Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жиырма төртінші «Шоқан оқулары» - АРҚА АЖАРЫ

Жиырма төртінші «Шоқан оқулары»

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде қазақ халқының тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Шоқан оқулары-24» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы онлайн режимде өтті. Үш күнге созылған конференцияға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Жылдағы дәстүр бойынша жиырма төртінші рет өтіп отырған конференцияның алғашқы күні аудандық, қалалық білім бөлімдерінің өкілдері, университет пен облыс мектептерінің жетекші әдіскерлері мен оқытушылары, 7-11 сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Конференцияда университет ректоры Марат Сырлыбаев пен облыстық білім басқармасының бастығы Бейбіт Жүсіпов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі пленарлық отырыста химия және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Нұргүл Нұрмұханбетова «Оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуы: мәселелер, тәжірибе және ұсыныстар», биология және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Шынар Дүрмекбаева «Оқушылардың биологиядан ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру жолдары» және математика, физика және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәуле Дәмекова «Виртуалды ресурстар және балалар университетінің қашықтықтан жұмысы» тақырыбында баяндама жасады.
Аталмыш университет пен Қазақстанның өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары қатысқан студенттердің ғылыми-практикалық конференцияның екінші күнінде «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, «Шоқан оқуларының» маңыздылығына тоқталды.
Екінші күнгі пленарлық отырыста «Табиғи тағамдық бояғыштарды тамақ өнімдерін бояуда қолдану», «Жаңа ойлау: Рухани жаңғыру және жастардың ұлттық санасын жаңғырту», «Құрылыс логистикасының даму тенденциялары», «Шет тілін оқытудың әлеуметтік-мәдени компоненті», «Солтүстік Қазақстан жағдайында майбұршақтың өнімділігіне құрылым элементтерінің әсері», «Медицинада көміртекті қолдану» тақырыптары бойынша бірқатар студенттер баяндама жасады.
Жалпы, конференцияға барлығы 243 ғылыми мақала ұсынылған. Барлық мақалалар электрондық форматтағы конференция жинақтарында жарияланып, авторларға жіберілетін болады. Сондай-ақ, биылғы жылы барлық жоспарланған ғылыми іс-шаралардың форматы белгілі себептерге байланысты күндізгі режимде қашықтықтан өткізіледі.
Конференцияның үшінші күніне облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ғылыми конференцияның жұмысына еліміздің және Венгрия, Моңғолия, Ресейдің белгілі ғалымдары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Пленарлық отырыста отандық және шетелдік танымал ғалымдар мағыналы да маңызды баяндамалар жасады. Атап айтар болсақ, профессор, тарих ғылымдарының докторы, жерлесіміз Қадыржан Әбуев «Шоқан Уәлихановтың Петербургтегі өмірінен қызықты фактілер», Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Қазақтың ұлы ханы Абылайға байланысты тың мұрағаттық деректер», Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Михаил Чуркин «Ұлы дала халқының ХІХ-ХХ ғасырлардағы саяси өмірі» және Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбектің «Эпостанудағы Шоқанның ғылыми ұстанымдары» тақырыбындағы баяндамалары конференция қатысушыларын ерекше әсерге бөледі. Түмен мемлекеттік университеті геоэкология және табиғатты пайдалану кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, доцент Анна Синдиреваның тартымды баяндамасы да көп көңілінен шықты. Осыдан-ақ, ғылыми іс-шараның белсенді түрде өткені байқалады.
Конференция барысында ұстаздар мен жас ғалымдар тарапынан баяндамашыларға көптеген сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар алынды. Бұл сұрақтарда әсіресе, Шоқанның Парижге сапары, ғалымның Сырымбетте дүниеге келуі, Ұлы дала халқының мәдениеті, Шоқан Уәлиханов тұлғасын зерттеген ғалымдар, Шоқанның әдебиеттанушы ғалым екендігі әлі де болса толық зерттеліп, нақты айтылмай жүргеніне баса назар аударылды. Бұндай маңызы зор конференциялар ғылыми- зерттеу жұмыстарын одан әрі дамытуға жол ашады.
Шоқан Уәлиханов қазақ халқының тұңғыш ағартушы ғалымы, саяхатшы, этнограф, фольклорист, өз заманының озық ойлы қайраткері. Ол бар саналы ғұмырын туған халқына, қазақ ұлттық мәдениетін дамытуға арнаған ғалым. «Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен» қысқа ғұмырына қарамастан, Шоқан қазақ мәдениеті мен ұлт тарихына асыл да мол мұра қалдыра білген. Осынау ағартушы ғалымның ерекше тұлғасы, мәні зор ғылыми еңбектері келешек жастарымызға үлгі-өнеге. Үш күнге созылған ғылыми-практикалық конференцияның жоғары деңгейде өтуі қазақтың кемеңгер тұлғасының есімін иеленген Шоқан Уәлиханов университетінің ұжымы үшін зор мақтаныш.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар