Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні - АРҚА АЖАРЫ

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Астана Мағжанын іздейді

Ашаршылық, қуғын-сүргін туралы газет беттерінде келтірілген айғақтарды, журналист, тарихшылардың әрі сол кездің тауқыметін тартқан көнекөз қариялардың күрсіне, күйіне жазған естеліктерін оқығанда, жүрегіміздің бір тамыры сөгілгендей күй кешетініміз рас. Қазақ жұртына келген қиястық, қолдан әдейі жасалған зұлымдықтың қарасы батсын, кейінгі ұрпақтар көрмесе екен дейміз. Сол қиястық қазақтың қара шаңырағын ойрандап, ортаға түсіргенінің кесірін әлі де көріп келеміз. Халқымыздың саны күрт төмендеп, еселеп азаюынан бүгін де сан соғып отырған жоқпыз ба?!.

Соғыстың тұсында туған қатарластарым, бізден кейінгі іні-сіңлілерім, жоғары оқу орындарында Қазақ ССР тарихын оқып қана емес, жаттап өстік. Ал, өзімізге тән, қазақтың білімді, ойшыл азаматтары жазып, сызған тарих беттері өшті, өспеді. Төл тарихымыздың беті көмескіленіп, іштей налыған, наразылық білдірген ғалымдарымыз шетінен «Халық жауы» аталып, абақтыға жабылды, содан шықпай жер жастанды. Тірі қалғандары ит жеккенге айдалды. Соның бәрінен мен қатарлас студенттер қауымы мақұрым-мәңгүрт болғанымызды кеш түсіндік. «Халық жауы» деген кімдер, неге осылай болды?» деген сұрақтардың жауабын алдымыздағы білімді профессорлар 60-жылдардың басында дөп басып айта алмай, ат-тонын ала қашатындарды сырттай пендешілікпен білімсіздікке балап, қатты кеийтінбіз. Сол профессор ағаларымыздың өзі бәлен жыл абақтының адамы болғанын кейін ғана түсіндік.
60-жылдардың орта тұсында қазақ елінің зиялы шамшырақтарының жолы нұрланып, «Халық жауы» деген ақын-жазушыларға жарық дүниенің есігі қайта ашылып, төрден орын алған шығармаларын таласа-тармаса оқи бастадық, есімдерімен таныстық.
Заман ептеп өзгерді. 90-жылдар ішінде ұзақ уақыт есімін толық білмей, кейбіреулерден ғана еміс-еміс естігенімізбен, шығармалары біржола жойыла жаздаған Мағжан Жұмабаевтың туған бауыры Қалижанның қызы Райхан Шонаевамен кездесу бақытына ие болдым. «Егемен Қазақстан» газетінде мақалам шыққан. Өзінің туған әкесінен бездіріп, арғы аталарының атымен жүрген Райхан апайдың көз жасын, ішкі күйзелісін түсіндім. Кімнің кінәсі? Райхан апай арқылы Мағжанның екінші бауыры Мұхамеджанның қызы Гүлқаныс апамен жақынырақ танысқаннан бастап, апаның мұң шалған жүзінен өмірден әбден азап шеккендігі байқалушы еді.
–Оқыған, білімді, сұлу келбетті Бекеннің жеті ұлдарына қазақи көзқараспен айтар болсам, көз тиді ме, әлде көре алмаушылық қызғаныш болды ма, Кеңес үкіметі бауырларыма қырғидай тиді ғой,–деп Гүлқаныс апаның көз жасы етегіне толатын. Әкем Мұхамеджан айдалып, абақтыда талай жыл жазықсыздан-жазықсыз отырып келді. Соңында қалған бас көтерер мен болып қалдым. Бар болғаны 12-13 жастамын. Анам болса, сырқаты меңдеп төсектен тұра алмады, соңымнан ерген кішкентай Райхан сіңліме бір үзім нан тауып беру оңай болған жоқ. Үй суық, дала кезіп, ағаш бұтақтарын жинастырамын, үйге келіп от жағамын. Болар-болмасқа үй жылынушы ма еді? Дала бөлтірігіне таланып қала жаздаған кезім де болды. Есіме алудан қорқамын. Әйтеуір, Алланың оң көзі бізге түсіп аяды ма, талай жыл абақтының бейнетін көрген әкем қайтып оралды. Туған жер, туған өлкені тастап, жан сауғалап келген Тараз қаласы тұрақты мекенімізге айналды. Киер киімге, ішер асқа зар болып өткен балалық шағымның күні құрысын. Көзіне тұнған жасты қол орамалының шетіне сүрткен ананың мойынынан құшақтаған қызы Шайзада:
–Апашым, өмір бойы Жазекеңді сағынышпен аңсап келесің. Сені қуантайын деп отырмыз,–деді.
Елең еткен Гүлқаныс апа Шайзаданың қолындағы Мағжанның баспадан шыққан тұңғыш өлеңдер жинағын көргенде:
–Жазекем тірі екенсің ғой, өлмепсің. Мынау тіршілігіңнің айғағы.
Әлі ғарпі толық кебе қоймаған кітап бетіне үзік-үзік тамған көз жасына шыланған кітаптың сыртқы мұқабасындағы Мағжан суретін жүрек тұсына қысқан ағалы-қарындастың жүздескен жүздерін тілмен жеткізу оңай емес-ті. Өз басым мұны талай жылғы жүректе қатып қалған мұздың қиыршығы ғана ерігендей, өкініші мол, өмір тауқыметін тартқан ананың іштегі шері деп ұқтым.
Бекеннен тараған туған-туыс, бауырлары Мағжанды «Жазеке» дейді екен. Өмірінің көбі жылау-сықтау, қорлықпен өткен Гүлқаныс анасын Шайзада өмір бойы арқалап өтуге дайын еді. Шайзаданың арқасында, көптің қолы жетпейтін, еліміздің сұлу табиғаты мол жерлерін аралап тамашалады, ем-домның шипасын, рахатын көрді. Сондықтан, бір-біріне махаббаты шексіз еді.
Тоғыз құрсақ көтерген Гүлқаныс апаның өмірден көрген азабы мен қуанышы тең еді. Балаларының мейірім шуағынан нәр алған апа бақытсыз да емес-ті. Өмір бойы сағынышпен Жазекем деп өткен ағасын іздеуші, бағалаушы қалың қауым халқы барын да көрді. Анасы қайтыс болғанда Шайзада бірнеше күн жер бауырлап жатып қалды. Оны да көзіміз көріп, көңілі қаяу Шайзаданы немен жұбата аларымызды білмедік.
–Шайзада, сен де анасың. Алтындай қыздарың Айя, Лейла бар. Тұрмыстарың ел қызығатындай, басыңды көтер,–деп қатқылдау үнмен сабырға шақырдым. Бірде өзі үйіне шақырды:
–Ақылдасатын шаруа бар. Роза ханым, апамның көзі тірісінде өзіне де айтқанда мақұл деген еді.
Не айтар екен деп тұрмын.
–Солақай саясаттың құрбаны, жазықсыз атылып кеткен Алаш азаматы Мағжан Бекенұлының ескерткішін өзімнің қаражатыммен жасатып, қазақтың астанасы Астананың төріне қойғызамын. Москваның қақ ортасында тұрған Пушкин ескерткішін көріп пе едің?–дегенде:
–Пушкин орыс поэзиясының патшасы болса, Мағжан қазақ-түрік тілдес халықтары поэзиясының патшасы ғой,– деп қалдым.
Шайзада қуанғанда, қатты налып ренжігенде көзі ұшқын шашып, оттай жайнап кететін.
–Мағжан Жұмабаев халық адамы, сондықтан, халқынан алар мақтау-марапаты аз болмас. Өмір бойы Жазекесін сағынып өткен анам Гүлқаныс алдындағы өшпес балалық махаббатымның белгісі болсын!
Мағжан ағаның өзінен туған ұрпағы болмағанымен, жиен қарындасының мың азаматтығы тағы да мені қатты сүйсіндірді. Әркімнің қолынан келе бермейтін шығыны мол, қаржы тілейтін көлемді дүние.
–Ойың дұрыс, ойланарлық іс,– деп күмілжіп қалдым.
Мен Астанадамын, ол Алматыда еді. Бір күндері телефон шалды.
–Қоладан жасатып жатырмын, мүсінші Едіге Рахмедиев деген жігіт. Жақында аяқталып қалар. Астананың қай көшесі лайық, ойыңда жүрсін.
Бұрын-соңды ескерткішпен айналыспаған басым, Астананың әдемі көшелерін ойыммен сүзудемін. Ойым әр тарапқа бөлінген мен, Абай көшесі мен Сейфуллин көшелерінің аралық тұсындағы «Жастар» сарайы қолайлылау, нағыз демалыс орны, одан қалды, ақынның «Мен жастарға сенемін» деп бүкіл қазақ жастарының болашағынан үміт күтер өсиетіндей: «Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, шығарар олар бір таңда, мен жастарға сенемін!» деген өлеңі де бар. Ойымды Шайзадаға жеткіздім. Ендігі мәселе, тек әкімшілік қолдаса?!.
Ұмытпасам, қала әкімі И.Тасмағамбетов болуы керек. Әкімге кіріп шыққан Шайзада: «әкімнің шешімі бойынша М.Жұмабаев көшесінің бойында тұратындықтан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің корпусы алдына қойылатын болды. Жастар жүретін орын өзіме ұнады» деп келді. «Жер берілді, ескерткіш бітсе орнатудың қиындығы бола қоймас деген үмітім бар» дегенді де қосып қойды.
Шайзада өзінің ақыл-парасаты, іскерлігімен кейбір ер азаматтың қолынан келмейтін жеке компаниясын ашты. Жан жылуын төгіп, айналасындағы жаны жаралы жесірлерге, балалы-шағалы жандарға шағын болса да баспанамен көмектескен Шайзаданың мүмкіншілігі төмен жандардан алған батасы аз емес еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасындағы Мағжан шығармаларын зерттеп жүрген студенттерге 2-3 жыл бойы шәкіртақы төлеп тұрды. Мағжанның сөзіне жазылған «Япурай» әнін той-думанда айтып, радиоға жаздыртты. Ән көпке ұнап, үздік әннің бірі аталды. Өзінің қаражатымен Мағжан Жұмабаевтың өмірі жайында кино түсірткізді. Өмірді сүйе білген, өнерге құштар Шайзада Нұрбекқызы Бекішованың көпке тигізген шапағаты аз емес еді-ау!
Алайда, аяқ астынан өмірден озды. Ажал айтып келе ме, жылап-сықтап, туған-туыс балаларымен көз жасымызды көл қылып біз қалдық. Қайран Шайзада, қазаңның орны толар ма?! Басқа түскен ауыртпалықтан өз-өзімізге келе алмай, ұзағырақ жүріп алдық. Ал, артында қалған шаруа шаш-етектен еді.
Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, бір жылдан кейін қызы Лейлаға телефон шалып, Мағжан ескерткіші жайында сөз қозғадым.
–Роза апа, оның соңынан жүріп тұратын уақыт жоқ. Соны сіз қолға алсаңыз.
Осы сөзден кейін не тұрыс, Шайзадамның аманатын орындауға шындап кірістім. Астанадағы Айя қызының танысы Салтанат Мағжанға қатысты бір бума құжаттарды қолыма тапсырды. Оны ретке келтіріп, алдымен Астананың жер бөлу басқармасына барғанымда, басшылар жоба тендерден өтпегендігін, сол себепті құжатты қабылдамайтынын айтты. Екі аяқтың күшімен талай есік ашылып, жабылды. Бір-біріне сілтеген пенделер, не істерсің? Сол екі ортада екі жылдан астам уақыт артта қалды. Жүйке де тоза бастады. Қала, аудан әкімдері мен сәулет мекемесі басшыларының отырысында комиссия құрылды. Мағжан ескерткішінің толық біткен нұсқасы экран арқылы комиссия мүшелеріне көрсетіліп, жоба бір ауыздан қабылданды. И.Тасмағамбетов кезіндегі жер қайтарылып берілді. Сол М.Жұмабаев көшесі бойындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттер корпусының алдындағы орын.
Аяның ұлы Димаштың келгені жақсы болар ма, мені құшақтап, далаға шықтық. Ісіміз біткендей қуанудамыз. Алайда, бұл тек басы екен.
Мәдениет және спорт министрінің қаулысы, қалалық сәулет-құрылыс басқармасының қаулысы, әйтеуір, талай қаулының тіркемесі бар папканың бетін жапқандай едім.
Алайда, Алматыдан жеткізілген Мағжанның қоладан құйылып жасалған дайын мүсінін Астанаға орнатуға қаражат бөлінбегенін алға тартқан қолында билігі бар намыссыз азаматтардың ісіне күйінгеннен басқа не дерсің? Ешкімнің атына күйе жаққым келмейді. Жалғыз Алаштың ғана емес, түркі дүниесінің ұлы ақыны М.Жұмабаевтың 125 жылдығына орай, Астанамыздың төрінен орын аларына сенімді едім. Әлі күнге арманы аяқсыз қалған Шайзаданың рухынан ұяламын. Тәуелсіз қазақ елінің астанасына Еуропа мен Азиядан, Түркиядан келген бауырларымыз да Мағжанды іздеуі хақ, солардан ұяламын. Астана төрінде ендігі жарық жұлдыздай сәулесін шашып тұрар Мағжан тек қиял болып қалды. Амал қанша?..
Солтүстік Қазақстан облысының басшысы Құмар Ақсақалов мырзаның поэзия патшасы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың ескерткішін арнайы көлікпен Астанадан Петропавл қаласына алғызып, тұғырына қондыртуы нағыз қазақтың намысшыл азаматының ерлігі деп түсінуге болады. Солтүстік қазақтардың мерейі үстем болып, Мағжанның ұрпақтарының рухы желеп-жебеп жүрсін!
Роза ЖҮНІС,
Қазақстан Республикасы телевизиясының
ардагер журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар