Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақы қалып - АРҚА АЖАРЫ

Қазақы қалып

«Үш жұрт» ұғымының ұйытқысы

Жасыл желегі жайқалып, ежелден ырыс дарыған, қаймағы бұзылмаған, сыйластығы басым киелі Құдықағаш ауылынан түлеп ұшып, білім қуып, қойнауы қазыналы, шежірелі шаһар – Шымкентке келдім. Ұстаздық мамандықты таңдап, Шымкент педагогикалық институтын тәмамдадым. Жолдамамен Өзбекстанда бір жылдай ұстаздық етіп, туған елге оралып, аудандық білім бөліміне инспекторлық қызметке орналастым.

1974 жылы отау тігіп, өз шаңырағымды құрдым. Сол жылдың қараша айында Отан алдындағы бір жылдық әскери борышымды өтеуге аттандым.
Өздеріңізге белгілі, әскер қатарында жүрген кезімізде қазіргі замандағыдай ұялы телефон жоқ. Үй ішімен үзбей хат жазысып тұрдық. Сондай бір күндердің бірінде үйден келген хаттан өзіммен тетелес туған бауырым Сараны алып қашып кетті деген хабарды оқыдым. Қарындасым сол жылы Көкшетау педагогикалық институтының математика факультетін бітіріп, жас маман «Советский» кеңшары, қазіргі «Ақсу» ауылына барған болатын.
Әрбір ата-ана өзінің бойжеткен қызын сенімді, байсалды, ақылды, парасатты жанға табыстағысы келетіні мәлім. Сара да әкеміз бен анамыздың жақсы көретін «гүлім» деп отырған үкілеген қыздары еді. Ата-анамның қызын қазақтың дәстүрімен ұзатамыз деген арманы су сепкендей басылды. Алып қашқанын естіген анам мән-жайды білу үшін сол жылдары «Советский» кеңшарында директорлық қызметте жүрген жерлесіміз Қайыржан ағайға да барыпты. Сонымен жастардың бұл ісіне наразы болған ата-ана дау-дамай басылып, жастарға келісімін береді.
Әңгімеге өзек болып отырған кейіпкерім – Сара бауырымның жұбайы Қабылбек Шималов. Ол Жамбыл облысының тумасы, Алматы ауыл шаруышылығы институтын бітіріп, жолдамамен «Советский» кеңшарына келген жас агроном болатын.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді» демекші, әскери борышымды өтеп үйге келген соң, бауырым мен күйеу балам танысуға келді. Сол сәттен бастап бір-бірімізді бұрыннан таныс-білістей араласып, әңгімеміз жарасып кетті. Оның үлкенге құрмет, кішіге ізет, бауырмалшылдық көрсете білетін мінезі жайлы, адамгершілігі мол жан екенін сездім.
1976 жылы тұңғышы, менің жиенім – Рауан дүниеге келіп, алғаш «нағашы» атанып қуанғаным әлі есімде. Әдетте, жиен нағашы ағаларына батыл келетіні белгілі ғой. Күні бүгінге дейін «қамқор нағашы, ерке жиен» деген түсінік ортамызда нығыз орнаған. Жиеннің туысқаншыл, бауырмал болып өсуі ата-анасының тәрбиесінен деп түсінемін.
Бізге ұзақ жыл күйеу болып, шаңырағымыздың бір мүшесі болып кетуі Қабыл күйеу баламның бойындағы кішіпейілділігі, әдептілігі, шаруаға оңтайлы елгезектігінен деп түйемін. Ел аузындағы азамат «Простор» кеңшарының директоры қызметін де тап-тұйнақтай атқарды. Адамгершілік қасиетті берік ұстанған Қабыл әрқашан қайын жұртына сыйлы, балдыз, бажаларымен тату. Арамызда неше түрлі қызықтар да, кей кездері менің тарапымнан болған қатты сөздерім болса да, білдіртпей, кішіпейілділік пен түсіністік таныта білді. Осы жақсы қасиеттерінің арқасында туыстық қатынас өз алдына, қыл өтпестей жолдас, сырласпыз десем артық айтқандық болмас.
Құрметті Қабылбек, жылжыған жылдар сені де жетпістің белесіне алып келіп отыр. Бұл абыройлы жылдар деп санаймын. Еңбекте де қажыр-қайратыңның арқасында талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңа үлгі бола білдің. Ағайын-туыс ортасындағы алтын көпіріміз жалғасын таба берсін. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» демекші сыйластығымыз арта түссін. Денің сау, ғұмыр жасың ұзақ болсын, немере-шөбере қызығына бөлене бер дегім келеді.
Қайролла Хамзин,
Біржан сал ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар