1855 жылы – Абай 10 жаста. Ауыл медресесінде Ғабитхан молладан 1852-1855 жылдары оқыған баласын әкесі Құнанбай Өскенбайұлы Семей қаласындғы Ахмет Риза медресесіне береді.
«Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет-Риза молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имандық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Абайдың өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, хисса сияқты әдебиет мұралары.
Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта, Абай Семей қаласындағы «Приходской школге» түсіп орысша да оқи бастаған. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады», – дейді М.Әуезов зерттеулерінде.
Ахмет Риза медресесі ХІХ ғасырда Семей қаласында орналасқан ислами дәстүрлік оқу орны болған. Онда жастарға адами, рухани және табиғи пәндер бойынша дәрістер оқылған. 1855-1859 жылдары осы медреседе Абай дәріс алған. Осы жылдары құран мен ғылым тілі – араб тілін, өнер тілі – парсы, әдеби тіл – шағатай тілдерін меңгеріп, шәкірт Абай алғашқы өлеңдерін жазған. Ал алда өнерге, білімге құмарлық бозбалалық шағы, қызығы мол жастық шағы, «махаббат қызық мол жылдар» тұрды.
1865-1866 жылдары – Абай 20-21 жаста. 15 жасында би Алшынбай Тіленшіұлының немере қызы Ділдәға үйленеді. 1861 жылы тұңғышы Ақылбай (1861-1904), 1863 жылы қызы Гүлбадан (1863-1932), 1866 жылы ұлы Әкімбай (Хакімбай) (1866-1873) дүниеге келеді. Жиырма бір жастағы Абай үш баланың әкесі.
1865 жылдан бастап болыстық қызметі басталады: шілде айында кезектен тыс болыстық сайлауда Күшік Тобықты болысына болыстыққа ағасы Құдайберді Құнанбаев, оған кандидат болып Абай сайланады. 1866 жылы сәуір айында ағасы қайтыс болды. Құдайберді қайтыс болғаннан кейін Күшік Тобықты еліне болыстық қызмет атқарады. Сонымен, 1866-1868 жылдары Абай Күшік Тобықты болысының управителі болады. Архивтерде осы жылдары болыстықты атқарған Абай Құнанбайұлы қол қойған құжаттар жеткілікті.
1875-1876 жылдары – Абай 30-31 жаста. Бұл жылдар Абайдың бүкіл болыстық қызметінің, жеке басының ең күрделі кезеңі болып табылады. Бұдан бір жыл бұрын 1874 жылы әкесі Құнанбайды Меккеге қажылық сапарға шығарып салады. «Абай өзі басқарып Мекке жақтың жолын, жөнін жазып беріп және ауызша ұқтырып жібереді», – дейді Әрхам Кәкітайұлы естелігінде.
1875 жылы Әйгерімді (шын есімі – Шүкіман) (1856-1919) кездестіріп, үйленеді. 1876 жылы Әйгерімнен тұңғыш баласы Турағұл (1876-1934) дүниеге келеді. Осы жылы Абай Қоңыр-Көкше еліне болыс болып сайланады. Абай болыс болғанға дейін бұл елде айтыс, тартыс, дау күшті болыпты. Семейдің уездік басқармасы ресми рапотында: «Тобықтының Қоңыр-Көкше болысында бірде-бір болыс дұрыс қызмет атқара алмай жиі-жиі түсе берді. 1872 жылдан 1874 жылға дейін бұл елде бес болыс ауысты… Болыс халқы Құнанбаевты даусыз бірауыздан болыс сайлады. Бұрын Қоңыр-Көкше болысында еріксіз алынып жататын барымта, уланған дау, жанжал, неше түрлі қылмыстар мен кісі өлтіру тыйылып, ел ішінде тыныштық орнай бастады. Осының барлығы Құнанбаевтың беделділігінен болды», – деп жазады.
1885-1886 жылдары – Абай 40-41 жаста. Нағыз толысқан, азамат есебінде есейіп, кемеліне келген шағы. Бұдан бұрын ол бірнеше жыл би-болыстық қызметтер атқарып, ел басқару ісіне де тәжірбие жинақтаған, мұсылманша ғана емес, орысша да сауатты, байтақ жұртқа да, әкімдерге де аты мәлім құрметті азамат. Отбасылық жағдайы: Ділдәдән 6 баласы, Әйгерімнен 2 баласы бар. 17 жасында тұңғышы Ақылбай үйленіп, Абайдың 1879 жылы Әлімқұл, 1881 жылы Әубәкір, 1884 жылы Сағадат, 1885 жылы Бәкизат атты немерелері дүниеге келеді. 1886 жылы әкесі Құнанбай қайтыс болады.
Бұл жылдар Абайдың шығармашылық қызметі мен оның билік қызметіне де ерекше із қалдырған айтулы кезең болып табылады. «40 жастан асқан соңғы Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі: өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі, күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия тартыстың, билік әкімшіліктің жолындағы ру басшы, ел меңгеруші Абай», – деп жазады М.Әуезов. Ал, ақынның өзі айтуынша «Отыздың ішінен бастап Европа оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта, бұрынғы дүниенің асты үстіне шығып өзгеріп: күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс болып кетті» – дейді. М.Әуезов көрсеткендей, 1886 жыл Абайдың нағыз ақындыққа шынымен бой беріп көп көңіл бөле бастағанын білдіреді. Бұл жылда 16-17 өлең шығарады және орыс ақындары Пушкин, Лермонтовтан аудармалар жасайды.
Осы жылдары ақын өмірінде болған елеулі оқиғалардың бірі –
1885 жылы мамыр айында Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде төтенше съезі өтеді. Осынау құжатты қабылдап, бекітушілердің ішінде Абай Құнанбайұлы болған. «Семей облысына қарасты бес уездің 1885 жылы өткен Шар съезіне Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезд қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі аты-жөні дәлел болады. Орайы келгенде айта кетуіміз керек, «Құрметті қазақ» – ел ұғымындағы ауылдың сыйлы ақсақалы, кез-келген беделді адамы емес, жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала губернаторы бекітетін атақ-дәреже. Бұл дәреже өкімет алдында ерекше еңбегімен көзге түскен қазақтарға ғана берілген» – дейді ғалым Бейсенбай Бағалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» атты кітабында. Осы съезде Абай төбе би болып сайланады да, қазақтың жаңа заң Ережесі (74 бап) қабылданады.
1885 жылы 21 маусымда – Дала генерал-губернаторының канцеляриясын басқарушы В.Лосевский «О прекращении следствия над волостным управителем Кунанбаевым и Аюбаева и преданий суду киргиза Буробаева за ложный донос» деген баяндама жасайды. Сонымен, 1876 жылы басталған Үзікбай Бөрібаев жазған арызды тексеру ісі аяқталады.
1885 жылы шілде-тамыз айларында Шыңғыс тауындағы Абай
ауылына ақынның орыс досы, саяси жер аударылған Н.И.Долгополов келіп жатып қайтады. Абай сол кісі арқылы Семейдің өлкетану музейіне жәдігерлер тапсырады.
1895 жылы – Абай 50 жаста. Әйгерімнен үшінші баласы Ізкәйіл (Зікеш) (1895-1929) дүниеге келеді. Абай 9 баланың әкесі және 8 немере сүйіп отырған ата.
1891 жылы інісі Оспан қайтыс болады. Бұл ақын көрген қатты ауыр қазаның бірі болды. Інісінің қазасынан кейін осы күнге дейін болған тартыстың әлегі Абайдың жеке басына түседі. Бұл жылдары ақын Шыңғыс болысын басқарады. «Приказ Военного Губернатора Семипалатинской области Сентября 11 дня 1893 года» деген бұйрық сол жылы газетте басылған. Осы архив дерегі Турағұлдың естелігіндегі мына жолдарды дәлелдейді: «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған», – дейді. Яғни, 1893-1896 жылдары Абай Шыңғыс болысына управитель болып сайланған.
1895 жылы 15 қарашада Абай тағы бір ауыр қазаны басынан кешеді. Ақынның білімді, талантты баласы Әбдірахман 27 жасында Ташкентте қайтыс болады, сүйегі елге әкелініп Ақшоқыға жерленеді. Оның қайғысы ақынға қатты батады, егіліп көп өлең жазады. Осы жылы жазған 18 өлеңдерінің 10-ны Әбдірахманға арналған.
«Әрине, бұл уақыттарда Абай терең, даналықпен толғайтын ақынның өзі болған. Сыртқы өмірдің у қосып тартып жатқан сыбағасы бар. Өз ішінде, қалыптанып толған сыншы ақылдың, бұны табынан ұзатып әкететін жалғыздығы бар. Оның үстіне, жанына сүйеніш санап, тіршілігіне жұбаныш қылған сүйікті жандарының өлімі бар. Осының бәрі жиналған соң бар сотқармен алысып жүрсе де, Абай өлеңді өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алған. Сондықтан, Лермонтовтай ақындардың өлеңдерін қазақшаға аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығын да өз жүрегіне түсінікті, өз халіне жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң-арманына тап келетін және өз қиялына үйлесетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады», – деп жазады М.Әуезов.
Abai.kz ақпараттық порталы бойынша дайындаған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.