18 мамыр – түркі жазуы күні

Тарих қойнауындағы таңбалы тастар

Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған руникалық жазба ескерткіштер қазақ және өзге түркі халықтарының көне дәуірде мәдени деңгейінің өте жоғары болғандығын дәлелдейтін баға жетпес асыл қазына.

Шамамен VI ғасырдың орта кезінде Түрік қағанатының құрамына енген Жетісу, Алтай, Орта Азияны мекен еткен түрлі тайпалық одақтар өз жерінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін талай соғыстарды басынан кешті. Түркі ру-тайпаларына жан-жақтан қауіп төндірген жаулардың шапқыншылығына қарсы жорықтарға ержүрек батыр бабаларымыз басшылық еткен. Қазіргі таңда олар әрі тарихи, әрі әдеби дастан-жырлардың кейіпкерлеріне айналды. Сол кездегі білімді тұлғалар тарихи кейіпкерлердің мәңгілік ел жадында сақталуы үшін өз естелік-жазбаларын түркілік сына (руна) жазуымен тас бетіне түсірді. Руна жазулары түріктердің атақты билеушілері Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Бумын қаған құрметіне арналды. Бұл ескерткіштер түркі елінің даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жауынгерлік жорықтарын мадақтап, жырлауға арналған қаhармандық дастандар деуге болады. Елдің ішкі бірлігін жыр еткен, идеялық мазмұны терең, көркемдік дәрежесі биік поэзиялық туынды.
Түркі тайпаларынан қалған бұл ескерткіштер көне дәуірдің қоғамдық-мәдени, әрі әдеби тұрмыс-салт өмірлерінен хабар беретін жәдігер қазына ретінде бүгінгі күні барлық түркі тектес халықтарға ортақ мұраға айналды. Түркінің сары даласының ішкі сырын бойына сіңірген таңбалы тастар сан ғасырларды аттап, өз заманының шындығы мен қайғы-қасіретін, амал-әрекетін бейнелеп, еш өзгерместен күні бүгінге жетіп отыр.
2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімімен 18 мамыр «Түркі жазуы күні» деп жарияланып, Үкімет шешімімен бекітілді. Бұл датаның таңдалу себебі бар 2001 жылы дәл осы күні Моңғолия даласынан күллі түркінің рухын бір басына сыйғызған Күлтегін ескерткішінің түпнұсқа көшірмесі елорда төріне жеткізілді. Ескерткіш Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне орнықтырылды.
Негізінен VI-X ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазба ескерткіштерін Түркітану ғылымы географиялық, мазмұндық әрі дәуірлік мәніне қарап, Орхон, Енисей және Талас ескерткіштері деп үлкен үш топқа бөледі. Көне түркі жазуының ескерткіштері Орталық Азия аумағында көп табылған. Олардың ішіндегі ең белгілісі Солтүстік Моңғолия жеріндегі Орхон, Селенга, Толы өзендерінің бойынан табылған тастағы жазулар. Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында неміс ғалымы Д.Мессершмидт пен швед офицері И.Страленберг Енисей аңғарында ашты. 1889 жылы Н.М.Ядринцев Солтүстік Моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлпытастарды тапты. Табылған жазба ескерткіштерді зерттеу мақсатында еңбек сіңірген дат ғалымы В.Томсен мен орыс түркологы В.Радловтан кейін еліміздің түрколог ғалымдары Әбдуәли Қайдар, Әбжан Құрышжанов, Әмір Нәжіп, Рабиға Сыздықова, Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Шәкір Ыбыраев, Қаржаубай Сартқожаұлының және тағы басқалары еңбектерінің маңызы орасан зор.
Болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырылған көне түркілік жазба ескерткіштер кең байтақ Қазақстанның барлық аймақтарынан табылып, ескерткіштер саны жыл санап өсіп жатыр. Қазақ және өзге де түркі халықтарының мемлекеттігін, тілін, тарихи-мәдени жағдайын ғылыми түрде жан-жақты әрі жүйелі зерттеу түркі тілдес халықтар үшін, оның келешек ұрпағы үшін құнды қазына болып табылады.
Түркілердің жазу мәдениетінің болғанына жүріп өткен жолымыз, мыңжылдық тарихымыз куә. Бұл ұлы мереке түбі бір түркі халықтарының ортақ мейрамына айналарына сенім мол.

Динара ТОМПЫШЕВА
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар