Әбу Насыр Әл-Фараби – 1150

Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фараби және осы заманғы ұрпақ тәрбиесінің сабақтастығы

Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға берді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей қолдауымен кемеңгер тұлғаның мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күнтізбесіне еніп, аталып өтпекші. Мақсат ұлы бабамыздың мұрасын әлем деңгейінде ұлықтау, ұлттық бренд ретінде қалыптастыру болып табылады.
Әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған Әл-Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне, ұлт мүддесіне жаратуда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде Әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие болды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Әл-Фарабидің мерейтойы аясындағы іс-шаралардың басталғанын айта келіп былай деді: «Әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігі. Ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тану мен бүкіл адамзаттың рухани дамуына теңдесіз үлес қосты. Әл-Фарабидің шығармашылық болмысы Шығыс және Батыс өркениетін байланыстыратын рухани алтын көпірге айналды. Оның трактаттары ренессанс дәуірінде Еуропадағы ғылымның дамуына және дүние танымының қалыптасуына тікелей әсер етті».
Осы тұрғыда біздің университетімізде де айтулы мерейтойға байланысты іс-шаралардың өтіп жатқандығы көңіл қуантады. «Әл-Фарабидің рухани мұрасы» атты көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылып, студенттер назарына ұсынылды. «Ұлы Даланың дана перзенті» атты лекциялар циклі гуманитарлық мамандықтарда оқылып, нәтижесінде оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды.
12 наурызда облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Әл-Фараби және оның рухани мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми жиынға тарихшы, филолог ғалымдарымыз А.Сейітқасымов, А.Есмағұлов, С.Жәмбек өздерінің баяндамаларымен атсалысып, ой бөлісті. Жас ғалымдарымыз Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде онлайн форматында өткен «Заманауи қазақстандық контекстегі Әл-Фараби» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға белсене қатысты. Ақпан айында университеттің бірқатар кафедраларында, студенттік жатақханаларда «Әл-Фараби – Шығыстың ойшыл ғалымы» тақырыбында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, тағылымды шаралар өткізілді.
Студенттер арасындағы баба мерейтойына арналған республикалық VIII қысқы Универсиадаға да қысқы спорт түрлерінен қатысып, жүлделі орынға ие болдық. Жалпы тарих және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасы қыркүйек айында «Әл-Фараби философиясы және Шығыс мәдениеті» атты аймақтық ғылыми конференцияға дайындалуда. Осы тақырыпта ғылыми жобалар, дипломдық еңбектер де қолға алынуда.
Облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып, іргелі, алқалы ғылыми жиын да өткізбекшіміз. Облыс әкімінің қолдауы бойынша қазір оған да дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген. Олай болса, білім мен тәрбие егіз екенін естен шығармай, барынша бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелей отырып, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруді естен шығармайық.
Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Әл-Фараби сонымен бірге, оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. Еңбектің өзі өнер. Ал, еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігін үйретеді, олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады деген болатын Әл-Фараби. Оның адам еңбегі туралы тұжырымдамалары – қазіргі жаңа мыңжылдықта да актуальды екені айдан анық.
Еңбек тәрбиесінің теориясын жасау барысында ол антик заманының теоретиктері Платон мен Аристотельдің тұжырымдарын басшылыққа алды. Демек, ол қандай да болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғары формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алған. Әл-Фараби еңбек тәрбиесінің теориясы «өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды», – деп тұжырымдайды.
Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ бұл тұжырым студенттерге сапалы тәртіп, саналы білім беру, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу деген сөз. Әл-Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің – адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді.
Әл-Фараби «Еңбек ету, саналы болу, адамгершілік, ізгілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген ғылыми қағиданы ұстанды. Ол адамды табиғат, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұстанған Әл-Фараби, адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.
Әл-Фарабидің пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Әл-Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп алды. «Тәрбиені неден бастау керек?», «Философияны үйрету үшін алдын ала не білу керек?» еңбектерінде ғылымды, оқу-ағартуды меңгеру, білім, тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Осы негізде ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтайды. «Ғылымдар тізбесі», «Ғылымдардың шығуы» еңбектерінде ғылымдарды үйрену реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін, болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім етіп қалдырады.
Әл-Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйрететін ұстазды өте жоғары бағалаған. Оның ойынша тәрбиеші адам – қазіргі мұғалім «мәңгі нұрдың қызметшісі».
Ұлы ойшыл Әл-Фараби тарихи шындықты, еңбекті, тәрбиені, оның ішінде еңбек тәрбиесін адамның игілігі, бақыты үшін қолдануды армандады. Адамның игілікке жету жолдары туралы ойларын Әл-Фараби сол кездің өзінде экономиканың, саясаттың, мемлекеттік құрылыстың, отбасы тәрбиесінің, еңбек тәрбиесінің мәселелеріне байланыстыра отырып, аса қажет мызғымас берік негізге сүйенеді. Сондай-ақ, ол қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары жөнінде батыл пікір айтқан ғұлама. Өйткені, адам бақытты болуға лайық және сол бақытын табуға тиіс. «Адам өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнісінде бақытты өмір сүре алады», – дейді данышпан. Сөйтіп, ұлы ойшыл адамның өмірлік іс әрекетіне үлкен мән бере отырып, еңбек қана адамды жануарлар дүниесінен бөліп, оқшау көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Адамзат қоғамының өмір сүруіне ең керектісі оның материалдық тұтыну қажеттері дегенді бірінші орынға қойып, осынау маңызды мәселе төңірегіндегі теріс көзқарастарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Бабамыз адамдар бір-бірімен келісіп, тіл табысып отыруы керек деп есептеді. Әділеттіліктің қалыптасқан нормасы, әмбебап заңдар қажет екендігін ескерте келе, ол заңдардың тәрбие арқылы жүзеге асатындығын дәйектейді. Оның ойынша, еңбексіз заң да, қоғам да ілгері дами алмайды. Ұлы ойшылдың заң күші туралы осы айтқандарынан қоғамдық келісімдер туралы идеяның алғашқы белгісі жатқандығын аңғару қиын емес. Бұл идея Еуропада көп кейін өріс алды. Кейбір шығармаларында Әл-Фараби өз тұсындағы қоғамды астыртын ғана сынап отырды. Ондағы етек алған озбырлықтар мен қаталдықты, ақыл мен адамгершілік, еңбек тәртібі ұстанымдарының орасан бұрмалауынан деп түсіндірді.
Еңбек және еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдануда ХІІ ғасырда жазылған «Әл-Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбектің маңызы өте зор. Әсіресе, мұның трактат ретінде ғылым тарихында алатын орны айрықша. Бұл трактат «Ғылымдар энциклопедия-
сы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», тағы басқа аттарымен Шығыс және Батыс елдерінде өте ертеден-ақ мәлім болған. Бұдан көп ғұламалар тәлім алған. Сонымен, Әл-Фараби туындыларының, оның ішінде еңбек пен еңбек тәрбиесі, адамгершілік, игілік туралы тағылымдарының маңызы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қайта тағылымдарының мазмұны қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында қайта түлеп, заман талабына сай жаңа көрініс алуда. Ол жаңа теориялық мазмұн алары хақ.
Әл-Фарабидің ілімі Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының педагогикалық ой-пікірінің дамуында революциялық төңкеріс болып есептелді. Демек, ол Шығыс халықтарының салт-санасының, әдет-ғұрпының ағартушылық тәлім-тәрбиелік ой-пікірінің, ғұламалық тағылымының дамуында жаңа кезең ашып, халықтық педагогиканың негізін қалауы дейміз. «Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған оттың көзі», – деген Әл-Фараби. Орта Азия ғұламасы Әл-Фарабидің шәкірті, оның ілімін әрі қарай жалғастырушы Ибн Сина: «Фарабидің тәрбие тағылымдарының ең маңыздысы әрбір жеке адамды еңбекке тәрбиелеу болды. Өйткені, еңбексүйгіштікке, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу. Ол кімде-кім өзінің тіршілігі үшін, өзі де пайда келтіретін еңбекпенен айналысқанда ғана, нағыз халық адамы бола алады – деген өмірлік өсиет қалдырып кетті», – деп көрсетті.
Ұлы ойшылдың ғылымның әр саласына арнаған 160-қа жуық трактаттары бар екен. Ол бағыттар педагогика, философия, медицина, этика және тағы басқалары. Өз еңбектері мен ол ислам өркениеті және Еуропалық батыс мәдениетінің сабақтас болуына зор ықпал жасады. Ғалымның біз айтқан тәрбие, адамгершілік туралы, адамның дамуы, жетілуі туралы сұрақтары бүгінде маңызын жоймай келеді. Өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактатында» болашақтағы бақытты шаһардың үлгісін жасады. Оның пікірінше, білім мен ізгілік ажырамас бірлікте болу керек!
Кемеңгер ұстаз «… тек халықтың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады…» дейді. «Қайырымдылық қоғамы» туралы ілімі бүгін де, шиеленіс пен қайшылықтарға толы, саналуан қоғамдық өзгерістер мен қатынастарға толы заманауи үрдісінде өте қажет, адамзатқа шамшырақ болатын қағида десек артық болмайды.
Биылғы жылы ЮНЕСКО, ТҮРКСКОЙ халықаралық ұйымдарының қолдауымен Нұр-Сұлтан, Париж, Түркістан қалаларында Әл-Фараби бабамызға арналған халықаралық алқалы жиындар өтпекші.
Ғылыми экспедициялар, сараптамалар, орталықтар ұйымдастырылып, мұражайлар толығып, инновациялық жобалар іске аспақшы. Еңбектерін аудару, деректі фильм, сериал түсіру, сонымен қатар, жерлес жазушы-драматург Шахмет Құсайыновтың «Әл-Фараби» тарихи драмасын қою да жоспарланған.
Бүгінгідей бейбіт күнде бір шаңырақтың астында достығы жарасқан сан түрлі халықтың басты арманы – ұрпағының жарқын болашағы екені хақ. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз Қазақстан Республикасында ел ертеңі үшін көптеген игілікті істер қолға алынуда. Еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына әр қазақстандық азаматтар мен азаматшалар, өз үлесімізді қосуға міндеттіміз! Жолдауда айтылғандай, біз бәріміз бір атаның ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу. Ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің міндетіміз – бәсекелестікке лайық ұрпақ тәрбиелеу» деген ойын басшылыққа ала отырып, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен жаңа заман форматындағы құзыретті тұлғаны оқытып, тәрбиелеуді өз міндетіміз деп есептейміз. Бүгінгі күні мектеп қабырғасында білім алып жүрген ұрпақ ертеңгі елімізді «Мәңгілік Ел» етуге өз үлесін қосатын азаматтар болып қалыптасатынына сеніміміз мол.
Сөзімізді Әл-Фараби зерттеулерінің негізін қалаған белгілі фарабитанушы ғалым Ақжан Машанидің сөздерімен аяқтасақ: «Егерде бізге осы XX ғасырда, Әл-Фарабиге ең жақын, рухани сабақтас адам бар ма десе, алдымен ол Абай дер едік. Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру – біздің халқымыздың мыңжылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек, бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек».

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар