Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ағаш отырғызуға асығайық – бірге ат салысайық! - АРҚА АЖАРЫ

Ағаш отырғызуға асығайық – бірге ат салысайық!

«Еліңнің  ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі үшін еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа», – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай,  рухани жаңғырудың бір бөлімі – адамзаттың борышы ағаш егіп, тал отырғызу.  Әрбір азамат өз туған жерін, өскен ортасын бірінші орынға қоюы керек. Шама шарқынша өз туған  ауылының көркейіп, гүлденуіне  көмектесуі керек. Көктемнің басынан бастап бізге берілген игі мақсаттың бірі ағаш отырғызу ісін орман шаруашылығы мекемесі қолға алды.  Игі шараның мақсаты – ауылды  орман алқабына айналдырып, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру арқылы табиғатты сақтау. 

Орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Ғ.Батталов шараның басы-қасында болып, қолдан келгенше ауыл-аймаққа көркейту, көгалдандыру  жұмыстарына қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді. Және де күтіп, баптау жұмыстарын көпке түсіндіріп, «ағаш егу атадан балаға мирас болған сауапты іс.  Бұл сауапты іс тоқтамауы керек» деп, өзгелерді де шараға атсалысуға шақырды.
Иә, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын…» бұл бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына оң әсерін тигізіп,  туған ауылының көркеюіне  үлес қосып, қалыс қалмау – әрбір азаматтың борышы. Хадисте «Бір адам бір ағаш отырғызса, амал дәптеріне отырғызылған ағашының жемісіндей сауап жазылады» делінген, олай болса мол сауапқа себеп болар бір тал ағаш отырғызуды келешек ұрпақ үшін жоспарлап мақсат етейік! – дегім келеді.
Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. Бұл бағытта «Самарбай» орман шаруашылығы мекемесі ұзақ жылдан бері ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмысымен тұрақты түрде айналысып келеді. Оған қоса, жаңа аудандастырылған сорттарға айрықша назар аударуда.
Көктем шығысымен кентішілік аумақты көкжелекке айналдыруға көңіл бөліп, аталып берілген жерлерге жұмылып жүріп ағаш отырғызылды. Бұл игі іс биыл да жалғасын таппақ. Көгалдандыру бағытында көшеттер қажет болған жағдайда «Самарбай» орман шаруашылығы мекемесімен келісімшартқа отырып, қолма-қол не банктік аудару жолымен төлем қабылдау қарастырылған.
Ендігі кезекте, тақырыпты экологиялық тәрбиеге бұрсақ. «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» демекші, аулаға ағаш отырғызудың қаншалықты сауапты амал екенін тарқатып көрейік.
Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбардың мұсылмандар қауымын тал отырғызуға үндеген мынадай хадисі бар. «Қандайда бір мұсылман ағаш егіп не егін ексе, одан адамдар, құрт-құмырсқа мен құстар жеп азықтанса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады». Тағы бір өсиетінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» делінген. Тереңінен түсінгенге тәлімді тәмсіл жатыр. Тақырыпқа тұздық болсын. Тарихтан ғибратты әңгіме өрбітсек.
Бірде Аббаси халифаласы Һарун Рашид бір қарт адамның кішкентай жеміс ағашының көшетін отырғызып жатқаның байқап қалады. Халифа оған: «Иә, ақсақал сіз қартайдыңыз. Отырғызып жатқан шыбығыңның жемісін көре алмайсың. Осыны біле тұра, неге бейнеттеніп жатырсың?» – дейді. Сыр бермеген қарт: «Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды. Біздер жемісін жедік. Енді біз де тал отырғызайық. Жемісін кейінгілер жесін», – деп жауап қатады. Мұндай жауапты күтпеген Һарун Рашид әлгі қартқа риза болып, қартқа бір уыз алтын береді. Сонда қарт: «Көрдің бе, балам. Бұл тал шыбықтың жемісін міне, мен де көрдім», – дейді. Қарияның сөзіне одан сайын риза болған халифа тағы алтын ұстатады. Қарт Һарунның жүзіне күлімсірей қарап: «Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі мәрте жеміс береді» деген екен.
Жасыратыны жоқ, біздің елде көктем, күз айларында көгалдандыру айлығына байланысты ағаш отырғызу науқаны жүреді. Бұқара халық жаппай атсалысады. Осы орайда, бірқатар шет мемлекеттердің тәжірибесін сөз етсек. Көрші Қытай мен Тайвань елінде ағаш егу мерекесі мемлекеттік мәртебеге ие. Яғни, 12 наурыз жаппай тал отырғызу күні. Ал, алып мұхиттың ар жағындағы АҚШ-та 1872 жылдан бастау алған. Сол тұстағы АҚШ-тың ауыл шаруашылық министрі, белгілі саясаткер Стерлинг Мортон ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік мәртебе берген.
Түйін. Ақиқатында мемлекеттік мәртебе бергеннен гөрі, саналы түрде қалыптастыру игі іс. Бұл тақырыпта бізге қарағанда бабалардың сөзі өтімді. Олай болса, тыңдаңыз. «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды», «Дарақ бір жерде көгереді», «Бау-бақшаның қараусыз қалғаны – көк ағаштың отын болғаны», «Миуалы ағашқа бәрі де қарайды». Ал, ағайын көктем келді. Ағаш отырғызуға асығайық – бірге ат салысайық.
Біздің мақсатымыз ағашты ғана отырғызып қана қоймай, экологиялық тазалықты сақтап, таза оттегімен тыныстау. Бізге сеніп берілген жұмысымызды тиянақты да адал атқару. Келешекте соның өсуін және баптауын қадағалап, қорғай білу. Бір жердің ауасын сақтау, барлық елдің денсаулығын қорғай білу.
Тетейхан МОЛДАБЕК,
«Ақмола облысы табиғи ресурстар және
табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының
«Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Самарбай» орман шаруашылығы мекемесінің орман шебері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар