан өткендігін, ел дамуының дұрыс жолын таңдай білудің нәтижесінде қуатты да, абыройлы да беделді, халқының ынтымағы жарасқан мемлекет құра алғанымызды, атқарылған істерді тағы да көз алдымызға әкеліп, жадымызды жаңғыртқандай болды.
Рас, біз тарихтың аса күрделі кезінде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Небір сындарлы кезеңде, елдің іргесі шайқалып кетер тұста да, экономика дегеніңіз құлдырап бітіп, жұмыссыздық жайлап, қазынамыз, дүкен сөрелері бос қалып, «қазақтар өз бетімен ел бола алмайды» деген сенімсіздіктер де үрей туғызған сәттерде Елбасы өз халқымен болды.
Елбасы тәуелсіз мемлекет құрудың азапты күндері мен ұйқысыз түндерін халқымен бірге өткізді. Елбасы бәрін де халқымен бірге көрді, бірге төзді, бірге жеңді! Қазақстанды әлем Тұңғыш Президентіміз Назарбаевтың есімімен, Назарбаевтың келбетімен, Назарбаевтың ісімен таныды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Н.Назарбаевтың әлемдік саясаттағы ұлы тұлға екендігін орынды атап көрсеткені де бар. Елбасы елге арнаған сөзінде тағы да елімен бірге екендігін, ел басына төнген осы бір індетті жағдайдан халқының аман-сау шығуын ойлап, ой толғайды. Аталық сөзін айта отырып, абыздық оймен толғанған Елбасының жұрт көңілінің алаң осындай тұсында ел ішінде үрей тудыратын өсек-аяңды таратудың өзі ел ішіне іріткі салу деп бағалайды. Және де «Көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал» дейді Елбасы!
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемді жайлап бара жатқан аса қауіпті індеттен Қазақ елінің аман шығуы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың дұрыс шешім қабылдап жатқанын және де бәріміздің оны қолдап, бір болуға шақыруы елдік сөз дер едім.
Қазақ халқы ақыл-парасатты халық! Бұл сынақтан да амандықпен өтерімізге сенім бар. Ең бастысы, қазіргі жағдайда Елбасы айтып отырған бірлікті сақтай отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайдан шығу жолында белгілеп отырған барлық амалдарына қолдау көрсетейік. Біз бәрін де жеңеміз! Жақсы күндеріміз алда! Тек аман болайық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар
кеңесінің мүшесі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар