Жарқайың

Мол өнімнен үмітті

Жарқайың ауданы облыстағы ең ірі астықты өңірлердің бірі. Олар биылғы көктемгі егіс науқанына үлкен дайындықпен келді. Қазір тұқым мен егіс алқаптары өңделуде. Ауыл шаруашылығы техникалары толық жөнделген, жанар-жағар май тасымалдануда. Мемлекет бұл салаға әртүрлі қаржы көздерінен қолдау көрсетуде.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағдат Шоновтың айтуынша, аудан диқандары биылғы көктемгі егіс науқанына үлкен дайындықпен келгелі отыр. Өткен жылы барлық агротехникалық іс-шаралар орындалып, 125 мың гектар жер жыртылған, 41 мың гектар пар өңделген, 105 мың гектар алқапта қар тоқтатылған. Қыс айларында түскен қардың қалыңдығы 16 сантиметр болып, 694370 мың гектар егіс алқабындағы ылғал қоры 209 миллиметрді құрады.
–Биылғы жылы егіс алқабының көлемін 642,5 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 637,1 мың гектарды, бидай 598,1 мың, арпа 38 мың, сұлы 0,23 мың, қарақұмық 100, нут 700, көкөніс 120, картоп 250, бір жылдық шөп 4,7 мың, көпжылдық шөп 430 гектарды құрайтын болады. Сондай-ақ, 580,3 мың гектар алқаптың ылғалын жабуды жоспарлап отырмыз. Көктемгі егіс науқаны қарсаңында 55 мың гектар жер өңделеді,–деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Мемлекет отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, негізгі және айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелік серіктестіктері, техника лизингі және өзге де қаржы көздері арқылы қаржылай қолдауда. Атап айтқанда, «Жарқайың» несие серіктестігі көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 72 өтінім қабылдаған екен. «Жарқайың» несие серіктестігінің несиелік қоржыны 760,0 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржы аудандағы 119 қатысушыны қаржыландыруға толық жетеді. Сондай-ақ, несиені «Агробизнес», «Кең дала», «Агротехника», «Сыбаға», «Іскер» атты арнайы бағдарламалар арқылы алуға болады.
–Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің қазіргі заманғы технологияларын пайдалануға ерекше назар аударамыз. Биылғы жылы ылғал ресурстарын сақтау технологияларын қолдану алқабын 400 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Шетелдік технологияның пайдасын іс жүзінде көріп жүрміз. Көптеген шаруашылықтар жыл сайын мол өнім алуға қол жеткізуде. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасуда. Биылғы жылы 580,3 мың гектар алқапқа ылғал жабылады. Осы бағытта 418 ауыл шаруашылығы техникасы пайдаланылады. Егіс алдында шаруашылықтардағы тұқымның сапасын міндетті түрде тексеріп, себу стандарты талаптарының орындалуына күш салмақпыз. Бүгінгі күні аудандық тұқым инспекциясына («ЗерноАгроЭксперт» серіктестігі) 32,3 мың тонна тұқым түсті. Жалпы, 63 мың тонна тұқым талдаудан өтеді. Оның 30 мың тоннасы тексеріліп, 14,3 мың тоннасы 1 класқа, 13,6 мың тоннасы 2 класқа, 2,1 мың тоннасы 3 класқа жатқызылды. «КазАгроЭкс» серіктестігі 41,2 мың тонна тұқым үлгілеріне талдау жасады. Оның 32 мың тоннасы тексеріліп, 18,4 тонна 1 класқа, 7,335 мың тоннасы 2 класқа, 6,183 мың тонна 3 класқа жатқызылды. Сәуір айының соңына дейін тұқым толық тексеріліп болады. Жүргізілген талдаулар негізінде тауар өндірушілерге тұқымның кондициялылығы туралы куәлік беріледі. Аудандағы табиғат ерекшелігіне байланысты негізгі дақылдың пісуінің әр түрлі мерзіміне орай, диқандарға 2-3 класты тұқым алуды ұсынып отырмыз. Егіс тек 3 репродукциядан төмен емес аудандастырылған сорттармен жүргізіледі. Дақылдарды себуге дейін тұқымдарды тазалау мен сұрыптау аяқталады. Күн жылынғаннан кейін тұқым ашық аспан астындағы алаңдарға шығарылып, дәрілеу жұмысы жүргізіледі,–деген бөлім басшысы көктемгі егіс жұмыстарына қолда бар техниканың дайындығы жөнінде де айтты.
Бұл жұмыста 434 «К-700», 160 шынжыр табанды тракторлары, 84 егіс кешені, 2092 сеялка пайдаланылады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының мәліметтері бойынша барлық техника толық жөнделген. Егіс агрегаттарының орташа тәуліктік өнімділігі 35965 гектарды, оның ішінде егіс кешенікі 130 гектарды құрайды. Дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқабы 642953 гектарға тең болмақ. Ауа райы қолайлы болған жағдайда себу жұмысы 18-20 жұмыс күннің ішінде аяқталады. Ол үшін екі ауысымдық жұмыс ұйымдастырылады. Диқандардың өнімді еңбек етіп, дұрыс дем алуы үшін дала қостарында барлық тұрмыстық жағдай жасалуда.
2019 жылы аудан диқандары 23 комбайн сатып алды. Бұл бағытта «Нива», «Саян», «Бабас», «Гея», «Дарин», «Смағұлов және К» шаруа қожалықтары, «Темирлан», «Мадияр-К», «Авангард», «Осана Агро» серіктестіктері белсенділік танытуда. «Темірлан», «Костычево», «Апыры», «Осана Агро» серіктестіктері егіс кешендері мен өзге де ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Биылғы жылы да «Нива», «Золотой колос», «Горизонт», «Доброта» шаруа қожалықтары «Есіл», «Нива» комбайндарын, «СААН», «Асхат», «Төлеш» шаруа қожалықтары тракторлар сатып алуды жоспарлап отыр. Ауданның тауар өндірушілері өткен жылы сатып алған ауыл шаруашылығы техникасының құнын қайтарды. Міне, қорыта айтқанда, аудан диқандары 2020 жылдың көктемгі дала жұмыстарына осындай дайындықпен қадам басқалы отыр.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар