Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова: «Адамзатты кемелдендіретін күш – мәдениеттің мәйегі»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі» атты Жолдауында мәдениет пен өнердің мәйегіне мейлінше тоқталған болатын. «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау деген сөз. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет деп атап көрсеткен болатын». Осы орайда, облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің тыныс-тіршілігі, кадр дайындаудағы қарекеті жайында білмек болып оқу орнының басшысы Құралай Ыдырысоваға жолыққан болатынбыз.

–Құрметті Құралай Ғазизқызы, ел Президентінің өзі елдің атын шығаратын мәдениет пен өнер деп адамзат бойындағы ізгілік нұрының отын үрлеп жағатын осы салаға айрықша көңіл аударуы өзіңіз басшылық жасап отырған ұжымға да зор міндет жүктейтіндігі даусыз. Әлемді құтқаратын сұлулыққа қаншалықты үлес қосып жатырсыздар?
– Көптен күткен Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің жаңа ғимаратының ашылуы өткен жылы 29 тамызда облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен салтанатты түрде аталып өтті. Облыс әкімі 30 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Жаңа ғимарат хореографиялық, спорттық, жаттығу және мәжіліс залдары бар, кітапхана және асханасы бар заманауи, үш қабаттан тұрады, аулада баскетбол алаңы орналасқан.
Жоғары мәдениет колледжі төрт мамандық, сегіз біліктілік бойынша маман даярлайтын солтүстік өңірдегі бірден-бір оқу орны екендігін айта кетелік. Біздің түлектеріміз жалғыз облыс аумағында ғана емес, еліміздің солтүстік өңірінде әрі Қызылорда және Шымкент қалаларының мәдениет ошақтарында қызмет етеді. Тұрғындардың рухани байлығының кемелденуіне, мәдениет мәйегінің толыса түсуіне өз үлестерін қосып келе жатқандығы даусыз. Бұл арада ең алдымен бүгінгі күні ерекше мән беріліп отырған колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы жайында таратып айта кеткен дұрыс шығар. Өйткені, біздің білім алушыларымыз мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатындықтан, бұл көрсеткіш өте маңызды. Мемлекет қаржы бөліп, арнайы дайындағаннан кейін кадрлар өздерінің қалаған мамандығы бойынша білім алып, еңбек етулері керек.
2019 жылы колледжден 92 түлек түлеп шықты, оның 95 пайызы жұмысқа орналасты. 11 түлек еліміздің жоғары орындарында оқуларын жалғастыруда.
–Осы түлектердің жан-жақты білім алуы ең алдымен ұстаздардың біліктілігіне байланысты. Жоғары колледждің педагогикалық ұжымының қуаты қаншалықты мықты?
–Біз оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігімен қай уақытта болмасын мақтана аламыз. Олардың көпшілігі жоғары және бірінші санаттағы оқытушылар. Төрт оқытушымыз білім саласының құрметті қызметкерлері атағына ие болып отыр. Жан-жақты кемелдену, өз білімдерін көтеру ісімен тынбай шұғылданады. Осындай ізденістің арқасында колледж оқытушылары бірнеше әдістемелік жинақтар мен білім саласына қатысты бағдарламалардың авторлары. «Үздік педагог-2018» аймақтық конкурсында колледж оқытушысы Б.Байманова бірінші орын алды. 2018 жылы Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжіне жоғары колледж атағы берілді. Бұл атақтың өзі біздегі талап деңгейін биіктете түседі. Біріншіден, білім беру сапасын арттырып, техникалық және кәсіби модульдік бағдарламаны жүзеге асыру, сондай-ақ, қолданбалы өнер бакалавриаты бағдарламасын енгізу, қашықтықтан оқыту саласын игеру тәрізді жаңалықтардың жалына қол артудамыз.
Республика бойынша мәдениет саласының қызметкерлерін 16 колледж даярлайтын болса, соның ішінде Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі екі жыл ұдайы колледждер рейтингісі бойынша бірінші орынға ие болып жүр. «Кәсіпқор» холдингімен Қазақстан колледждерінің қызметін бағалау және ТжКБ ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қосымша уәждеме жасау үшін өткізілген рейтинг қорытындысы бойынша біздің колледж Қазақстан Республикасының өнер және мәдениет саласының колледждері арасында бірінші орынды иеленіп жүр.
Колледжде білім алушылардың шығармашылығын қолдауға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, «Creative» және «Эстет» шығармашылық студияларының жұмысына жастардың қызығушылығы мол. Негізінен, өнер деп өрікпіген жас көңілмен мәдениеттің мәніне ғашық шығармашылық жастар топтасқан ортада рухани байлықтың маздаған алауы шуағын шашып тұрады емес пе? Облыс орталығының өнерсүйер қауымы колледждің қазақ ұлт-аспаптары ансамблі, «Амигос» вокалды-аспаптық ансамблі, «Диамант» жаңа заманғы би ансамблі, «Эвент» имидждік тобы тәрізді ұжымдарымыздың қабілет-қарымын жақсы біледі. Әрбір мерекелік шаралар кезінде киелі сахналардан өнер көрсетіп жүрген жас қауым өңірдегі өнер мен мәдениеттің ғажайып күші арқылы замандастарымыздың бойына ізгілік пен ізеттің, парасаттылық пен пайымның, адамгершіліктің асыл дәнін сіңіріп келеді. Облыста тұңғыш рет ашылған «Eljastar» жастар театры ше? Алғашқы аяқ алысынан бастап көп көңілін елең еткізген ұжым Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Жас Art-2020» халықаралық үшінші театр фестивалінде «Спектакль» аталымы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Үстіміздегі жылдың 26-29 сәуір күндері колледж білім алушылары арасында қашықтықта өткен театр фестиваліне Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы колледжі, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі және біздің ұжымның студенттері қатысып, өз өнерлерін ортаға салған бұл дода айрықша биік деңгейде өтті. Міне, осындай кіл мықтылар шеберліктерін сын таразысына салған сәтте ұжымымыздың қабілет-қарымының биік деңгейге көтерілуі біз үшін үлкен қуаныш. Жалпы, колледжде алған білім тәжірибесі мен әртүрлі деңгейдегі сынақтарға қатысып, өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеу әлмисақтан дәстүрге айналған. Атап айта кететұғын болсақ, колледждің шығармашылық ұжымдары халықаралық фестивальдер мен конкурстарда өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Сөзімізді дәлелдей кету үшін хореография бойынша Түркияде, Дағыстанда өткен өнер додасында жақсы қырынан көрінгендігін айта кетуге болады. Сондай-ақ, Йошкар-Ола, Челябинск, Қорған қалаларында өткен театр өнері фестивальдерінде табысты өнер көрсетті. Соңғы жылдардағы қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығын толайым баяндап шығу көп уақытты алар еді. Қызылорда қаласында өткен «Текті сөздің төресі – терме» республикалық конкурсында екінші орынды еншіледік. Халқымыздың ұлы перзенті Жаяу Мұсаның туғанына 185 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ақ сиса» аймақаралық кәсіби шеберлер конкурсында бірінші, екінші орындар бізге бұйырды. «Жарқын» халықтық би ансамблі Павлодар қаласында өткен «Қазақстан раушандары» хореографиялық өнер Х халықаралық фестиваль конкурсында бірінші дәрежелі лауреат атанды.
«Жарқын» халық би ансамблі 2009 жылы құрылғаннан бері өз жетістіктерімен колледж атын республикаға, сондай-ақ, алыс және жақын шетелдерге танытып келеді. Түркия Республикасының Амассия қаласында өткен VІ халықаралық халық би ансамбльдерінің сайысына қатысып, Ресей, Иран, Грек елі, Азербайжан, Түркия және Босния елдерінен келген би ансамбльдерімен тәжірибе алмасты. 2017 жылы Дағыстан Республикасының Махачкала қаласында өткен «Каспий – достықтың жағалауы» атты ІІ халықаралық халық шығармашылығы фестивалінің қатысушысы атанды. 2018 жылы ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындарында күміс медальға ие болды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арқаның ақтаңгері, әнші-сазгер Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуына орай бюст орнатылды. Бұл көптен бері көптің көкейінде жүрген бір игі іс еді. Сонымен қатар, 2018 жылы республикалық ақындар айтысын ұйымдастырып өткіздік. Колледжімізге жоғары колледж атағы берілуі де біртұтас ұжымның еселі еңбегінің жемісі. Мамандандырылған халықаралық аккредиттеуден 5 жылдық мерзімге өттік.
«Менің ойымша, Қазақстанда балалар үйі болмауы керек», – деп Тұңғыш Президентіміз айтқандай, біз, қоғамдық пікірдің негізгі өкілдері ретінде де осы тақырыпты айналып өтпедік. Ақмола облыстық эксперименталды-лабораториялық жастар театрында бауырлас, түбі бір түркі елі Башқұртстанның танымал жазушысы, жастар сыйлығының лауреаты Айгиз Баймухаметовтің «Тастамашы мені, Ана» повесі желісімен жазылған туынды колледж студенттерінің қатысуымен қойылды. Сонымен қатар, осы тақырыпта белгілі режиссер, актер, педагог, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Тасболат Омаровтың жетекшілігімен колледж студенттері біздің қаламыздың және облыстың кіші және үлкен сахналарында «Жазығым не, мама?» атты тастанды балалардың жан азабы, ішкі күйзелістер туралы спектакльді көрермендер назарына ұсынды. Спектакль отбасылық құндылықтарды және адами қасиеттерді сақтап насихаттауға бағытталған.
–Енді осы қол жеткізіліп отырған табыстың сыры неде? Бір ауыз сөзбен сабақтай кетсеңіз.
–Ең алдымен білім алушылардың бойындағы өнер мен мәдениетке деген құштарлықты дамыта отырып, жан-жақты білім беру деп айтар едім. Колледж оқытушылары өз білімдерін жетілдіруге, әдістемелік жұмыстарын байытып, жаңашылдыққа ұмтылумен қатар, ғылымға иек артады. Оның үстіне бізде шеберлік сағаттары жиі өткізіледі. Өз салалары бойынша толайым табысқа жеткен хас шеберлердің іс-тәжірибелерін үйреніп, шеберлік шыңдаудың мәні өте зор. Осы орайда, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің хореография кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Тілеубаева, Т.Жүргенов атындағы ұлттық академияның кафедра доценті Ахан Жалынбек, «Алматы-Muzik» театрының директоры, актер, режиcсер Тасболат Омаров, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы А.Құлбекова, Дағыстан мемлекеттік колледжінің педагог-хореографы Г.Иманәлиев, атақты театр және кинорежиссері, кинодраматург, өнертану профессоры, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Т.Теменов тәрізді мәдениет пен өнер саласының бірқатар қайраткерлері шеберлік сыныптарын өткізуі біз үшін, біздің білім алушыларымыз үшін үлкен олжа болды. Міне осылайша өнер мен білімнің мәңгілік мәйегімен сусындаған колледж түлектерінің өңіріміздегі мәдениет пен білім ошақтарында халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген кезінде бойларындағы берік біліммен ерекшелену дәстүрі жылдан-жылға жалғасып келеді. Айтпақшы сөз реті келгенде, 65 жылдық тарихы бар білім ошағының қабырғасынан түлеп ұшқан жастардың саны он мыңға жуықтап қалатындығын айта кетуге болады. Біздің түлектеріміз республикамыздағы алдыңғы қатарлы қазақ ұлттық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы тәрізді жоғары оқу орындарына түсуі колледж қабырғасындағы берік білімнің әсері деп айтсақ, артық емес қой.
–Елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты шалғай ауылдағы талантты балалар білім ала алмай жатыр дейтін де пікір айтылады. Сіз қалай ойлайсыз?
–Меніңше, қазір білім алудың барлық жағдайы қарастырылған. Жалғыз біздің колледжде ғана емес, өзге де оқу орындарында тәп-тәуір жағдай туғызылып отыр ғой. Әрине, елдің бәрі мәдениет пен өнер саласында қызмет етуге міндетті емес. Ол жаратқан иенің маңдайына сыйлаған табиғи талантқа байланысты. Механизатор болғың келе ме, токарлық мамандықты игергің келе ме, меніңше ешбір қиындығы жоқ. Кәсіби мамандық игеруге кең жол ашылған. Бізде де солай. Ауыл-елден келетін білім алушыларға барлық жағдай туғызылған. Екі және төрт орындық 85 білім алушының қамти алатын жатақханамыз бар. Жатақхананың барлық бөлмелері жиһаздармен қамтылған. Асхана жұмыс істейді. Ал, қапысыз білім игеруге қажетті барлық жағдай тудырылып отыр. 2021 жылы жоғары мәдениет колледжі «Дизайн мамандығы» бағытында «Жас маман» жобасына енгізілгелі отыр. Жобаның негізгі мақсаты аса талап етілетін жүз мамандық бойынша жаңғырту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу қазіргі заманда сұранысқа ие болып отырған мамандарды даярлау болып табылады. Worldskills Kazakhstan чемпионатына 7 мамандық бойынша қатысқалы отырмыз. Колледж базасында флористика, интерьер дизайны және конкурстан тыс хореографиядан өткіземіз. Ең бастысы да осы емес пе? Алдағы уақытта бірқатар мамандықтардың қажет болмай қалатындығы туралы пікірлер де айтылуда. Ал, адамзат баласы бар жерде мәдениет пен өнер мамандары қашанда керек.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбатты жүргізген Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар