Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмір, бәрінен де сен қымбатсың! - АРҚА АЖАРЫ

Өмір, бәрінен де сен қымбатсың!

Ана жүрегі елең-алаң. «Бір Алла өзің жар бола гөр. Балапандарымды мына қауіпті індеттен сақтай гөр» деп, жатса да, тұрса да Жаратқаннан балаларының амандығын тілеуде.

Иә, адам баласының тағдыры таразы басына түскен шақта бауыр еті баласының өмірі үшін алаңдамайтын ана жоқ шығар осы күні. Бәрі де әрі-сәрі күй кешуде. Жастың да, кәрінің де тілейтіні тек амандық. Шіркін-ай, десеңізші! «Басты байлық ­– денсаулық» деп анда-санда мақалдап қойғанымызбен, денсаулығымызды дәл қазіргідей қашан ойлап едік? Коронавирус деген әбжылан келдідағы, алаңсыз өмірімізді қорқынышты түске айналдырып, міне, төрт айдан бері жер жүзіне уын таратып жатыр.
Жақындарымыздың тағдыры үшін қашан осыншалық уайымдап едік? Ал, қазір туысты былай қоя тұрып, танымайтын жандарда коронавирус (аты өшкір қауіпті індет) анықталды дегенді естігенде көңіліміз түсіп, сол науқастардың тілеуін тілеп отырған жайымыз бар. Өкінішке орай, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап өсуде. Біреулер бұл індет Жаратқанның адам баласына жіберген сынағы, адамды тәубесіне түсірудің жолы десе, енді біреулер басқаша болжамдарын айтуда.
Денсаулықтан, амандық-саулықтан асқан ешнәрсе жоқ екенін енді түсінгендейміз. Пандемия таралмай тұрғандағы өмір сүру дағдымыз бір-ақ сәтте көзден бұл-бұл ұшып, ғайып болды. Адам үшін мейірімділік пен қайырымдылық, жақсылық атаулының бәрі бірінші кезекке шығып, басты құндылықтарға айналған кезең бұл! Қазір адамға ең маңыздысы асыл тастар, қымбат көлік, зәулім сарай емес, денсаулық болып отыр.
Осы күндерде баршамыз өткенімізді ой елегінен өткізіп, болашаққа қандай қасиеттерімізбен, қандай өмірлік дағдыларымызбен қадам басатынымызды ойлануымыз қажет секілді. Бақытты, баянды ғұмыр кешуіміз үшін көп нәрсе керек емес екенін қазіргі күніміз анық аңғартып отыр емес пе?!
Әлемге тараған коронавирус пандемиясының алдын алу мақсатында елімізде енгізілген алғашқы шаралардың бірі ­жиын-тойларды өткізуге шектеу қою болды. Ысырапшылдыққа жол бермей, барынша үнемшіл болу туралы бұған дейін де талай айтылып келген еді. Өмірімізге қауіп-қатер төнгесін ғана тойсыз да өмір сүруге болатынын бүгінгі қоғам түсінгендей. Тойға бару былай тұрсын, далаға шығып, таза ауа жұтуға зар болып отырған адамдар бар. Коронавирустың таралуын тоқтату үшін әрбіреуіміз үйден шықпауға тырысуымыз керек. Қазіргі сәтте ең маңыздысы осы!
Расымен де, өмірден артық ешнәрсе жоқ! Ал, баянды, бақытты ғұмырымыздың кепілі – біздің денсаулығымыз. «Бір жамандықтың артында бір жақсылық жатады» дейді дана халқымыз. Көп ұзамай бұл аурудан да құтылатын күніміз туады. Сол кезде қайтадан жаман әдетке баспай, қиын күндерден сабақ алайық, мәнді де мағыналы өмір сүруге тырысайық дегім келеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар