Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні - АРҚА АЖАРЫ

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Озбырлықтың құрбаны – Иманжүсіп

Қазақ халқы өз тарихында әйгілі есімдерді, тарихи тұлғаларды ешқашан естен шығарған емес. Көркем шығармаларға өзек болған сондай тұлғалардың бірегейі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Ақын, сазгер, әнші Иманжүсіп Құтпанұлы Павлодар облысы, Ермак (бүгінгі Ақсу) ауданында дүниеге келгенімен, оның балалық шағы Ақмола облысы, Жібек жолы ауылында өтіп, сонда жарты ғасыр ғұмыр сүрген.

Осы ауылдағы отбасылық зиратта Иманжүсіптің ата-аналары, ағалары мен әпкесі және тағы да басқа туыстары жерленген. Иманжүсіптің әрдайым алда болуға деген құлшынысы кеңдігі мен дарқандығынан туса керек. Оның бұл қасиеттері туралы өмірбаянынан да аңғаруға болады. Атасы жайында немересі Раушан Иманжүсіп былайша еске алады: «Жиырмасыншы жылдардың аяғында жұттың болғаны баршамызға аян. Атамды ашығып жатқан халыққа көмектесу мақсатында делегация басшылығы ретінде Ақмола қаласына жібереді. Ол мұнда бай-қуатты азаматтармен кездесіп, ауылдастарының жайынан хабар беріп, ауылын нанмен қамтамасыз еткен жайы бар. Ауылына жеткенше жол-жөнекей ашығып жатқан жұртқа нанымен бөлісіп келеді…»
Ол әрқашанда қазақтың қарапайым шаруаларының бостандығы мен елінің гүлденуі туралы ойлаған. Ақын «…мен халық үшін ән салып, өлең жазамын» дейтін. Сол себептен де ол халық арасына кең таралған «Ерейментау», «Сарыарқа», «Сарымойын», «Бұғылы-Тағылы», «Сарыбел» әндерін шығарған А.В.Затаевичтің «Мың қазақ әндері» деген танымал жинағына Иманжүсіптің әні деген атаумен тағы төрт ән кірген. Александр Затаевичтің еңбегі Иманжүсіптің әндеріне қайта өмір сыйлады. Зерттеуші Иманжүсіп Құтпанұлы жайында замандастарының «Палуан батыр» деген атағын жария етуіне себепкер болды. Иманжүсіптің жастайынан поэзия мен халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылығы басым болды. Ол Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың шығармаларымен өте жақсы таныс болып, Жарылғапберді, Естай, Жаяу Мұса сияқты ақындармен етене жақын қарым-қатынаста болған. Жаяу Мұса Иманжүсіптің суырып салма ақын болуына көп септігін тигізді. Иманжүсіп дәстүрлі халық ақындарының ізімен жүрді. Ол өз әндерінде өрелі азаматтығымен билеушілдердің халықты қанаушыларға айналғанын әшкерелеп отырған. Иманжүсіп шығармашылығы мен өмірі ажырамастай астасып жатты.
Иманжүсіп қазақ халқына жұт төнген қасіретті заманның өкілі болды. Иманжүсіптің бір беткейлігі мен шыншылдығын ұнатпағандар оған қарсы әрекеттер жасай бастады. Жалған жала жауып Иманжүсіпті абақтыға қаматады. 1895 жылы Иманжүсіп болыстық билікке сайлауға қатысады. Ақынның жеңіп шығуына мүмкіндік мол еді. Себебі, ол халқына жақын болды. Алайда, Иманжүсіптің жасы толмаған деген себептермен кандидатурасын (сайлауға 35 жастан жоғары азаматтар қатыса алатын) алып тастайды. Ал, сайлауда жеңіске жеткен үміткер қарсыласы оған қарсы неше түрлі жалған айыптар тағып, бірнеше мәрте жоғары жаққа арыз жеткізіп отырған. Бұнысы бекер болмаған, себебі, жаңа сайланған болыс Иманжүсіптен өз бәсекелесін байқайды. Ақыр соңында болыс өз дегеніне төрт жылдан кейін жетті. 1899 жылы этаппен Иманжүсіп Құтпанұлын Семей облысы аумағына жөнелтеді.
Кеңес үкіметін Иманжүсіп қазақ халқына бостандық пен тәуелсіздік, ұлт теңдігін сыйлайды деген үмітпен қарсы алды. Бірақ, Жамбыл облысында тұрған кезінде кеңес өкіметінің мүлік тәркілеу кезіндегі бай манаптармен қоса, қара халықтың да азап шеккенін көргенде үміті су сепкендей басылды. Кеңес өкіметінде орын алған әділетсіз реформаға қарсы шығуға халықты бастаған алғашқылардың бірі болды. Мойынқұм өңірінде болған бүлікке екі мыңнан астам адам қатысады. Алайда, көтеріліс кеңес өкіметі тарапынан күштеп басылды. Иманжүсіп қайтадан абақтыға қамалды. Иманжүсіп Құтпанұлы Әулиеата жерінде атылды. Ақынның немересінің айтуынша, Иманжүсіптің шығармашылық мұрасының халқымен қайта қауышуына С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Қ.Сатпаев, А.Жұбанов, Ә.Кекілбаев, Е.Рахмадиев, К. Салықов сынды белгілі ғылым мен өнер, әдебиет қайраткерлерінің көп еңбегі сіңді. «Иманжүсіп туралы естелік үшін біз осы жандарға қарыздармыз» дейді Раушан Иманжүсіп.
Иманжүсіптің аты Нұр-Сұлтан қаласында көшеге, Қызылорда облысының аудан орталығына, Оңтүстік Қазақстан облысының Шілік ауылының, Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Александровка ауылының мектебіне, Павлодар облысы Ақсу қаласындағы спорт сарайына берілді. Раушан Иманжүсіп ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге бар саналы өмірін арнап келеді. Ғалым атасының шығармашылық мұрасына арнаған 200-ден аса мақала, 30-ға жуық кітап шығарды, Иманжүсіптің мәдени тарихи портреті тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Республикалық радиода көптеген телефильмдер мен теле бағдарламалар жасалды.
Ақмола тарихи-өлкетану музейінде Иманжүсіп Құтпанұлына арналған бөлім бар. Онда 1930-1931 жылы Қазақстандағы Үштіктің үкімімен тұтқындалуы туралы құжаттарының көшірмесі және фотосуреттер, Құтпан ұрпақтарының, қызы Күләнда Иманжүсіпқызы суреттерінің, Иманжүсіптің немересі Раушан Нұрқанқызы суретінің көшірмесі мен оның «Иманжүсіп» кітабы тұр. Нұрқан Құтпанұлының Иманжүсіп туралы жазған қолжазба-дәптері де орын алған. Сондай-ақ, Бурабай тарихи-өлкетану музейінде Иманжүсіп Құтпанұлына арналған бөлім бар.
Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ халқының бостандық алуына өзіндік үлесін қосқан азамат. Оның келер ұрпаққа қалдырған мұрасы да жетерлік. Тек оны әлі де зерттей түсу қажет. Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты мәселені толығымен зерттеп, келер ұрпаққа насихаттау жас ұрпақтың парызы деп ойлаймын.

Айым НҰРМАҚАНОВА,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар