Татулық пен бірлік мағыналары тереңде жатқан асыл сөздер. Қазақ халқында «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», сондай-ақ «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас», «бөлінгенді бөрі жейді» деген аталы сөздердің болуы да тегін емес.
Жалғыз адам айдалада өскен ағашпен тең. Сондықтан да, «жалғыздық құдайға ғана жарасқан, адамның күні адаммен» деп те өсиет қалдырған дана ата-бабаларымыз. Ал, көппен қарым-қатынаста болу – бұл береке-бірліктің, татулықтың ізгі бастауы. «Кекшіл болма, көпшіл бол», деген ұлы Абайдың нақыл сөзге айналған өлең жолдары бүгінгі заманда да аса өзекті екендігі рас.
Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейірі тасыған, атағы әлемге жайылған мемлекет. Жүз отыздан астам ұлттың баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш.
Қазақ ертеден бауырмал халық. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «жат жұрттардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанын бөлісуден аянған емес. «Діні басқа, тілі басқа, тілегі бір» ортақ шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы – ырысы, байлығы – берекесі болып, татулығы жарасқан біздің елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады.
Еліміздегі әрбір үлттың өкілі үшін өз мәдениетін, салт-дәстүрін, діні мен тілін сақтап, дамытуға толықтай жағдай жасалған. Мемлекетімізде тұратын кез-келген ұлт өкілінің арасында еліміздің дамуына өлшеусіз үлесін қосып жүрген түрлі саланың майталман мамандары да аз емес. Мемлекет болашағы саналатын жастар қауымы бүгінгі нарыққа қажетті мамандықтарды әлемнің жетекші оқу орындарында меңгеруде.
Болашағын ойлаған әрбір ел сияқты, бізде де мемлекеттік тілдің дәрежесін асқақтатып, оның қолданылу аясын кеңейту бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Олардың ішінде өзім мүшесі саналатын Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау орталығы бар. Орталықтың негізгі жұмыс бағыты – әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне қазақ тілін үйрету, оны насихаттау болып табылады.
Аталмыш орталықтың белсенді мүшесі ретінде жыл сайын 1 мамыр күні тойланатын бірлік пен татулықтың мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында барша халықты шын көңілден осы мейраммен құттықтап, елімізге амандық, бірлік пен ынтымақ тілегім келеді
Карина РООТ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау
орталығының мүшесі.