Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Үндеуін оқып, танысып шықтым да, ой үстінде қалдым.
Расында да адамзат тарихында бірде-бір мемлекет өз халқына дәл Кеңес Одағындай террор жасамаған болар. Президентіміз өз Үндеуінде «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең» екендігін айта отырып, біздің еліміз бойынша ғана 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылғандығын және де Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгенін, зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылғандығын атап көрсетіпті. Сол қиын да қасіретті кезеңде біздің халқымыз кез-келген ұлттың баласын бауырына басты. Өздері жарымай отырса да, олармен құрт-майымен, бауырсағымен бөлісті, төріне отырғызып, төсегіне жатқызды. Қазақтардың сол мәрттігі, сол адалдықтары мен сол кеңпейілділіктері, сол дархандықтары, сол бауырмалдылықтары Адамзат тарихының алтын беттеріне алтын әріптермен жазылғаны да абзал болар еді. Елордада өткен бір жиында «Егер де әлем бойынша адал да төзімді бір халыққа Нобель сыйлығы берілетін болса, оған тек менің қазақ деген халқым ғана лайықты» деп айтқан да болатынмын!
Шүкір, тәуба дейміз! «Кең болсаң кем болмайсың» деген ата-баба көңіл-ниетімен өмір сүре жүріп, Тәуелсіз ел болдық! Тағы да сол кеңдігімізге бағып, Қазақстанды мекендеп отырған барлық диаспораларға да бар жағдай жасап отырмыз. Елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, соны бәрінен де биік қоямыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде былай дейді: «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық!»
Бұл-ақиқат! Тарихтан алар сабағымыз да көп әлі! Қазақ халқының қасіретті кезеңінің әлі де ақтаңдақтар беттері көп. Әлі күнге шейін кәмпеске, яғни, қазақ байлары мен ауқаттыларын кәмпескелеу тарихы толық зерттелген жоқ. Аштық осы кәмпескелеуден басталғаны да анық. Сталиндік жүйе кезінде қолдан жасалған аштыққа Украина мен Қырғыз елі геноцид деген саяси баға берді. Біз мұны айта алмай отырмыз.
Мемлекет басшысыны Үндеуінде «Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ
жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі» деген жолдар бар. Алайда Елордадағы ескерткіште «Қазақ халқына мың алғыс» емес, неге «Қазақ еліне мың алғыс» деп жазылғанына да таңданысымыз бар. Әлде кезінде қазақтың нанын жеп, төріне шығып жылынғандар енді тойынғаннан соң бұл шіркіндер «қазақ халқына мың алғыс» деп айтуға арланғаны ғой деп де кейіген едік кезінде! Қасым-Жомарт Кемелұлы әуелі Елордадағы осы ескерткіштегі сол жазуды түзету керектігін нұсқап та отырған болар бәлкім! Және де Президентіміздің «Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым» деп отырғандығы осы мәселені толық жеріне жеткізуді мақсат еткені де болар деп ойлаймыз. Сол комиссия алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы сол ескерткіштегі жазуды түзету мәселесін де назарларынан қағыс қалдырмаса екен!
«Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеу сөзінде айтылған қағиданы әрдайым жадымызда ұстау арқылы келер күндеріміз бен келер ұрпағымызды заңсыздықпен жасалған сүргіндерден аман сақтап тұрарымыз бар. Саяси қуғын-сүргіннің қасіретті зардабын тартқан ұрпақпыз біз де! Енді сол зұлматтар қайталанбасын! Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау арқылы өркендеуге жазсын! Осыны ойлайық баршамыз!