Қос майданның ерлері
Адамзат тарихында айрықша орын алатын, әрі бұрын-сонды болмаған қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына да 75 жыл уақыт өтіпті. Өзіміз соғысты көрмесек те, әкелеріміз айтқан әңгімелер, көрген кинофильмдеріміз арқылы елестетіп, үрейленуші едік. Қазір бұл соғыс туралы қарама-қайшы әртүрлі пікірлер айтылып жатыр, мейлі ғой, кім не айтса да өз еркі. Бірақ, бір нәрсе айқын – Отан үшін, қасиетті туған жер үшін, елімен ұрпағының тыныштығы үшін қасық қанын қиған ерлердің ісі ешқашан өлмейді. Осы жолда қыршынынан қиылған боздақтарымыздың саны қаншама?! Былай қарағанда, соғыс қазақ жерінде өтпесе де, қан-майдан басталғаннан-ақ қазақ жауынгерлері алдыңғы шеттерге жіберіліп, есепсіз қырылды. Ол бір майданнан қара қағаз жауып кеткен, бейкүнә халықтың есін алған сұмдық сұрапыл жылдар еді…
Сол қан майданнан аман қайтқан, жеңіспен оралған жауынгерлердің бір жағы жұлдызы жоғары дейтін болсақ та, олар өз елдеріне батпан жүк арқалап қайтты, олармен бірге елден аттанған жүздеген жерлестері бұлар сияқты туған жұртымен қауышып, бала-шаға бақытын көре алмады. Енді бұлар сол боздақ бауырлары үшін де аманат арқалап, еселеп еңбек етіп, олардың орнын жоқтатпауға тиіс еді. Міне, осындай туған еліне аман-сау қайтқан ел азаматтарының бірі Бектемісов Тасым Бектемісұлы болатын. Бірақ, осы бір адамдық бақытқа жету, өзінің азаматтық парызын өтеу Тасым атамызға оңайға түскен жоқ. Әйтеуір, жаны аман қалды демесек, күніне мың өліп, мың тіріліп, жаны қылдың ұшында жүрген шақтар еді ғой. Ақсақал сол бір сұрапыл шақтарды ауыр күрсініп, мұңая отырып еске алатын…
Тасым Бектемісұлы 1909 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Қараөзек ауылында дүниеге келген. Әлі соғыстан бейхабар шақта, 1931 жылы әскери міндетін өтеуге аттанып, 5 жыл міндетін өтеп келген соң, өмір өзінің бірқалыпты ағысына түскендей еді. Тарихтан белгілі, бұл кезеңдерде Қазақстанда ауыр экономикалық ахуал қалыптасып, халық жағдайы күрт төмендеп кеткен уақыт. Ашаршылық тауқыметі репрессияға ұласып, онсыз да халықты үрей билеп отырған шақта, жығылған үстіне жұдырық болып, жер-дүниені дүр сілкінтіп, соғыс хабары жетті. Әскери тәжірибесі бар солдат ретінде Тасым Бектемісұлы 1942 жылы соғыстың қызып жатқан тұсында жауып тұрған оқ пен оттың ортасынан бір-ақ шығып, Беларуссия жерінде 14-ші артиллерия полкінің 16-шы гвардиялық миномет бригадасында неміс басқыншыларына қарсы ұрысқа кірді. Сол майданға кіргеннен, жан алысып, жан беріскен қым-қуыт арпалыста жүріп, Польша жеріне дейін барып, Познань қаласын жаудан азат ету жолындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысты.
–Менің бұл атың өшкір соғыстың алдында 5 жыл әскерде болып, тәжірибе жинағандығымның пайдасы көп тиді,– деп әңгімелейтін ақсақал, –ысылып қалғандығымнан шығар, әскери стратегиялық жағдайларды барлап, сақтық шараларын ескере жүруші едім. Қару түрлерін де орнымен қолдана білетінмін, орынсыз шығын жұмсамаушы едім. Осыны аңғарған командирлерім мені көбінесе майданға бірден кірген тәжірибесіз жас жауынгерлерге жетекшілік етіп отыратын… Отан ортақ болған соң, ол өзінің қазақ жауынгер бауырларына қоса, орыс, украин, өзбек, грузин жігіттерімен де бауырласып тіл табысып, Жеңіс жолындағы мүддеге тізе қосып, бірге жұмыла ұмтылды.
Тасым Бектемісұлының Сталиннің оң қолы болған майданның бас қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков әскерлерінің құрамында соғысып, Берлинге дейін жетуінің өзі, әрине, түсіне білгенге зор мақтаныш. Соның дәнекер белгісіндей, оның кеудесіне генералиссмус И.В.Сталин мен Г.К.Жуковтың арнайы қол қойған «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ, Прага, Варшава, Познань қалаларын азат ету үшін, Германия жеріне енген жеңімпаз армия құрамында Штутгард және Берлин қалаларындағы кескілескен ұрыстарда ерлік көрсеткені үшін алған медальдары мен 1-ші және 2-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері жарқырайтын. 1945 жылы ол өзінің майдангер серіктестерімен жеңіс салтанатын тойлап, туған еліне оралды. Әрине, бұл соғыс өте қымбатқа түскенімен, жеңістің аты жеңіс, өйткені, олар қасиетті туған жерінің, халқының тыныштығын қорғап, жауға берілмей аман алып қалды. Ол өзінің туған жерінің киелі топырағын аман басқанына шүкіршілік етіп, енді соғыс қаруын еңбек қаруына айырбастап, бейбіт өмірдегі еңбек майданына қызу кірісті. Тірі адам тірлігін жасайды. 1947 жылы Наймаш Бимендеқызы Бимендинамен қосылып, шаңырақ көтерді. Наймаш Бимендеқызы да өзінің көптеген құрбыларымен бірге Ұлы Отан соғысының тезірек жеңіспен аяқталуына өз үлестерін қосып, тыл жұмысында болған, сол еңбегі үшін бірнеше Отан марапаттауларына ие болған еді.
Тасым Бектемісұлы туған жері Қараөзек еліне өзінің бар қажыр қайратын жұмсап, соғыстан кейін, елі мен жерінің тезірек көркейіп, оңалуына атсалысты. Соғыс салған лаңнан ел азаматтарының иығына зілбатпан ауыртпалық артылды. Олар өздерінің майданнан қайтпай қалған қанды көйлек жолдастарының орнына еселей еңбек етті, елде жұмыс күші жетіспейтіні анық байқалып, күндіз-түні тынымсыз еңбектенуге тура келді. Тасым Бектемісұлы әуелде астық қоймасының меңгерушісі, кейінірек мал шаруашылығында шопан, әрі қарай осында бригадир, ал зейнетке шығар алдында егін алқабын қарауылдап, сонымен қоса, жемшөп қоймасының кілтшісі болып еңбек етті. Жұмысшы жетіспей жатқандықтан, ол зейнетке шыққаннан кейін де жайбарақат жата алмай, совхоз жұмыстарының жанданып кетуіне өз үлесін қоса берді. Ол кісінің өмір жолдарына байыппен зер салып отырсақ, майдан даласында да, туған жерінде де, үнемі желдің өтінде жүріп, жауапкершілік жүгін иығына батпандап артып, жанын аяп, шегіншектеп қалған жері болмапты. Міне, сол ақ адал ниетінің өтеуіндей болып, құдай қосқан қосағы Наймаш Бимендіқызы екеуі өмірге бір ұл, үш қыз бала әкеліп, соларды аман-есен жеткізіп, олардан немере сүйіпті.Тасым ақсақал үнемі балаларына. Қарақтарым, біздің тағдыр жолдарымыз басқаша болып, қиыншылықтан көз ашпадық. «Енді сендер біз жетпеген мақсатқа қол жеткізіп, армансыз өмір сүруге ұмтылыңдар, оқу оқыңдар, аман болсақ, біз сендерден барымызды аямаймыз»,–деп отырады екен.
Ақсақалдың дегені болып, балалары ата-анасын жерге қаратқан жоқ, бәрі де жоғары білім алып, абыройлы қызмет етті. Шаңырақтың үлкені Мүнира Тасымқызы, медицина саласында оқып, білім алып еңбек жолын 1967 жылы С.Сейфуллин атындағы кеңшарда жергілікті емдеу орталығында бастап, осы арадан зейнеткерлікке шықты. Одан кейінгі Сабира Тасымқызы Көкшетау сауда техникумын бітіріп, зейнеткерлікке шыққанша сауда саласында еңбек етті. «Арпа ішінде бір бидай» дегендей, шаңырақтың иесі, әулеттің жалғастырушысы Ғазез Тасымұлы да әкесі секілді, ер-азамат ретінде ата-анасына, отбасына тірек-таяныш бола білді. Осыдан аз ғана жылдар бұрын бұл азаматтың зейнеткерлікке шығуына байланысты, жан-жақты тоқталып, баспасөзде мақала жариялап едім. Сондықтан табысты, өнегелі өмір жолдарымен жақсы таныспын. Кезінде сауда-саттық саласында, кейінірек Ақмола облыстық Қазпоштасында бөлім бастығы болған, жалпы, облыстық, қалалық деңгейде жоғары қызметтер атқарған Ғазез Тасымұлы әулеттің абыройлы дәстүрін берік ұстап келе жатқан беделді азамат. Қазір зейнеткер болса да, қоғам, ел өмірінен тыс қалмай, жан жары Әлия Мүтәлқызы екеуі әртүрлі іс-шараларға атсалысып, шыр-пыр болып жүргендері. Мен олардың шаңырағындағы ізгі өнегені аңдай отырып, мұның өзі Тасым әкеміз бен Наймаш анамыздан қабылдап алған әулеттің ежелден бұлжымай, жалғасып келе жатқан ғибратты дәстүрі болар деп ой түйдім. Тасым ақсақал шаңырағының иесі, ұлы Ғазезден бұл күндері әулет эстафетасын оның ұлы Рахат қабылдап алып отыр. Рахат өнегелі атадан өрбіген көргенді азамат, жақсының лайықты ұрпағы. Жары Әсел де, айналайын, тәрбиелі, ибалы келін, отбасындағы олардың ынтымақ-бірлігін көріп, жаның сүйсінеді. Үйіне кіре қалсаң, олардың сүйкімді кішкентайлары қоршап алып, жүрегіңді ләззатқа бөлейді. Рахат 10 жылға жуық «Тазалық» коммуналдық шаруашылығында істеп, кейін жекеменшік кәсібімен айналысса, Әсел «Еркемай» балабақшасында педагог-музыкант. Ғазез бен Әлияның Рахаттан кейінгі қыздары Жанна заң саласы бойынша ғылым кандидаты, жары Нұрлан «Самұрық-Қазынада» қызмет атқарады. Кенже қызы Динара болса, Алматы қаласында Қазақстан Республикасының орталық зейнетақы қорында (НПФ) заңгер. Жары Ерболат маман дәрігер. Тасым ақсақалдың отбасының кенжесі Ләззат болса, Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институтын бітіріп, содан бері Қызылсая орта мектебінде еңбек етуде екен. Бұл шаңырақта тәрбиеленген перзенттердің өмір, қызмет жолдарына үңіле отырсам, олардың бәрі де әке-шешелерінің ізгі адамдық қасиеттерін бойларына сіңіріп ала білгендей. Қызмет орындарында тұрақты, жемісті еңбек еткен екен, ұрпаққа ұсынылар тәбәрік-тағылым да осы болса керек.
Тасым Бектемісұлы туралы сыр шерте отырып, ол кісінің тағы бір соғысқа қатысқан бауыры Сұраған Бектемісұлына тоқталмай өте алмадық. Сұраған атамыздың майдан жолдары ағасына қарағанда өзгеше тарапта өріліпті. Сұраған Бектемісұлы да Қараөзек ауылының тумасы, 1918 жылы туған, 1939 жылы жұмысшы шаруалар армиясына алынып, Қиыр Шығысқа аттанған. Соғыс жүріп жатқанда Қиыр Шығыста орналасқан Моңғолиямен шектес аймақта, құпия бас барлау басқармасы бригадасында жүргізуші болған, Жапония Кеңестер Одағына шабуыл жасағанда, ұрысқа қатысып елімізді қорғаған. Осы ұрыстарда көзге түскені, одан соң неміс-фашист басқыншыларымен күресте көрсеткен ерлігі үшін медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін бейбіт елдегі еңбек жолын НКВД органынан бастап, кейін Куйбышев орман шаруашылығында орманшы, пошта бөлімшесінің басшысы болған. 1981 жылы орманшы болып еңбек ете жүріп, зейнеткерлікке шықты.
Ағайынды Тасым мен Сұраған Бектемісұлдары майдангер жауынгер ретінде де, қарапайым қатардағы еңбек адамы ретінде де арттарындағы ұрпақтарына зор үлгі-өнеге қалдырды. Қараөзек елі олардың есімін мақтан тұтады.
Дәулет ӘМІРҰЛЫ.