Көктемнің бір күні – жылға азық!

Ақмола облысы. Биылғы көктемгі-егіс жұмыстарының ерекшеліктері

Ақмола облысы – Қазақстанның жетекші аграрлық аймақтарының бірі. Өңірдің республиканың жалпы ауыл шаруашылығы өнімі өндірісіндегі үлесі 10 пайызға жетеді. Жыл сайын мұнда жоғары сапалы бидайдың республикалық жалпы үлесінің үштен бірі өндіріледі. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бөлігі болып табылады. Сондықтан, ауыл шаруашылығын әртараптандыру шеңберінде майлы, жемазықтық және бұршақ дақылдарының, картоп пен көкөніс егістерінің елеулі артуы да байқалады. Астық пен бидай ұнының экспортымен қатар сыртқы нарыққа майлы дақылдар тұқымы, өсімдік майы, ет және шұжық өнімдері сияқты мал шаруашылығы өнімдері жеткізілуде.

Облыста егіншілікті дамытудың стратегиялық міндеті топырақ құнарлығын сақтау мен арттыру, жерэрозиялық үдерістерді бақылау, майлы және бұршақ дақылдарының үлесін молайта отырып, егістік аудандарының құрылымын әртараптандыру және оңтайландыру, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің сандық әрі сараланған, қорүнемдегіш технологияларына көшу болып табылады. Ал, өсімдік шаруашылығы саласының тиімділігін, елдің топырақ-климаттық аймақтары бойынша, ауыл шаруашылығы дақылдарын ғылыми жүйеде орналастыру есебінен арттыруға болады. Ағымдағы жылдың метеорологиялық жағдайы температуралық режим бойынша да, атмосфералық жауын-шашын мөлшері бойынша да орташа көпжылдық мәннен айтарлықтай айырмашылыққа ие. Жалпы, күз-қыс кезеңі жоғары температуралы фонмен, жылымық пен үсіктің кезектесуімен, атмосфералық жауын-шашынның молшылығымен сипатталады. Бұл ретте наурыз айының бірінші онкүндігіндегі қар түсуі жағдайының мониторингі қар жиналу деңгейі бойынша агротехникалық фондар арасындағы айырмашылықтың іс жүзінде жоқтығын көрсетті.
Дәнді дақылдар, көпжылдық шөптер мен сүдігер жер егістіктері бойынша қар жабылғысының қуаты 50 сантиметр деңгейінде болған. Сонымен, қар тоқтату жүргізілген танаптарда қардағы су қоры 200 миллиметр-
ге дейін жетуі мүмкін, осыған орай беткейлік және сүдігер жер егістіктерінде су эрозиясының көрініс алу ықтималдығы жоғары болуы мүмкін.
Үстіміздегі ауыл шаруашылығы жылының ерекшелігі топырақтың мардымсыз тоңдануы болады, соған байланысты қардың мүмкін болатын баяу еруі кезінде топырақтың жақсы сулануы болжанып отыр. Алайда, топырақ кескінінің терең тоңдануының болмауы зиянкестердің қыстауының қолайлы жағдайларын білдіреді, соған орай өсімдіктерді ауру мен зиянкестерден қорғау жүйесін құруға және, бірінші кезекте, егіс алдында тұқымдарды өңдеуге айрықша назар аудару қажет. Сол үшін тұқым қорын фунгицидтер мен дәрілегіштермен егісалды өңдеу кеңінен қолданылуы тиіс. Өйткені, ауру салдарынан астықтың жыл сайынғы шығыны 20 пайыз және одан да жоғары көрсеткішке ие, ал, кейбір жағдайларда шығындар 50 пайыздан асып түсуі мүмкін екендігі белгілі. Бұл орайда инфекцияланған өсімдік қалдықтарын жоюға бағытталған агротехникалық шаралар, ауыспалы егістерді сақтау, теңгерімді азоттық қоректі енгізу және астық тұқымдас арамшөптермен күрес аурудың таралуын төмендетуге ықпал етеді. Сондықтан, өсімдіктерді қорғаудың химиялық шараларына айрықша көңіл бөлу қажет. Аталған шараның дер кезінде қолданылуы 95 пайызға дейінгі жоғары техникалық тиімділік пен экономикалық әсерді қамтамасыз етеді.
Егіншілік жүйесінің келесі негізгі міндеттерінің бірі ауыспалы егісте танапты ұқыпты пайдалану болып табылады. Мұндай ұсыныс Ақмола облысының жағдайы үшін егістік аудандарының құрылымында астық дақылдары басым дәрежеге ие екендігіне байланысты айтылуда.
Егіс құрылымының 60 пайызы дәнді дақылдар болуы аса тиімді болып саналады. Ал, азық-түлік, жемшөптік мәнге ие жаздық жемазықтық дақылдар, сұлы және арпа танаптарын 15 пайыздық мөлшерде орналастырған жөн. Бұл ретте, жаздық бидай көбінесе бірінші күзгі суықтарға дейін жетіліп үлгермейтін таулы-шоқылы және орманды далалы аудандарда пісіп жетілу типі орташа ерте және ерте жетілгіш дәнді дақылдар сұрыптарының үлесін арттыру қажет немесе жаздық жұмсақ бидай егісін қысқарту есебінен арпа егісін кеңейту керек.
Топырақ құнарлылығын сүйемелдеу үшін минералды тыңайтқыштардың енгізілуі жеткіліксіз болғанда, құрылымда асбұршақ, ноқат, жасымық, соя тәрізді дәнді бұршақ дақылдар болуы маңызды. Оның үстіне бұршақ дақылдары топырақта азоттың жиналуы қамтамасыз ететін алғышарттар болып табылады және топырақтың су-физикалық қасиетін жақсартатын әрі табысты дақылдар болып есептеледі.
Бұл ретте Сандықтау, Зеренді, Бұланды, Бурабай, Ақкөл және Шортанды аудандарында дәнді бұршақ дақылдар егістіктерінің кеңеюін асбұршақ пен жасымық, Астрахан, Аршалы, Біржан сал, Есіл, Целиноград, Жақсы, Атбасар аудардарында асбұршақ, жасымық пен ноқат, Егіндікөл, Қорғалжын және Жарқайың аудандарында тек қана ноқат егістерінің есебінен жүргізген дұрыс. Жаздық рапс пен қыша егістерін Сандықтау, Зеренді, Бурабай, Бұланды аудандары мен Ақкөл ауданының жекелеген шаруашылықтарында орналастырып кеңейткен абзал. Зығыр мен күнбағыс дақылдарының майлы тұқымын облыстың Жарқайың, Ерейментау, Қорғалжын аудандарынан өзге барлық өңірінде орналастыруға болады.
Ауыспалы егістерді игеру барысында түрлі биологиялық топтың дақылдарының егістері мен тұқым алмасу қағидаларын сақтау қажет, себебі ол топырақтың тозуының алдын алу, құнарлылықты сақтау және қалпына келтіруге кепілдік береді. Сондай-ақ, бұл тәсіл ауыспалы егістердің жоғары өнімділігін қамтамасыз етеді және өндірістің тұрақты қаржылық кіріс алуына мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы жаздық бидайдың максималды өнімін алу үшін облыстың қарапайым қара топырақты аймағында 15 мамырдан 25 мамырға дейін, оңтүстік қара топырақта 17 мамырдан 27 мамырға дейін, қара қоңыр топырақта 18 мамырдан 28 мамыр аралығында оңтайлы егіс кезеңдері ұсынылатынын ескеру маңызды.
Егісті кеш жетілгіш сұрыптардан әрі солтүстік беткейден бастау керек, оңтайлы мерзімнің екінші жартысын орташа жетілгіш және орташа ерте жетілгіш сұрыптарға оңтүстік қара топырақ және қара қоңыр топырақ аймағында, қарапайым қара топырақ аймағында орташа ерте жетілгіштерге және сілтісізденген қара топырақ аймағында ерте жетілгіштерге пайдаланған дұрыс.
Қарапайым қара топырақты таулы-шоқылы аймақта және қоңыржай құрғақ далада жұмсақ бидайдың орташа жетілгіш сұрыптарының егісін 27 мамырға қарай, құрғақ далада – 29 мамырға, қуаң далада – 31 мамырға дейін тәмамдаған жөн.
Сонымен қатар, қатты бидай макароны мен дәнінің үздік сапа көрсеткіштері, сондай-ақ, жоғары өнімділігі қарапайым қара топырақ аймағында 18-23 мамырдағы егіс кезінде, оңтүстік қара топырақ аймағында 20-23 мамырда, қара қоңыр топырақ аймағында 21-25 мамырдағы егіс кезінде қол жеткізілетінін ескерген жөн.
Сұлының оңтайлы егіс мерзімдері таулы-шоқылы аймақта 25-30 мамыр, оңтүстік қара топырақ және қара қоңыр топырақ аймағында 28-31 мамыр болмақ.
Асбұршақтың ерте жетілгіш сұрыптары 15-17 мамырдан 31 мамыр аралығында, ал кеш жетілетіндері 15-17 мамырдан 24-25 мамыр аралығында себіледі.
Ноқаттың ең қолайлы егіс мерзімі 7 мамыр мен 20 мамыр аралығы, алайда, ерте себудің артықшылықтарын ескеру керек. Олай болғанда ноқат егісін мамырдың үшінші онкүндігіне ауыстыру жиі гүлденуге, кеш және бейберекет жетілуіне апарады. Жасымықтың оңтайлы себу мерзімдері 15-17 мамырдан 31 мамырға дейінгі мерзім.
Рапсқа келетін болсақ, оны 15-17 мамырдан 27 мамырға дейін, кеш жетілгіш сұрыптарын – 15-17 мамыр мен 22-23 мамыр аралығында себу керек. Алайда, аса ерте егістер артықшылыққа ие.
Күнбағыс егісі 6-8 сантиметр тереңдікте топырақты 8-12 °С дейін тұрақты қыздыру кезінде жүргізіледі. Ал, зығыр егісінің мерзімі тұқымдарды отырғызу тереңдігінде (4-5 см) топырақты 6-8 0 С дейін қыздыру кезінде тиімді болмақ.
Қарақұмықтың оңтайлы мерзімдері – 25 мамырдан 2 маусым аралығы. Оған қоса, қарақұмықтың өнімділігі, жәндіксүйгіш, айқас-тозаңданатын өсімдік ретінде тозаңдатқыш-жәндікке де (үй аралары) байланысты. Мұндағы маңызды шарт өсімдіктің гүлдену кезеңінде бір гектарға 2-3 дана ара бал ұясының болуы болып табылады.
Арамшөп өсімдіктерін, зиянкестер мен ауруларды бақылау тәсілдеріне келетін болсақ, олар агротехникалық және химиялық болуы мүмкін. Таңдау қалыптасқан ауа райы жағдайы мен көктемгі кездегі топырақ күйіне байланысты. Топырақты мехникалық өңдеуді қолдану кезінде табанды жұмысшы органдары бар құралдарды пайдалану қажет. Арамшөп өсімдіктерінің пайда бол-
уын тежеу барысында егіске дейінгі аралық механикалық өңдеу тиімді.
Гербицидтерді ауыл шаруашылығы дақылдарын сепкеннен кейін дереу пайдалануды жоспарлау жөнсіз. Мұндай жағдайда, астық дақылдарының вегетация кезеңінде көпжылдық және біржылдық қосжарнақты және дара жарнақты арамшөп өсімдіктерінің кең шоғырын басу мақсатында, гербицидтердің жиынтық (бактік) қоспаларын қолдану ұсынылады.
Түйіндей қарастырсақ, соңғы жылдар бидай вегетациясының екінші жартысында және дәндену мен дәннің жетілу кезеңінде жауын-шашынның молшылығымен сипатталады. Бұл дақылдың сапасына айтарлықтай ықпал етеді. Дәннің сапа көрсеткіштерінің төмендеуі жекелеген шаруашылықтарда 70 пайыздан асатынымен, орташа кеш жетілгіш тип сұрыптары үлесінің жоғарылығымен де байланысты. Осылайша шаруашылық жүргізуші субъектілерде орташа кеш жетілгіш сұрыптардың үлесін 10-15 пайызға қысқарта отырып, жаздық бидайдың сұрыптық құрамына түбегейлі өзгерістер енгізу керек.
Бұған қоса, соңғы үш жылдағы жоғары өнімділікке орай, көп сабан қалатыны және шашылатыны байқалады. Бұл нитратты азоттың жинақталуын бірнеше есе төмендетті және сәйкесінше, төмен сапалы дән қалыптасты. Топырақтан негізгі қоректік элементтердің соншама көп шығарылуын үлкен өнімділік кезінде жоғары дән сапасын сүйемелдеу үшін минералды тыңайтқыштарды енгізумен өтеу керек. Сонымен қатар, астық өндірісінде және жалпы егіншіліктегі тиімділікті арттыру көп жағдайда көпфункционалды және жоғары өнімді машиналарды пайдалану кезінде анықталатынын, қор үнемдеу мәселелерін шешу кезінде ғана мүмкін екендігін білген маңызды.

Кенже АБДУЛЛАЕВ,
Шортандыдағы «А.И. Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігінің бас директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар