Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Халықаралық отбасы күніне орай, денсаулық сақтау және өзге де салаларда еңбек етіп, еліміздің дамуына лайықты үлестерін қосып жүрген бір топ отбасыларымен кездесіп, оларды мерекемен құттықтады және сый-сыяпат жасады.
– Қазіргі карантин уақытында адамдарға көп жиналуға болмайды. Дегенмен, біздер осындай атаулы күні өңірдің дамуына үлес қосып жүрген үлгілі отбасыларды құттықтап, жылы лебіздерімізді білдіруді жөн санадық. Бұл мерекені салтанатты түрде атап өтіп, өңірдің көптеген мерейлі, өнегелі отбасыларын құттықтауға болар еді. Бірақ, олар қазіргі жағдайға түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Сондықтан, елімізде аты жаман жұқпалы індет тарай бастағанда, облысты бірден бетпердемен қамтып, өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруға алғашқылардың бірі болып өтініш жасаған «Тыныс» акционерлік қоғамы мен денсаулық сақтау саласындағы отбасылардың еңбек әулеттеріне көңіл бөліп отырмыз, – дей келе Айна Ермекқызы олардың өмір жолына тоқталды.
«Тыныс» АҚ-ы облыстың медицина мекемелеріне 77 өкпеге қажетті жасанды желдеткіш аппаратын шығарып, оның 17-сін тегін сыйға тартыпты. Осы орайда, зауыттың ұжымына риза көңілмен алғыс білдірілді.
Құрсыбаевтар отбасының отағасы – Руслан Мұқышұлы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Зауыттағы жұмысын 2011 жылы бастаған ол қазір авиациялық бұйымдарды жинақтау учаскесінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Бүгінде барлық цех өкпені жасанды желдету құрылғысын жасауға жұмылдырылған. Отанасы – Жанат Ақайқызы жыл сайын еліміздің күштік құрылымдары үшін амунициялар тігу жөніндегі мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындауға қатысады. Құрсыбаевтар отбасының екі ұлы Асқар мен Айдар да осы зауытта ата-аналарымен бірге еңбек етуде. Отбасының тірегі – әкелерінің жұмысына деген адалдығы балаларын да осы зауытта ел игілігі үшін қызмет етуге алып келді.
Ал, Лященколардың отбасы денсаулық сақтау саласына үлес қосуда. Степан Иванович Лященко Украинада дүниеге келіп, сонда медицина институтын аяқтап, Көкшетауға комсомол жолдамасымен келіпті. Ол бар ғұмырын халықтың денсаулығын сақтауға арнаған. Еңбек жолын психиатриялық аурухананың бөлім меңгерушісінен бастап, қалалық аурухананың бас дәрігеріне дейін көтерілді. Нақты айтқанда, қалалық аурухана оның бастамасымен салынып, жұмыс істеуде. Ол облыстағы наркологиялық қызметтің ұйымдастырылуына да себепкер болып, оны 1976 жылдан бастап басқарды. Ғұмырының соңына дейін Көкшетаудың денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас наркологы болып қызмет етті. Денсаулық сақтау саласының үздігі, іскер басшы, жоғары білікті дәрігер, халық алдында абырой мен беделге ие болды. Мамандығына деген сүйіспеншілігі мен адалдығы үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, көптеген Алғыс хаттармен марапатталған. Жұбайы Валентина Ильинична бұрынғы Көкшетау облысында дүниеге келген. Медициналық училищені бітірген соң, психиатриялық ауруханада мейірбике болып еңбек жолын бастады. 2000 жылдан бері зейнет демалысында. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Қыздары Лариса Степановна Усатова Целиноград медициналық институтын бітірген. Қазір Ақмола облыстық балалар ауруханасында радиациялық диагностика бөлімшесінде меңгеруші болып жұмыс істейді. Жоғары санатты дәрігер, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Облыс әкімінің орынбасары осы отбасыларын айтулы мерекемен құттықтаған соң, қазақтың астауын сыйға тартты.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.