31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

«АЛЖИР». Азабы мен сабағы.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жалпыұлттық еске алу күні дегенде алдымен, Ақмола облысында орналасқан Алжир мемориалдық-мұражай кешені ойымызға оралады.

● Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылдың 5 сәуірдегі Жарлығына сәйкес 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде жыл сайын дәстүрлі түрде ресми аталып өтеді.
● Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
● Сондай-ақ, 1930-шы жылдардың басындағы күштеп ұжымдастыру кезеңінде 3 миллионға жуық қазақтар аштан өлді.
● Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ, қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы, елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.
● «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) сияқты арнайы лагерьлер құрылды.

Бұл кешенді барып көрген адам саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының осы лагерьде болған кезін көздерімен көріп, ауыр жағдайды өткерері сөзсіз. Мен алғаш осы кешенге 2014 жылы аяқ басқанда сонау ашаршылық жылдарында, аш-жалаңаш кезде азапты күндерді бастан кешкен апаларымыздың тағдырын ой елегінен өткізіп, көңілге біраз ой түйіп қайттым.
Жалпы, Қазақстан тарихында 31 мамыр айрықша күн. Бір ғана Қазақстанның өзінде сол жылдары 103 мыңнан астам адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Қазақ зиялыларының бетке ұстар өкілдерінің, республика басшылығының түгелге жуығы жойылғанын осы кешенді аралау барысында ұғына түсесің. Сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға арналып салынған осы лагерьлердегі адам төзгісіз жағдайлар туралы жазылып та, ел ішінде айтылып та жүр. Бірақ, көзбен көрген бір бөлек екен. Саяси қайраткерлермен қатар, олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады. Нәрестелердің де сол лагерьлерде дүниеге келгені де жасырын емес.
Мұражайдың жанындағы кішкентай барактың көшірмесі келушілер мен туристердің үлкен қызығушылығын тудырып қана қоймай, аязға шыдап, суыққа тоңған әйелдердің қайсарлығы ерекше әсер қалдырады. Ол жерге сол кездегі солақай саясаттың кесірінен жер аударылған «халық жауларын» тасыған «Сталиндік вагон» қойылыпты. Оны кейін «Қызылша» деп атаған екен. Сол баракта «АЛЖИР» тұтқындарының балаларын тартып алу» диорамасы осы баракта жасалған, яғни, әйелдерді қамауға алып, кішкентай балаларымен бірге лагерьге әкелген, ал үш жасқа толғанда оларды балалар үйіне жіберген. Әрине, бұл жағдай аналар үшін өте ауыр болады. Өйткені, әуелде олар балаларының қайда жіберілетінін білмеген. Содан хаттар жазып, сұрау салып, оларды іздеп табуға тырысқанымен ол әрекеттері жауапсыз қалып отырған. Дәл осы баракта дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің жанжары Гүлбаһрам анамыздың да отырғаны белгілі. Менің білуімше, Гүлбаһрам Сейфуллина саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, осы лагерьге айдалған жолда үш жасар ұлы Аян көз жұмады. Содан поезда оны НКВД-ның жендеттерінен жасырып, үлкен сөмкеге салып, «Көкшетауға апарып жерле», – деп бір азаматқа табыстап кетеді екен. Содан бері жаңадан бой көтерген қазіргі «Жансая» тұрғын-үй кешені маңындағы ескі қорымда Аянның мәйіті жерленгені шындық. Осыдан он жыл бұрын қорымның сыртына «Аяндай бір қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақсұңқардың қанатынан» деген өлең жолдары жазылған құлпытас қойылды. Өлең авторы – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы. Бүгінде оған бәрімізде барып құран бағыштап жүрміз. Міне, бұл «антикеңестік әрекеттерге баратын әлеуметтік қауіпті» деп танылған тұтқын әйелдер тұрған барактағы Гүлбаһрам анамыздың қасіретті тағдырының бір бөлшегі ғана. Мұндайлар қаншама десеңші.
Мұражай кешенінің кіреберісіне қойылған монумент «Қасірет қақпасы» деп аталады. Бұл жерден киелі жерге кіру барысында екі дүние адамдары, яғни, тірілер мен қайтыс болғандар кездесетіндей әсерде боласың. Жалпы, монументте қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларына қайғырған әйел бейнеленген. Сол «Қасірет қақпасынан» өтіп бара жатып, бас иесің, өйткені, бұл саяси қуғын-сүргін жылдары мерт болған адамдарға жасалған мәңгілік ескерткіш іспеттес. Ал, кешендегі өзге белгілерге келер болсақ, оларды лагерьде отырған 62 ұлттың тұтқын әйелдерін мәңгі есте сақтау мақсатында шетелдік мемлекеттің елшіліктері орнатқан. Одан әрі «Түңілу мен әлсіздік» композициясы шарасыздықты, бостандыққа шығам деген сенімділіктің жоқтығын, соған мойынсұнғандық пен дәрменсіздікті бейнелейді. Сондай-ақ, кешенде тұтқыннан құтылу үміті мен ниетінен поэзияға, еркіндікке бет бұрған «Күрес пен үміт» композициясы әйел бейнесінде сомдалған. Келесі бір бөлімде лагерь тозағын көргендерге арналған «Көз жасы» стелласын да айналып өте алмайсың. Онда бұрынғы КСРО территориясында орын тепкен ГУЛАГ-тың картасы бейнеленген. Сондай-ақ, Қазақстанның аумағында орналасқан Карлагқа бағынышты 11 лагерьдің атауы жазылған. Тікенекті сымның әржағындағы әйелдер мен балалардың қасіретті тағдыры көрініс тапқан. Кешенді аралап жүріп, ауданы 1,5 гектар жерді алатын «Алаш» бағына кездестік. Бұл жерде кезінде «АЛЖИР» тұтқындары еккен алма бағы болған екен.
Жалпы, мұражай ғимараты кесілген конус пішіндес. Бұл құпиясы мен сыры мол қобдиша қайғы орны тәрізді. Ғимараттың терезесі жоқ. Бірақ, жарық экспонаттарға жоғары жақтан түсіп тұрады және құпия біртіндеп ашылады дегенді меңзейді. Оған өзіңіз келіп көрсеңіз, куә боласыз. Мұражайға кіру тоннельден басталады. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырын көрсетеді. Тоннельде тоталитаризм дәуіріндегі жер аудару вагондары мен арбалардағы қуғынға ұшыраған адамдар, ату жазасына кесілгендердің бейнелері кескінделген. Мұражайдағы екі қабатқа қойылған экспозициялардың ішіндегі «Алаш» залы Қазақстанның Ресей патшалығының құрамына кірген кезінен бастап Кеңестік кезеңге дейін, 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргінінен сыр шертеді екен.
«АЛЖИР» залындағы «Жер аудару» экспозициясы біртұтас халықтарға жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін саясатын көрсетеді. Қазақстанға бір миллионнан астам адам мәжбүрлеп жер аударылды. Мұндай қиянатқа немістер, түріктер, корейлер, поляктар, шешендер, қырым татарлары ұшырады. Ол адамдар Қазақстанға мәжбүрлеп әкелінгенімен, кейін көпшілігі осында тұрақтап қалды. Бүгінде қазақ елін екінші Отаным деп санайтындары да сондықтан.
Міне, тағдырлы жандардың қасіреті ғасыр қойнауына енсе де, санада әрдайым жаңғырып тұрады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар