Біздің бірлігіміз бен ынтымағымыз қасіретті кезеңдерде сыннан өткен

Рафаиль СҰЛҚАРНАЕВ,
«Ақмола облысының татар-башқұрт бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Үндеуі жарық көрді. Осы үндеумен толық танысып шықтым. Расында да, Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға үлкен террор жасалғандығы, оның үлкен қайғы-қасырет әкелгендігі қазір белгілі жағдай. Сол қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың көпшілігі қазақ жеріне қоныс аударылды.
Татар халқында «Мейірімдінің қайырымы қиын кезде жетеді» деген мақал бар. Сондай мысалдарды қазақ елінде өмір сүрген әрбір диаспораның өкілдері анық танығаны бар. Кеңес одағы кезінде түрлі халықтарға жасалған саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартпаған халық жоқ. Түрлі жаламен Қазақстанға еріксіз жер аударылған адамдарға әр қазақ баласы зор қамқорлық жасады. 20-50-шы жылдары қазақ халқының өздері де нәубетті бастан кешірді. Сталиндік режимнің ашаршылығының зардабын қазақтар көп тартқандығы тарихтан белгілі қазір. Міне, осы қиындыққа қарамастан қазақ халқы өзге ұлттарды өз үйлеріне паналатып жарты құрты мен жарты бауырсағын беріп, аштан өліп қалмауларына қамқорлық жасады. Біз қазақ халқының бұл шынайы зор адамси қасиеттерін ұмытпауымыз керек. Соның белігісіндей Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақ еліне мың алғыс» монумент ескерткішінің орнатылуы әбден орынды болды.
Біз тағы да сынаққа түсіп отырмыз. Әлемді жайлап отырған пандемия кезінде Қазақстан халқы тағы да өз бірлігін көрсетіп жатырмыз десек, артық айтқандық емес.
Мемлекет басшысынан бастап, еліміздің қарапайым тұрғындарына дейін бір-бірінен көмектерін аянып жатқан жоқ. Мұның бәрі әлбетте, қауіпті індетті тездетіп жеңу, алаңсыз күндерге аман-есен жету мақсатында жасалып жатқаны анық. Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Мәлімдемесін теледидардан тыңдап, біраз ойларды көкейге түйдім. Халқымыз аңсап отырған бақытты күндеріміз алыс емес екеніне көзім жете түсті. Сонда да, барынша сақ болғанымыз дұрыс. Санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтауға тиіспіз. Мәлімдемеде атап өтілгендей, басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу. Бұл міндет тек, билік өкілдеріне ғана емес, әрбіреуімізге қатысты. Төрткіл дүниені тамсандырған қазақстандық бірлік моделі осы күндерде санамызда сайрап тұруы қажет. Өйткені, біздің бірлігіміз бен ынтымағымыз, достығымыз саяси қуғын-сүргін және аштықтың қасіретті кезеңдерінде сыннан өткендігін ұмытпайық.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар