Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әбу Насыр Әл-Фараби – 150 - АРҚА АЖАРЫ

Әбу Насыр Әл-Фараби – 150

Әл Фарабидің Жаратқан туралы ой-пікірлері

Ұлы бабамыз Әбунәсір Әл-Фарабидің даналығы өзіне дейін өмір сүрген ұлы ойшылдардың еңбектерін түсіндірумен, одан әрі жетілдірумен және өз заманындағы көптеген ғылым салалары бойынша құнды еңбектер қалдырумен көрінеді. Фараби өмір сүрген дәуір – ислам халифатының ислам өркениетінің шарықтау шегіне жеткен, өркендеген кезімен тұспа-тұс келді. Адамзат баласының ғылым-білімінің дамуына үлкен серпін берген ислам өркениеті бүгінгі материалдық түсінікке үйлеспейтін, барша табиғат пен жаратылысты Жоғарғы Санамен байланыстырды. Фараби еңбектерінде де осындай философиялық тұжырымдар көп кездеседі. Жоғарғы Сана немесе Жаратқан және дін туралы данышпанның ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ойшылдың ұғымынша қоғамның беріктігі, тұрақтылығы, күштілігі имандылықтан, жаратылыс құдіреті туралы адамзаттың дұрыс танымынан бастау алмақ. Барлық ғалам, адам баласы үшін бір ғана мән, бір ғана негіз бар, ол жаратушы. Әл-Фараби ілімінде жаратылыс ақиқат, ақиқат туралы дұрыс білім, адам баласының жаратылыс ақиқатын дұрыс ұғынуы Бірінші Тұлға туралы дұрыс білімінен көрінеді.
Қазақта, «жалғыздық бір Аллаға ғана жарасады» деген ұғым осыдан туса керек. Бұның мәні адам қанша атақты болсын, данышпан, кемеңгер, батыр, сәуегей болсын, барлық адамзатты өзіне қарата берсін ол адам дүниені өзгерте алмайды, табиғатты қайта жасай алмайды, кәрілікті жеңе алмайды. Сондықтан да, барлық құдірет, мінсіздік жаратылыс иесінің құдіретіне ғана үйлеседі, сол ғана барлық жаратылыстың иесі болуымен ғана дара деген ұғымды білдіреді. Зиялы адам өз заманында имандылығы, діни білімі, қабілеті, тәрбиесі, адамгершілік қасиеттері арқылы адамзатқа, ұлтына, діні мен діліне дұрыс қызмет етіп, ұрпаққа ізгілігі мол істерін қалдыра білсе адамзаттық кеңістіктегі тұлғалыққа қол жеткізбек, бірақ адам қанша кемеңгер болса да Бірінші Тұлға бейнесін біле алмайды. Демек қоғамның, адамзат қоғамының, ұрпақтың бейбіт өмірін, ізгілігін қалыптастыратын жалпыға ортақ дұрыс білім, діни сауаттылық және парасаттылық. Бұлар қашанда адамзаттық мәдениет пен өркениеттің тірегі болып табылады.
«Бірінші Тұлға – барлық жан біткеннің өмір сүруінің бастапқы себебі. Жалғыз сол ғана кемшіліктен ада: басқа жан біткеннің бәрінде – Одан басқасында ең болмағанда бір кемшілік немесе бірнеше кемшілік бар. Ал, Бірінші Тұлғаны алатын болсақ, ол мұндай кемшіліктің бәрінен ада, өйткені, Оның тіршілігі кәміл және болмысында басқаның бәрінен озық, Одан кәміл жетілген еш нәрсе жоқ және одан бұрын ешнәрсе де болмақ емес. Бұл ретте оның тіршілігі ең мәртебелі дәрежеде әрі ізгі, әрі кәміл жетілген» – деп жазып кеткен Әл-Фараби. Адам баласы тарихтың қайнаған дәуірінен қанша алыстағанымен, ол діннен, жаратылыс ақиқаты туралы ұғымнан алыстамайды. Дін адамзат баласының әлемінде, дұрыс өмір сүрудің жолын сақтап тұру үшін Жаратылыс иесінің адамзатқа салып берген тура жолы. Осы тура жолдың басында Бірінші Тұлға ақиқаты құр пайым түрінде емес, ақиқатты білім, парасатты түсінік, кемел ұғым болуы тиіс. Себебі, ізгілікті қоғам, мемлекет халықтың дұрыс діни танымынан, білімінен шығып отырады. Әл-Фарабидің бұл ұғымына Абай өзінің Отыз сегізінші қара сөзінде былай деп жауап берген: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады»[3. 100 б.]. Әл-Фарабидің, Абайдың, Жүсіпбек Аймауытовтың айтып отырғаны адамды, сол арқылы мемлекетті, ұрпақты, ұлтты сақтайтын кемел білім. Адамзаттық болмыстың мәні оның бойындағы ізгілігімен көрінсе, ізгілікті қоғамның кілті ұрпаққа таза дін, кемел білім, дұрыс ілім арқылы табысталмақ. Заманыңда білім мен ғылым бола тұрып оны дұрыс иелене алмасаң, мемлекетіңе білімің мен ғылымың арқылы көмектесе алмасаң ілгерілеу болмайды. Әлеуметтік ортадағы даму, адам болмысының өрісіндегі рухани дамудан басталады. Рухани дамудың негізінде дұрыс таным, тарих, Отан, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұр.
Интернет материалдары бойынша дайындаған
Қалкөз ЖҮСІП.

Әл-Фараби.
«Қайырымды қала тұрғындары» трактаты
Ол басқа нәрсе мүлдем ара­ласа алмайтын болмыста Жалғыз бол­ға­ны үшін Бір екендігі, Өзінің болмыс дәрежесінде Жалғыз екендігі, Оған не по­тенция, не әрекет араласпайтын және қан­дай жағдайда да, бөлінбейтін бол­мыс әрі жауһар екендігі, Өзінен басқа нәр­селерден Оның Өзі болып табылатын бірлік арқылы ажыратып тұрған болмысы Өзінің бірлігі болатын Өзіне ғана тән болмысы екендігі және Ол бір болу мағынасының осы жақтарымен Бір болатыны айқындалған.
Осы болмыс аталуы тиіс (болмысқа берілген) есімдер қан­дай нәрсе болуы керек. Және аталған есімдердің көптігіне қарай сол болмыстың бар болуы да көп деген тү­сінік болмау үшін ол есімдерге қалай дәлелдер келтіру керек және болмыстарда болатын кемшілік осы болмыста да бар деген қате түсінікке кел­меу үшін ол есімдердің әрқайсысына қандай дәлел жасалу керек. Осы болмыс аталып тұрған бұл есім­дер шын мәнінде, біздегі әрбірінде кем­шіліктен бір нәрсе болатын Одан басқа көптеген болмыстардың есімдері мен мағыналары. Сондықтан, бұл есім­дердің барлығын біз шын мәнінде, кем­шілігі бар болмыстарды білдіруде қол­данып әдеттенгенбіз әрі ол есімдер ту­ралы біздің түсініктегі әдет бойынша олар арқылы Онда да нұқсан бар деп тү­сінуден әрі елестетуден аулақ бола ал­маймыз немесе біз де көп деп түсінуге әдеттенген ол есімдердің көптігі мен көп мағыналылығы Ол болмыста да көп болып елестейді. Көптік болмыстың кемшілігі болып табылады. Сол себептен де, Онда асылында кемшілік бар деген қате түсінікке келмеу үшін осы есімдерге қалай анықтама берілуі тиіс екендігін білуге мұқтажбыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар