Зеренді ауданының Мәлік Ғабдуллин ауылында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қызыр Сәлімов, аудандық кітапхананың бас маманы, қазіргі уақытта кітапхана директорының міндетін атқарушы Мереке Бегарина, бас маман Гүлмира Жолданқызы, балалар бөлімінің кітапханашысы Гүләйім Сәбитқызы және Мәлік Ғабдуллин ауылдық әкімшілігі, жергілікті мектеп пен кітапхана ұжымы оқырмандармен дөңгелек үстел өткізіп, кітапханамыздың ашылуының 60 жылдығын атап өтті. Іс-шара барысында кітапхананың адамдарға, ауылға қажет екенін, құнды асыл кітаптарды қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білудің маңызы талқыланды.
Қонақтар рухани қазына болып табылатын кітап қорын көзінің қарашығындай сақтап, ауылдың мәдени өміріне қызмет етіп отырған кітапханамызға ыстық лебіздерін білдірді.
Шара барысында аудандық мәдениет үйінің әншісі, республикалық конкурстардың жеңімпазы, мәдениет қайраткері Алма Адыханова мерейімізді асырып, әннен шашу шашты.
Кітапхана ашылған уақыттан бері 3-4 кісінің қолынан өткен. Мен 2009 жылы 1 қаңтарда небары 187 кітабы бар шағын кітапхананы қабылдап алып едім. Осы күнге дейін білім ошағында кітап қоры 4 мыңнан асып, ауыл тұрғындарының игілігіне жарап отыр. Ұрпақтар үшін істелген іс ешқашан елеусіз қалмайды. Еңбегіміз ескеріліп, кітапханамызға сыйға компьютер алдық.
Батима БАЛТАБАЕВА,
Мәлік Ғабдуллин ауылының кітапханашысы.
Зеренді ауданы.