Қойылымдар «онлайнмен» көрсетіліп жүр
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ағымдағы жылдың 15 наурызынан бастап өз жұмысын онлайн түрінде жалғастырып жатыр. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, театр ұжымының жылдағы дәстүрмен өтетін «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» қойылымын театрсүйер қауым қашықтықтан онлайн режимінде тамашалай алады.
Төтенше жағдай жарияланған соң, театр сүйікті көрермендері үшін «Театр – Сіздің үйіңізде» атты жобасын әзірледі. Аталмыш жобаның мақсаты – әлемді жайлаған індеттен сақтану үшін көрермендердің денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, оларға жақын болу және театр тынысын жандандыру болып саналады. Бұрын-соңды көрермендер қойылымдарды театрға келіп тамашалау арқылы рухани азық алса, осындай қиын сәтте театр көрермендерінің көңілін табу мақсатында онлайн режимінде қойылымдар ұсынуда.
Бүгінде онлайн түрінде ойналатын қойылымдардың репертуары құрылып, театрдың http://kazdramteatr.kz/ сайтына жүктелді. Көрермендер қауымы спектакльдерді күні бойы өздері қалаған уақыттарында көріп, көзайым бола алады.
Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, ғұлама Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай айтқан асыл сөз» онлайн жобасына театр әртістері белсене қатысуда. Адамзаттың алыбы – хакім Абаймен театр актерлері әркез рухани байланыста. Сонымен бірге, театрдың шығармашылық ұжымы онлайн түрінде үй жағдайында өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Актерлер қауымы түсіріп, әзірлеген бейнематериалдар театрдың Инстаграмм, Фейсбук секілді әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланып тұрады. Театр актерлері фейсбук желісінде Абайдың өлеңдері мен әндерін кеңінен насихаттауда. Бейнепоэзияны күні бойы келесі сілтеме бойынша https://youtu.be/77vVbqSawXA тамашалай аласыздар.
–Қазір біздің спектакльдеріміз басқа театр ұжымдары тәрізді Интернет желісінде онлайн режимде көрсетіледі. Елдегі жағдайға байланысты наурыз, сәуір, мамыр айларына арнайы репертуарлар бекітілді. Қазір мамыр айына арналған қойылымдар жүріп жатыр. Нақты айтқанда, дәстүрлі түрде жыл сайын Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне арнап әзірлейтін «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» әдеби-музыкалық компазициясы 7 мамырдан бастап театрсүйер қауымға ұсыныла бастады. Ал, балалар мен жасөспірімдер театр сайтынан «Томпақ қонжық», «Көк жебенің саяхаты» ертегілерін кез-келген уақытта тамашалауларына болады. Күнбе-күн сайтта мониторинг жүргізіліп отырады.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.