Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Целиноград ауданына жұмыс сапарымен барып, биыл пайдалануға берілгелі «Hevel Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты күн электр станциясының жұмысымен танысып, «Ең-Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы алқабын аралап көрді және керамикалық тас пен кірпіш өндіретін «Astana Ceramic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Президенттің сапары кезінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы «жасыл энергетиканы» дамыту перспективасы жайында баяндалды. Қуаттылығы 100 МВт болатын электр станцияның құрылысына 30 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған. Станция жылына 148 миллион киловат сағат электр қуатын өндіреді. Құрылыс жобасын салу барысында компанияның өз әзірлемесі, атап айтқанда, гетероқұрылымды екі жақты күн модулі секілді инновациялық технология пайдаланылған. Президент Қазақстандағы жаңартылған қуат көзін пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, электр станциясының қызметкерлеріне табыс тіледі.
Қазақстан Президентінің «Ең-Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы алқабын аралап көру барысында агроөнеркәсіптің техникалық жабдықталуы мен өнімді арттыруға бейімделген жер өңдеу технологиялары, сондай-ақ, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы әзірлеген элиталық тұқымды пайдалану жөнінде мәлімет берілді.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысына аймақтағы агроөнеркәсіп кешені, егін және мал шаруашылығын дамыту жоспары, сондай-ақ, елорда тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі көктемгі егіс жұмыстарының барысы және отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау мақсатында қаржы бөлу жөніндегі тапсырмалардың орындалуы жайында есеп берді.
Қазақстан Президенті мемлекет тарапынан аграрлық секторды дамытуға баса мән беріліп отырғанын атап өтіп, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын айтты.
Президентке керамикалық тас пен кірпіш өндіретін «Astana Ceramic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысу барысында аталған жобаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы айтылып, құрылыс материалдарын өндіру технологиясы таныстырылды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құрылыс индустриясының дамуы және Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылуы жайында баяндады.
Мемлекет басшысы аймақтағы құрылысты сапалы салудың, барлық инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.