Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сегіз қырлы бір сырлы тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Сегіз қырлы бір сырлы тұлға

Көкшетау – жер шоқтығы. Қазақ мемлекеттілігінің, өнері мен әдебиетінің тарихындағы орны ерекше. Көкшетаудан әр кезеңде туып-өскен талантты ұлдар мен қыздардың есімі дүйім қазақтың есінде. Солардың бірі – ақын, жазушы, журналист, драматург, фольклортанушы, этнограф, атбегі, қоғам қайраткері Құдайберлі Мырзабек. Туған күнін ел астанасы тойымен қатар қарсы алатын Құдаш ақын биыл елу алтыға толғалы отыр. Ел дегенде ет жүректі емірентіп, «атына тұрман болсам деп, ел үшін құрбан болсам деп», халқының рухани қазынасын бүтіндеу жолындағы іс-қимылы жайында жазылған мақаламызда Құдаш ақынның сан қырлы қызметі мен талант-дарыны туралы толық ашып айта алдық дей алмасымыз анық. Дегенмен, төмендегі жеке-жеке тақырыпшалар арқылы баяндалатын жазбадан шығармашыл да іскер тұлғаның бейнесі танылары анық.

Мәлік Ғабдуллин музейі – жаңалықтар жаршысы

Көкшетауда Мәлік Ғабдуллин музейі бар. Құрылғанына келесі жылы ширек ғасыр толады. Мәлік Ғабдуллин әулетінің келіні Мәриям Кенжеахметқызы алғаш негізін қалаған бұл шағын ұжым бұл күндері – Көкшетау қаласы ғана емес, тіпті Ақмола облысындағы беделді де белді мекемелердің қатарында. Құдаш ақын музейді 2012 жылдан бері басқарып келе жатыр.
«Музей – өлген кісінің киімін іліп қойып күзетіп отыратын мекеме емес, музей – халықпен тығыз байланысып қайнап жататын мәдени орын» деп өзі айтпақшы, Құдаш ақын музей тізгінін қолға алысымен-ақ тың идеяларды жүзеге асыруды бастап кеткен еді. Кезінде Бауыржан Момышұлы қарулас, қаламдас інісі, академик Мәлік Ғабдуллин туралы «Ол – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер еді. 1. Азамат, 2. Батыр, 3. Білімпаз, 4. Ұстаз, 5. Жазушы, 6. Ақын, 7. Аудармашы, 8. Қоғам қайраткері» деп сипаттама жазып қалдырған екен. Жаңа басшы өзінің болашақ жұмыс жоспарын нақ осы сегіз сипаттамаға бағыттап құрды десек болар. Бір сырлы Мәкеңнің сегіз қырын ашуға негізделген іс-шараларды жүйелеп, бірінен соң бірін қалалық, облыстық, республикалық деңгейге шығарып
насихаттауы арқасында музейдің жұмысы жанданып жүре берді. Көкшетауда өткен ширек ғасырлық ғұмырымыздың 7-8 жылында ғылыми шығармашылық, қызметтік тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, батыр музейінің ырғақ тынысы бізге етене таныс-ты.
Құдаш басшының тың идеялары арқылы Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми мұраларына қатысты қалалық, облыстық, республикалық ауқымдағы ғылыми конференциялар, педагогикалалық семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, әскери-патриоттық іс-шаралар, ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды, кітаптар жарық көріп, зияткерлік, спорттық, мекемеаралық сайыстар өткізіліп, тәуелсіз демеушілердің көмегі арқылы қомақты жүлделер табыс-
талып жататындығы қалыпты жағдайға айналды. Мұның өзі өзге мекемелерге де қозғау салып, шабысына шабыс қосқаны анық.
Құдаш басшы әрбір іс-шараны Мәлік Ғабдуллинге қатысты шебер қиюластыра білді. Мысал үшін мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылатын «Қобыланды батыр жырын жатқа айтушылар сайысын» алайық. Өзге батырлық жырлар емес, неліктен Қобыланды батыр таңдалды дерсіз? Себебі, фольклортанушы ғалым Мәлік Ғабдуллиннің кандидаттық ғылыми жұмысына «Қобыланды батыр» жыры өзек болған еді. Құдаш ақын бұл сайысқа да демеушілер тауып, қомақты жүлде тағайындатты. Жырды бірінен кейін бірі іліп әкетіп жалғастырған топ баланың ішінен ең үздігі қиқулаған көрерменнің қолдауымен мәреге жетіп, бас жүлдеге ие болғаны қандай қызықты. Көкшетау қаласы мектептерінің 10 сыныптағы ер балалары арасында өтетін «Мәлік Ғабдуллиннің Құрмет жұлдызы» сайысы да Құдаштың ұшқыр ойынан шыққан үздік жобаларының бірі. Интеллектуалдық, спорттық және бекзадалық би кезеңдері бойынша ең үздік шыққан оқушы 8-мамыр күні Мәңгілік алаудан тұтатқан шырақты қатысушылар эстафетасы арқылы музейге дейін жүгіріп келіп, Мәлік Ғабдуллин ескерткіші алдында тұтатады. Мектеп ұжымы, ата-аналар, әскери бөлім жауынгерлері мен еңбек, әскери ардагерлер т.б. қатысуымен жүргізілетін, ешбір жасандылықтан, жалаң ұраннан ада мұндай іс-шаралардың патриоттық күш-қуатын айтып жатудың өзі артық болар. Республиканың түкпір-түкпіріндегі Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептерге қатысты жұмыстардың өзі бір төбе. Мәлік Ғабдуллиннің жазба мұраларын ҚР Ұлттық архиві, тағы басқа мекемелердің шаң басқан сөрелерінен тауып жинақтап, жанрлап жүйелеп, ондаған том дайын еңбекті баспагерге ұсынуы, ғалымның шәкірттеріне, ұрпақтарына қатысты кітаптар құрастыруы Құдаш ақын бастаған музей ұжымының жасап жатқан сан салалы шаруасының бір парасы ғана. Бұлардың бәрі айтуға ғана оңай. Тәуелсіздіктің отызға жуық жылында нақты айқын тұжырымдамасы да жоқ, сол баяғы кеңестік мазмұн мен идеяның жұрнағынан әлі арыла қоймаған талай музейлерді көріп жүрміз ғой. Ал, Құдаш басшының бастамашылдығын ізденіс, елге, жерге деген алаң көңілді шынайы ниетпен астастырған жанкештілік десек те болар. Қалай болғанда да Мәлік Ғабдуллин музейінің соңғы жылдардағы қарышты қадамы елі үшін ерлік жасап, елеулі еңбек сіңірген ердің елеулі мұрасын насихаттау арқылы елдік мұратты да лайықты ойлаудың, заманға сай менеджмент, менеджерлік деп аталатын ұғымдарды түсінудің жарқын үлгісі десек болады.

Мінсең – көлік, ішсең – сусын, сойсаң – азық

Жылқы жарықтық қашаннан бері қазақтың қанаты болып, бағзы бабаларымыз Еуразияның жалпақ даласына желдей жүйрік аттың үстінде құйғыта жүріп, үзеңгіде шірене отырып, ғасырлар бойы өктемдігін жүргізген жоқ па! Сол бабалардың сарқыты – ауыл балаларының көбі-ақ қаршадайынан атқа бейім болады ғой. Біздің кейіпкеріміз Құдаш ақын анық атқұмар кісі. Жасынан аттың жалын жас-
танып өскен азаматтың өзі. Артиллерист майдангер Рақымбектің елуді еңсергенде, Мырзабек қарияның сексеннің жетеуінде көрген атұстары ат беліндегі ашамайға да ерте отырса керек.
Ақын бабам жырындағы тұрқымен,
Ауыздығы қаршылдап, аузы жалын бүркіген.
Арғымаққа ғашық болып жасымнан,
Жусап, өрдім жылқымен, –
деп өзі жырлағанындай, Құдаш ақынның өмірі күні бүгінге дейін жылқы әлемімен біте қайнасқан десе болады. Ат баптау демекші, бір орынды әзіл есімізге оралады, осындайда. Туған ауылы Ақан жаққа әлдеқалай бара қалған Баянғали ақынға Құдаш інісі көлдің жағасында ат баптап жүріп кездесіп қалады. «Атым қалай екен, аға?» – дегенде Баян ақын бір жағы нағашылы-жиендікке, екінші жағы кешегі тарихты көздей тұрып, жұлып алғандай: «Осы қарауылға ақын бітсе, көл жағалап кететіні несі екен осы», – деп әзілдей жауап берген екен. Әрине, бұл әзілге бола Құдаш ақын жылқыдан алыстап кетпегені анық. Ұрпақ қамы, тірлік ыңғайымен ауылдан қалаға келсе де, Көкшетаудың шетінде үйірлеп жылқы ұстап, желілеп бие байлауын табыс тауып байып кетейін дегендік емес, жылқы түлігіне, ата кәсіпке деген қимастыққа саямыз. Тіпті отбасындағы, мекемедегі қым-қуыт тірлік, іссапар, шығармашылық дегендей жетімсіз уақыттың өзінде қорасынан бірді-екілі болса да жылқы үзгісі жоқ. Мұны қазіргі тілмен айтқанда хоббиі десек болады. Көкшетау – әлемде жылқыны ең алғаш қолға үйретіп мініп, сүтін сауып ішкен өлке екенін ғылым дәлелдеген. Сондықтан да болар, көкшетаулықтардың жылқыдан әзірленетін тағамдарды дайындап, баптауы көп өңірлерден көш ілгері екендігіне осы өңірде ширек ғасыр тұрған, қазақ әлемінің біраз түкпірінің дәмін татқан адам ретінде сеніммен айта аларымыз анық. Бұл тұрғыда да Құдаш ақын мен жары Майра апай ерек. Әлдеқалай бірер мәрте Құдекеңе жылқы ұстасып, жығысуға септескенім бар. Дүлей күші тебіндей арқырап, алдына келсең тарпып, артына шықсаң қос аяқтап тепкілеген шу асауды әп сәтте әбжіл қимылмен шалып-матап, жығып жіберіп «Ал, құйрықты шапта!» – деп бұйырғанда, қолыңнан бар келетін қауіпсіз селбестік – қыл құйрықты қамти ұстап, ат сауырында етпеттеген күйі еріксіз таңданып отырар едіңіз.
«Асау жығуға келген адамның саны үшеуден асса бұл – ықтималды қатер!» – дер еді, мұндайда сартақым атбегі. Жылқыны баптап бәйгеге қосудан өзге, семіртіп сою, етін мүшелеп бұзу, бабымен ыстап сүрлеу – бұл да бір арнайы машықты, талғампаз бапты, сезімтал епті қажет ететін ұлттық технология үдерісі. Бұл тұрғыдағы Құдаштың білім-білігі – арнайы тоқталуды қажет ететін тақырып. Сыртын қара қоңыз ыс басып, асқанда сорпасы түтін татып сүйкімі кетіңкіреген кейбір ет пен Майра апайдың арнайы камерасында бабымен әзірленген сары мейіз сүріні салыстырар болсаңыз, нағыз сүрі дегеннің не екенін сезінген болар едіңіз. Бұл да болса ұлттық кодтың бір сипаты емес пе? Бұл жазылған жолдар – жарнама да, ішкен-жегенді жазған тамақсаулық та емес, бұл – ата кәсіпті жеріне жеткізе аялау, ардақтаудың үлгісі туралы ойымыз.
Түсінде де көрмеген Қамбар ата құрығын,
Ат қораға енгенде шүйіретін мұрынын.
Бәйге алғанда бәз біреу, мені жерге қаратпай,
Кісінеші, құлыным!
Ақын атбегі қазақтың жылқы ұстау мәдениеті құрымауын, бар қазақылық қалпымен бүгіннен ертеңге ұласуын қалайды.
Көзі тиіп кетер ме деп қорғаштап жат кісіден,
Таңдай қақса түкіріп, ұшықтайтын мүсін ең.
Шығу керек қас тұлпар тақымы бар қазаққа,
Жылқысының ішінен.
Жылқыны алғаш қолға үйреткен, сүтін сауып, етін бабымен азыққа пайдаланып қуаттанған кешегі сақ пен ғұнның, көк түріктің бүгінгі ұрпағы таза қанды қазақ жылқысын ұстап отыр ма? Бұл да ойландырар сұрақ. Ақын осыны меңзеп отыр.
Өз атыңмен тойға барып, өз көйлегің зор сана,
Өзіңдікі-өзіңдікі, жаман, жақсы болса да.
Тайға мінген ұлдар ғана тең ұстайды тізгінді,
Айға барып қонса да.
Осы бір шумақтың астарында қаншама айтылар ой тұр десеңізші… Мінсең – көлігің, ішсең – сусының, сойсаң – азығың болған жылқы жануарды қадірлеу, баптау турасындағы Құдаш ақынның атадан балаға жалғасқан телегей теңіз білімі ертеңге күнмен ұласа, қанатын жая түссе дейміз.
Асылбек Байтанұлы.

Тағдыры Құлагердің Сұркөжекте…

(Соңы. Басы газеттің өткен саңында).
Бүгінге дейін «Айрауық», «Ащылы-Жекебояқ», «Қармыс атаның ұрпақтары», «Сұркөжек», тағы басқа кітаптары жарық көрген қаламгердің шығармашылығына көз салған адам жылқы тақырыбы ерекше орынға ие екенін анық аңғарар еді. «Сұркөжек» дастаны – нақты болған оқиғаға құрылған ойлы туынды. Қазақты атқа мінгізбей, сағын сындырып отыру үшін, жылқы ұстатпаған сонау бір солақай саясат туралы ел арасында: «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды…» дейтін ащы мысқыл айтылушы еді ғой. Тумысынан тұлпар болып туған Сұркөжек тұлпар да бұл құқайды көреді. Қарағандының Шет өңіріндегі алдына қара салмаған жүйріктің дабысын Ерік ақыннан естіп, бір көруге құмартқан Құдаш ақын жолға дайындалады. Сұркөжек тұлпарды қара үзіп алда келе жатқанда қаскөй біреу көлденең килігіп топайынан сойылмен ұрып сындырып, мертігіп жатқан кезі екен. Шеттегі Жұмажан ақсақалдың ауылына аттанар алдындағы ақынның сезім күйі:
Баруға сол өлкеге ниеттеніп,
Әр күнім туды алтын жиектеніп.
Асықтым қашан жолға шыққанымша,
Тұлпарды көз көрмеген жүрек көріп.
Ақан серінің әні, тұлпарының дүбірі қалған Көкшетаудан бара жатқан Құдаш ақын Сұркөжекке Құлагер жайылған көкорай шалғыннан дәм апарып ауыз тигізуді іштей парыз санайды:
Көңілім әбден ауды Сұркөжекке,
Жаяулап тарттым тура нулы өзекке.
Әсия балаусадан қаптап алдым,
Тұлпардың қам көңілін күйлемекке.
Осылайша дайындығын пысықтап көлікке отырған ақынның қаптап алған көк балаусасына жолай сезікті де сақ қауым өкілдерінің күдіктенуі мен өзге де машақаттардың біріне мойымастан, қасында ақын досы Серік Құсанбаев бар, көзеулі жерге жетеді:
Аттандым елден Ақсу-Аюлыға,
Қарсы алды кең жазығы сайын құла.
Құт мекен құшағына бауырады,
Кеткен ұл оралғандай байырғыда.
Марат Шайхин атты жақсы азаматқа жолықса, бұл кісі ат иесі Жұмажанға туыс болып шығады. Сонда ақындарға Сұркөжек тұлпар жайлы баяндап берген Мараттың сөзі:
Жиырма тоғыз жаста биыл міне,
Халықты көсілетін сүйіндіре.
Өткен жыл аяғынан айрылғанда,
Қамығып бар ағайын күйінді де.
Сұркөжектің жайына сырттай қанық болған көкшелік қонақ ертеңінде өгдеп келе жатқан жеріне, Сұркөжекті көрмекке жолға шығады:
Аттандық Сұркөжекке келер күні,
Таныссын оқиғамен ел ендігі.
Ішінде қоржынымның бір қолтық шөп,
Көремін көңіліме медеу мұны.
Қазақтың қонақжай қалпымен, Арқаның кең қолтық салтыменен қонақтарын қарсы алған Жұмажан ақсақалға тұлпарды көрсем деп тағат таппаған Құдаш ақынның айтқаны мынау екен:
–Арқаның дүбірлеткен кең шеңберін,
Ағатай, Сұркөжекті көрсем дедім.
Көкшетау, Құлагердің ауылынан,
Әкелген сыбағам бар, берсем дедім.
Сынған аяғы шор болып біткен, қос жанары шүңірейген, көзіне кіреуке мұң жиналған Сұркөжек тұлпар қорада жатыр екен. Ақын сонау Көкшеден сары майдай сақтап әкелген сыбағасын тұлпардың алдына төгеді:
Көкшенің таңдап шөбін тергенімде,
Сүйсініп жесін дегем бергенімде.
Алдына төктім «Мынау – сыбағаң» деп,
Ерігіп шөп арқалау ермегім бе?!
Сонау Көкшетаудан мынау Бетпақтың шегіндегі Шетке «сыбаға» деп шөп арқалатқан күш не еді? Расымен де мұндай сапарға екінің бірі тәуекел етіп шыға да бермес еді ғой. Ақын қалай болғанда да, ойға алған мақсатын жүзеге асыра алды:
Мақсатым – атқа құрмет – ту бастағы,
Пенденің оны ұға алмас бейбастағы.
Әкелген көк балауса әсияны,
Құмартып Сұркөжегім жей бастады.
Әрине, ақындарға тән мұндай қадамды, тіпті әпенділік қалып дерліктей ерекше сапар түйінін былайғы көп жұрттың байыбына барып, түсіне бермейтіні де рас қой.
–Мұндай шөп жүзінде жоқ бұл әлемнің,
Өйткені ол ізіне өскен Құлагердің.
Сені іздеп Көкшетаудан әдей келдім,
Қастерлеп киесіндей мына белдің.
Осы кезде құлағын елең етіп қайшылаған есті жануардың қылығына мұнда тұрғандар «сөзіңді түсінді» деп бағалайды. Ат иесі Жұмажан қария «Қонақ келді, Кәртамышым, түрегел», – дегенде ақын арғымақпен амандасады.
Әлгі қазақтың ертегілері мен батырлар жырындағы үстіңгі ерні қыбырлап, астыңғы ерні жыбырлап адаммен сөйлесетініне сенбей көріңіз:
Жаныштап батпан тағдыр батқан белден,
Сұркөжек тұрды ұмтылып жатқан жерден.
Құшақтап қаз мойыннан жалын сипап,
Мен сонда амандастым ақтангермен.
«Адамнан зият жануар» деп әспеттелетін Қамбар ата түлігінің сезімталдығы, иесіне, туған топырағына деген сағынышына қатысты қаншама аңыздар айтылып, кинолар түсіріліп келе жатыр. Сұркөжек тұлпар да дәл сондай есті жануар екен:
–Құмартқан тарланым да, серегім де,
Өзіңсің, қалың қалай? – дегенімде.
Аяғын сермеп созып, бұлғақтатты,
Осыны біреу айтса, сенемін бе!
Рас, жылқы жануарда тіл болмаса да, ес бар. Мұны жылқының жанын түсінетін адам ғана сезеді, түсінеді, сырласады. Сұркөжек аттың сондағы мұң шаққан қалпы, мұны жан жүрегімен ұғынған ақынның күйі былайша өлең жолымен өрнектеліпті:
Мұң шағып төртеуімізге бас құраған,
Сұркөжек екі көзден жас бұлаған.
Төбемнен болды бейне тас жауғандай,
Жылқыны көріп тұрып рас жылаған.
Мұндайда адам баласы қалай шыдап тұра алсын. Төмендегі өлең жолдарын көңіліңіз қамырыға оқи отырып, ақынның ойын еріксіз қостағандайсыз. Сұркөжек те сонау Құлагер тұлпар сияқты адамзат қоғамының іштарлық, қызғаншақтық, көре алмастық дейтін дертінің асқынуынан туындаған мейірімсіз, безбүйрек әрекетінің жазықсыз құрбаны.
Көргенде Сұркөжектің жылағанын,
Қосылып мен де егілдім, шыдамадым.
Соққыға жыққандай боп көз алдымда,
Халықтың бетке ұстаған бір адамын.
Сұркөжектің көзінен жас сорғалап жылауы, ақынның қосыла егіліп мұңдасуы – жылқыжанды қазақ үшін аса сенімді жағдай. «Басқа халық маймылдан жаралса, жаралған шығар, ал дәл біздің қазақ жылқыдан жаралған» деп білімпаз жазушы Асқар Сүлейменов бекер айтпаса керек.
«Жарайтын жігіт бол – деп – көш бастауға»,
Жұмажан бата берді қоштасқанда.
Үкісін Сұркөжектің сыйға тартты,
Аттандық разы болып бас қосқанға.
Сұркөжек тұлпарды көрмек сапары осылай аяқталады. Жылқы туралы, жылқы туралы емес ау, қызыл империя тұсындағы қағажулы қазақ рухы туралы поэманың идеялық, мазмұндық көркемдік ерекшелігіне талдау жасау – мақаламыздың басты мақсаты болмаса да, бұл сәтті туындының түйінді тұстарына мазмұндық шолу жасап өткеніміз осы болды.

Айтыстың ақтангері, ұрымтал сөздің ұтқыры

Құдайберлі Мырзабекті қазақ әлемі ең әуелі айтыс ақыны ретінде таныды. Тоқырау жылдары тоқыраңқы күй кешкен қазақ айтысы өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан бастап тың серпіліске ие болды. Өз заманының технологиялық жетістігімен үндесіп телевизиялық форматқа көшуі нағыз үлкен жаңалық еді. Құдайберлі Мырзабек – осы кезеңнің өкілі. Қазақстан Ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеев – қазақ айтысының ақтангері, Құдаш ақынның тікелей тәлімгері. Мұны екі ақынның ертеректегі бір айтысындағы мына бір жауаптасудан анық бағамдаймыз:
Ғұмырлық сіз – ұстазым, сіз – мектебім,
Санама ұлағатыңды тізбектедім.
Жоқ қарап жанарыңыз шаршағандай,
Көз сүзіп әлде кімді іздеп пе едің? –
деген шәкіртінің сұрай арнауына қарт ақынның толғана отырып былай деп шаттық сарынмен жауап қатуында үлкен мән бар еді:
Не барын айтсам балам, елегенде ой,
Көп жылдай іздегенім сен едің ғой.
«Шәкеннің аманаты мойынымда,
Шынымен кеткені ме» деп едім ғой.
Сол кезде келешегім өзің болып,
Көкенді қуанышқа кенелттің ғой.
Сексенінші жылдары, енді аз уақыт осылай бола берсе, Көкше өңіріндегі айтыс өнері «нар мойны кесілген» дейтіндей жағдайға жетеғабыл болып қалған кез еді бұл. Жамбыл дәуірінде атағы алысқа кеткен көкшеліктер Қалия, Шәкен, Молдахмет ақындардың ізін баса шыққан Көкен Шәкеев, Мұса Асайыновтардың жалғасы болып Баянғали Әлімжанов пен Құдайберлі Мырзабектердің жарқ етіп көрінген тұсы. Көкен ақын сол үшін де қуанышын жасыра алмай отыр. Осылайша Көкшетаудың Құдаш ақыны айтысқа қадам басып, сексенінші, тоқсаныншы жылдары қазақ сахнасындағы, радио, телевизиялық айтыстарға қатысып, ұрымтал, ұтқыр әзілімен ерекшеленді. Сол замандағы айтыстың мен деген майталмандарының бәрімен айтысып, сөз барымтасын, аламан көрігін қыздырды. Бір айта кетерлігі, қазақ айтысындағы тұңғыш автокөлікті тізгіндеу құрметіне ие болған ақын да – осы Құдайберлі Мырзабек екендігін біреу білсе, біреу білмес.
Көзге көрініп, ойға қонақтаған шындықты, кетеуі кеткен кемшілікті ащы мысқылмен тұздықтай отырып, бетке айтатын Құдаш ақынды халқы сол үшін де жақсы көрді. Алайда заманында тігінен туған қазақ айтысының айы да біртіндеп шалқалай бастаған тұста Құдаш ақын сөз сайысынан біртіндеп бой тарта бастады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ айтысының тізгінұстары Жүрсін Ерманның Құдаш інісіне арнаған мынау жыр жолдарында тарқатар болса терең мәнге қоса, айтыскер ініге деген үлкен құрмет жатқаны анық:
Жаратқан, жақсыларды жат қылмашы,
Шайырға анық екі шақ тумасы.
Сыймадың қалыбына бұл заманның,
Ноқтаға сыймағандай аттың басы.
«Айтыстың таптым – деп ем, – бел баласын»,
Өзің де талайларға енді ағасың.
Оңайға иілмейтін өр басымды
Иілткен талантыңмен сен ғанасың!
Жүрсін ағасы айтқандай, бұл күндері Құдаш ақын да өзінен кейінгі бірнеше буын айтыскерлердің топшысын қатайтып, томағасын сыпырған екен. Арман Бердалин, Қанат Қыдырмин, Әлібек Серғалиев, Қуаныш Оспан, Құрмет Құралхан, тағы басқа да әр кезеңдегі шәкірттері өз тұсында халықаралық, республикалық айтыстарда ел намысын лайықты қорғады. Кейбірі бұл күндері бокс тілімен айтқанда «қолғабын шегеге ілді», олардың соңынан қара көрсеткен жас буын қатары да мол. Көкше өңірінен әлі де талай Құдаштар шығарына сенім мол.
Көкшелік ақын-жазушылардың бүгінгі ақсақалы, республикаға танымал қаламгер Төлеген Қажыбай Құдайберлі інісінің айтыскерлігі туралы былай деп баға берген екен: «Құдайберліні қалың қазақ жұрты алқалады, есімін, есті жырларын әспеттеп төбеге көтерді. Ал ақын еңбегі, әрине, соған лайық та еді. Ол өз әріптестері: Ерік Асқаров, Баянғали Әлімжанов тәрізді ерен текті таланттар санатына саудасыз қосылған қалпымен қазақтың айтыс өнеріне елеулі үлес қосты, сапалық жағынан жаңа бір түр мен соны сипаттар әкелді. Ол айтыс өнерінің мәдениетін мәйектендіре түсуіне ерекше ықыласта болды, сол жолда аз тер төккен жоқ. Айтыс өлеңінің жұтаң, жүдеу тұстарын бүтіндесті, жарқыраған жаңа деңгейге көтерілуіне көп күш жұмсады. Онысы көбіне көп ақталды. Сондықтан да онымен айтысқа түскендер, қатысқандар Құдайберлінің сөз саптасына, тың тіркестеріне, ұтқыр уәждеріне тәнті болысты. Оның көптеген айтыстарын, егер қазақ ауыз әдебиетінің елеулі үлгісі – айтысты зерттеуші біреу болса, оқулық ретінде ұсынуға болар еді деп есептеуге толық негіз бар». Төкең ақсақалдан асырып айту мүмкін емес, әрине.
Құдаш ақынның әрбір күні әлдебір жағдаятқа байланысты табан астында тауып айтар ұтқыр әзіл cөзге немесе бірер шумақсыз өтпейді десе де болады. Бұларды жинаса, кереқарыс бір кітап болары сөзсіз. Солардың кейбірінен осы орайда келтіре кетелік:
Құдаш ақын үйдегі бір шаруаға көмектесіп жібер деп шәкірттерінің біріне телефон соғады. Шәкірті «келемін, келемін» деп айтып алып, кешігіп жатса керек. Күте-күте шыдамы таусылған Құдекең шәкіртіне былай деп хабарлама салады:
«Жала!» – деп ала алмассың, сірә, беттен,
Сөзіңде тұра алмадың уәде еткен.
Сөзінде тұра алмайтын жігіттердің,
Иісі жаман болад туалеттен, –
дегенді оқи сала, әлгі шәкірті жұмысын тастай сала, шауып жетіп келіпті.
Ақын, әнші Елена Әбдіқалықова өз концертін беріп жатады. Кезекті бір әнін бастамас бұрын халыққа қаратып:
– Келесі шырқайтын әнім өмір жайында. Біздің қазақ өмірді «бес күндік жалған» дейді ғой, неге бес күн дейтінін білмеймін бірақ.., – деп сөзін әрі сабақтай бергенде, залда отырған Құдекең:
– Біздің қазақ сенбісі мен жексенбісін ұмытып кеткен ғой, – деп залдағы жұртты ду күлдірген екен.
Бір жолы қарағандылық досы Рамазан Саттыбаевпен бірге сол елдің белгілі бір азаматының үйінде қонақ болады. Рамазан досы табақты көтеріп келіп қойып жатқанда Құдаш ақынның жымың еткенін байқап:
– Біздікі осы ғой, Құдаш! – деп көзінің қиығымен нұсқай, өзгелерге естірте, ақталған сыңай танытады. Себебі, табақтағы еттің майы аздау болса керек. Еттің қара кесегі молдығын дастархандағылардың руымен байланыстыра:
– Әйтеуір атамыздың атына нұқсан келе ме деп, маркаларыңды бір түсірмейсіңдер, ә! – деп қағытқан екен.
Көкшетауда өткен бір үлкен айтыста жүлде таратылыпты. Қазылар алқасы қомақты, көрнекті жүлделерді өзге жақтан келген ақындарға ұсынады да: «Құдайберлі өзіміздікі ғой, сөкпес», – деп Ақан серінің шағын фарфор мүсінін ұстатады. Сахнадан түсіп келе жатқанда біреулер:
– Құдаш, саған не сыйлық берді? – деп сұраса керек. Сонда Құдекең:
– Атамның басын – деген екен.
Тағы бірде жолдағы тыйым салынған белгіден өтіп кеткені үшін Құдаш ақынды қалалық МАИ бастығы Айбек Қасенов тоқтатып, жүргізуші куәлігін алып қояды. Келесі күні айыппұлын төлетіп, куәлігін қайтарып беріп жатқан МАИ қызметкерлері: «Бір ауыз өлең шығармайсыз ба?» – депті. Сонда ақын:
Бөгейді былай шықсам МАИ жолымды,
Аузымды айып салып Айбек ұрды.
Енді алса правомды атпен жүрем,
Содан соң тересіңдер қай боғымды, –
деп шығып жүре беріпті.
Ауылдағы туыстары сатпақ болып Құдаштың үйіне бір сиырдың етін алып келеді. Құдаш мешітке ет қажет дегенді естіп, қызметкерлеріне телефон соғады. Іле-шала мешіт қызметкерлері келіп, сатып алмақ болады. Құдаш көршіден таразысын тауып әкеліп:
–Өздерің өлшеп ала беріңдер, – деп кетіп қалады. Мешіт қызметкерлері өздері өлшеп «осыншама келі шықты» деп етті көліктеріне тиеп алып кетеді. Сәлден соң мешіттің шаруашылық басшысы Керейбай ақсақал телефон соғып: «Манағы етті қайта өлшегенде тоғыз келісі жетпей қалды», – депті. Сонда Құдаш ақын табан аузында:
Кәреке, маған өйтіп салма әлекті,
Мешітке жеткізбепсің алған етті.
Таразы – менікі емес, көршінікі,
Мойныма жүктемеңдер бар нәлетті.
Ішіне шайтан кіріп ұрламаса,
Қаптағы тоғыз келі қайда кетті?
Мешіттің көлігіне шайтан мінсе,
Мұсылман баласынан тәуба кетті –
деп өлеңдете жөнеледі екен. Сасқалақтап қалған Керейбай ақсақал:
– Болды, болды, әрі қарай айтпай-ақ қой, кінә өзімізден! – деп тұтқаны қоя салған екен. Міне, күнделікті өмірде, айналада, адамдардың мінез-құлық іс-әрекетінде болып жататын әрбір іс-әрекеттегі шетін қылық, қимылды жіті көз, сезгіш сана арқылы қалт жібермейтін сұңғыла қазақтың нақ өзі Құдаш ақынның тапқыр сөздері діттеген жеріне дөп тиіп жататындығымен құнды.

Сегіз қырлы, бір сырлы талант туралы сөз түйіні

«Таланты тәңіріден берілген ақын үшін бір ғана поэзия. Суырыпсалма айтыскерлікте де, зор мәдениетті, салиқалы-сабатты жазба поэзия шалқарында да ол шынайы шабытты жырлар ғана тудыра алмақ. Осылай еткен сирек дарындардың арасында да Құдайберлінің орыны бөлек, жұлдызы биік. Айтыстан үлкен поэзияға қылаусыз, қытықсыз қосылған айтулы ақындар ішінде өзімнің досым Баянғалиды, аяулы Ерік Асқаров інімді, одан соң Есенқұл Жақыпбековті айтар едім. Көбіне-көп бұлардан басқа айтыс ақындарының үлкен поэзияның, жалпы ақындықтың ерекше миссиясын түсінуі кемірек пе деп қаламын», – деп қаламдас досы, жерлес, ақылдас ағасы, белгілі ақын, жазушы Қорғанбек Аманжол айтқанындай, Құдаш ақын айтыскерлікті жазба лирикамен сәтті тұтастырған ақындардың бірі. Бұған ақынның ойлы, сырлы жырларын оқығанда көзіңіз жетері анық. Сондай-ақ, соңғы кездері драмаға да сәтті қалам тартып, «Науан хазірет», «Батырлық жолы» қатарлы пьесаларын көрермен жылы қабылдады. Атақты сал-серілер шыққан елде, киелі топырақта туған Құдаш ақынның сазгерлік қадамы да сәтті шыққан. «Қоскөл», «Ащылы-Жекебояқ», «Баянауылдың бұлттары», тағы басқа Арқа мәнеріндегі толқымалы, шырқау биікті, тамаша әндерін белгілі әншілер өз репертуарларына енгізіп, сахналарда сәтті орындап жүр.
Бұл күндері Көкшетаудан жырақ жүрсек те, Құдаш ақынның шығармашылығы, ол басқарған мекеменің ұлт рухын түлетіп, жаңғыртуға негізделген мазмұнға бай іс-шаралары, мән-маңызды іссапарлары бел ортасында Құдаш ақын жүретін, Көкше жеріндегі айтулы оқиғалар туралы қазіргі қарыштап дамыған ақпараттық дәуірде сырттай хабардар болып, жақсы іске жан сүйсіндіріп, тілекші болып отырамыз.
Бұл бір күнім, бұл күнім,
Бұл күнім, пай-пай шіркінім!
Бұл күнім алау үмітім,
Ұшында жанған шырпының.
Қомында түнеп түйенің,
Жалында түлеп жылқының.
Қоныс қып жұртын Тұранның,
Мекен қып жұртын Түркінің,
Жетімдей ақыр жетілген,
Жеттім-ау көрмей бір тыным.., –
деп толғанады ақын Құдаш. «Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі – сыздаған барлық жараның», – деп Төлеген Айбергенов жырлағанындай, ел өмірінің ыстығы мен суығын қатар сезіне, жырына жалау, ісіне арқау ете жүріп, халқымен бірге жасап, ел ағасы жасына жетіп отырған Құдайберлі Рақымбекұлы Мырзабектің шығармашыл тұлғасын осы жазбамыз арқылы сезіне алған болсаңыз, діттеген мақсатымыздың орындалғаны болмақ.
Асылбек БАЙТАНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар